“Бос қайыққа ашуланбаймын”
“Бос қайыққа ашуланбаймын”

Баяғыда бір ашушаң молда болыпты. Баласының шуын, әйелінің назын, құрдасының қалжыңын көтере алмай шырт-шырт етіп тұрады екен. Ызақор мінезі қанша жерде ұятқа қалдырса да, қалшылы басылмай өмір сүріп жатыпты. Бір күні жұма намазындағы құтпасында ыңғайсыз сұрақтар көп қойылып, құлшылықтан соң көңілі болыңқырамай қабағын қайшылап үйіне келсе, әйелі ас әзірлеп үлгермепті, баласы терезе сындырып қойыпты, көршісі атын сұрамай мініп кетіпті. Ашудан жарыла жаздаған молда елдің бәрімен ұрсысып, үйінен шыға жөнеліпті де, ешкімді көргісі келмей, ешкіммен сөйлескісі келмей, жақын маңдағы көл жағасында қаңтарылып тұрған көп қайықтың біріне міне салып дарияның ортасына бір-ақ жетіпті. Тып-тыныш табиғат ортасында жалғыз қалған жаны жай тапқандай болып, тасбиығын тартып, құлшылықтан шын ләззат алғандай сезімге бөленіп, “Е, жан тыныштығы осы екен ғой” деп көзін жұмып мүлги қапты.
Сол кезде белгісіз біреу қатты екпінмен келіп бүйірінен сарт еткізіп соғып, қайығын да, молданың жан дүниесін де астаң-кестең етіп шайқап жіберіпті. “Су ортасында да тыныштық бермеген бұл қай кәззап?!!!” деген оймен ұшып түрегеліп, көзін аша сала қаһарын төгіп жібергісі келген молда сілейіп тұрып қапты. Қараса, мұны байлауы шешіліп кеткен бір бос қайық келіп соққан екен. Өмірінде бірінші рет көз алдында өшін алатын адам табылмай, лықсып келген бүкіл зәһар сөзі көмейінде кептеліп қалған молда буыныңқырап барып басылыпты, бірте-бірте бетінің қызылы да тарапты. Ашуы сыртқа шықпай өз бойымен бейбіт басылып болған кезде өзі де сылқ етіп отыра кетіпті де, өмірінде бірінші рет көзіне жас алыпты. “Нағыз құлшылық деген сабырмен өз бойыңдағы мініңді жығу екен ғой” деген ақиқатты ашқан молда кешкісін үйіне бала-шағасы мен дос-жаранын аң таң етіп, адам танығысыз мүмін кейіпте оралыпты. Кейін өзін ашық балағаттап, жөнсіз соқтыққандарға назар аудармай, өмірдегі түрлі қиындықтарға күйзелмей, жымиып қана жүре беретін дәрежеге жетіпті. “Мұндай халді қайдан таптыңыз? Жеке басыңызға тиісушілерге неге мән бермейсіз?” деп сұрағандарға әлгі молда: “Бос қайыққа ашуланбаймын” дейтін көрінеді.

 

Ғалым Боқаш жазбасынан

сабыр, ислам, дін, мүмин, религия, молда, ашуланбау
ShynarShynar
8 жыл бұрын 8134
4 пікір
  • Өте керемет. Мән-мағынасы зор әңгіме екен. Ғибрат пен өнегеге және үлгі мен тәлімге тұнып тұр. "Құрғақ қасық ауыз жыртар" демекші, басы мен соңы еш үлеспейтін, мән-мағына мен ғибрат-өнегеге жұтан, шұбырма әңгіме және жазбалардан осындай түйірдей хикая артық дер едім. Авторға рахмет. Осындай жазбаны бізбен бөліскен сізге де рахмет. Құран Кәрімдегі "Ашу туа қалғанда ашуын іштей тұншықтыратындар..." деген аятқа әдемі тәпсір екен.
    8 жыл бұрын
    • Оқасы жоқ, аға! Пікіріңізге рахмет! Аллаһ разы болсын!
      8 жыл бұрын
  • Тамаша екен!
    8 жыл бұрын
  • Расында да, керемет екен. Қысқа да нұсқа. Рахмет.
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248