Миғраж оқиғасы (екжей-текжейлі сипаттама)
Миғраж оқиғасы (екжей-текжейлі сипаттама)
ИСРА ЖӘНЕ МИҒРАЖ ТҮНІ
 
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исра және Миғраж оқиғасын миләди 621 жылы Режеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде басынан өткерді. Бұл Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрынғы оқиға. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды.
Миғраж түні пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл- Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда “исра” деп аталады). Одан Миғражға, яғни жеті қабат көкке көтеріліп, өзіне бұрын өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықтағы періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі-аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.
 
Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. Алла тағала жеті пайғамбарға миғражды сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса (ғ.с.) және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әр түрлі болған. Соның ішінде соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше.
Исра және миғраж оқиғасы пайғамбарлықтың оныншы жылына, яғни ислам тарихында “қайғыға толы жыл” деп аталған кезге сәйкес келеді. Себебі сол жылы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлкен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан екінші ұлы Абдулла да арғы дүниеге сапар шекті. Бауыр еті балаларының арғы дүниеге көшуі Алла елшісіне (с.ғ.с.) оңайға соқпады.
Қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз (р.а.) да осы кездерде дүние салды. Бұл мұсылмандардың кәпірлерден түрткі көріп, олардың зорлық- зобалаңы мен ауыр азабынан қиналған шақ болатын. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қайысты.
 
Дегенмен, миғраж хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз үшін Алла тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамын қайта жақты.
Осы түнде періште Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбарымызға (с.ғ.с.): “Ей, Мұхаммед, Алла тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырды”, – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды әл- Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құранда:
“Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла тағала) бір түні өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла тағала) естуші әрі көруші” («Исра» сүресі, 1-аят), – деді.
Араб тілінде “исра” сөзі түннің бір бөлігін серуендеумен өткізу деген ұғымды береді. Ал шариғат тілінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) түннің бір сәтінде әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне барғанын білдіреді.
Үш мешіт қасиетті саналады. Олар әл-Харам мешіті (Меккеде), Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешіті (Мединеде) және әл-Ақса мешіті (Иерусалимде). Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау харам (тыйым салынған). Әл-Харам деп аталуының да себебі осында. 
Аяттағы әл-Харам мешіті деп Мекке қаласы түсініледі. Әл- Ақса мешіті кезінде Мұса (ғ.с.) мен Иса (ғ.с.) және ол екеуінің арасында өткен пайғамбарлардың (ғ.с.) құбыласы болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да Меккедегі әл-Харам мешіті құбыла болғанға дейін Ысқақ пен Яқуб (ғ.с.) екеуі салған әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мединедегі әл-Қибләтәйн (қос құбылалы) мешітінде болғандарында көздері жетеді. “Ақса” «ұзақ, алыс, бір шеттегі» деген мағынаны білдіреді. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі ғибадатхана болғандықтан, “әл-Ақса” деп аттанып кеткен. Әл-Ақса мешітін Алла тағала берекелі мекен еткен. Ол туралы аятта: “төңірегі тұнған береке-байлық”, – делінді. Расында да, ол мекен мүбәрак етілгендігінен Алла тағала топырағын өте құнарлы, егіндерінің өнімін мол, ауа райын ғажап, суларын мөлдір әрі шипалы еткен. Сондай-ақ осы өлкеден көп пайғамбарлар шыққан.
Исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өңінде денесімен әрі рухымен жасалған сапар.
Ал миғраж – биікке көтерілу, жоғарылау дегенді білдіреді. Шариғатта – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспандағы «Сидратул-мунтәһәға», яғни Алла тағала құзырына көтерілгенін айтамыз. “Сидрат” арабшада ағаш, ал “мунтәһә” – соңғы деген мағына береді. Мұнын әлемнің соңғы шегі деп түсінеміз.
 
Адамзаттың өзінен тыс әлеммен қарым-қатынас жасауы әркімнің ақылына қона бермейді. Оған тек иман келтіргендер ғана сене алады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде де ой өрісі тар, дүниенің қалай пайда болғанын және де Жаратушы Иесінің құдіретіне күмәнмен қарап, сауатсыздықтан аса алмаған мүшріктер: “Керуен бір айда әрең барып келетін ұзақтықты Мұхаммед қалай бір түнде жүріп өтеді?” – деген күдіктен аса алмады. Бірақ Әбу Бәкір сияқты ислам дінін шын жүрекпен қабылдаған мұсылмандар: “Егер Мұхаммед осылай деген болса, онда ол рас. Мен оны бұдан да ұзақ жерге бардым десе де растаймын”, – деп жауап берді.
 
Миғраж оқиғасы туралы мағлұматтарды көптеген діни кітаптардан табуға болады. Олар: “Қысасул-әнбийа”, “Тәжул-қысас”, “Нәдирул-миғраж”, “Мәғәрижун-нубууәт”, “Усулул-миғраж” және т.б. Айтылған кітаптарға сүйене отырып, оқиғаның қандай болғандығын хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өз сөзімен баяндалық:
“Жәбірейіл (ғ.с.) маған бурақ (пырақ) деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жететін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мініп, Жәбірейіл (ғ.с.) екеуміз Бәйтул-Мақдиске келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен 124 мың пайғамбар күтіп алды. Барлығымен көрісіп, мешітке кіріп, бірге намаз оқыдық. Намаз оқып болған соң баршасы мені миғражға шығарып салды.
 
Бірінші қабат
Мен пыраққа мініп, жер бетінен көкке көтерілдім. Жәбірейіл (ғ.с.) қасымда болды. Аспанның бірінші қабатына жеттік. Жәбірейіл (ғ.с.) оның күзетші періштесіне: “Қақпаны аш!” – деп бұйырды.
– Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.
– Бұл – Алланың хабибі, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.), – деп жауап берді.
– Мұхаммедтің пайғамбарлық дәуірі басталды ма? – деп таң қалып сұрады періште.
– Иә! – деп жауап қайырды Жәбірейіл (ғ.с.).
– Қош келдің, Мұхаммед!, – деп сүйіне қақпаны ашып, пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды ол.
Бірінші болып алдымыздан Адам (ғ.с.) шықты. Мен оған сәлем бердім. Ол маған: “Ей қадірлі перзентім, қош келдің”, – деп ақ батасын берді. Адамның (ғ.с.) оң мен сол жағында есік бар екен. Оң жағына қарап күледі де, сол жағына қарап көзіне жас алады екен. Оң жағындағы жәннат есігі. Ол жәннатқа кіретін ұрпақтарының  хал-жағдайын көріп, сүйісінеді екен. Сол жағындағы тозақ есігі. Ол тозақтағы ұрпақтарының тартатын азабына қайғырады екен.
Осыдан кейін Нұх (ғ.с.) пайғамбармен жолығып, оның да батасын алдым. Нұх пен Адамның (ғ.с.) бірге болуы жайдан-жай емес. Адам ата жер жүзінде жаратылған бірінші адам болса, Нұх (ғ.с.) дүние жүзін су басып, барша жан иелері қайтыс болғаннан кейінгі тірі қалған халықтың атасы саналып келеді.
Алла күн мен айды және шексіз жұлдыздарды жақыннан көруді маған нәсіп етті. Сансыз періштелер Алланы дәріптеп, мадақ айтып жүргенін көрдім.
Періштелердің бір тобы сапқа тізіліп, тік тұрып, Алланы ұлықтап жатыр екен. Мен Жәбірейілден: “Бұлар не істеп тұр?” – деп сұрадым. Ол маған: “Бұлар Жаратушы Иесіне ғибадат етіп тұр. Аспан жаратылғаннан қиямет күніне дейін осылай тұрып, құлшылық етеді. Бұлардың ғибадаты осылайша өтеді”, – деп жауап берді. Мен де үмбетіме осы ғибадатты сұрадым. Алла тағала сөзімді жерде қалдырмай, үмбетіме намаз ішінде қиямда тұруды парыз етті.
Содан соң, дүниеден өтіп, түрлі азаптарға салынған күнәһарлар тобын көрдім. Жәбірейілден: “Бұлар кімдер?” – деп сұрадым. Ол: “Бұлар кісі өлтірген, әке-шешесін қорлаған, араққа салынған, өсек, өтірік, жала сөздер айтқан, Алланың әміріне құлақ қоймаған адамдар және басқалар”, – деп егжей-тегжейін баяндап берді.
Бірінші аспанды еркін араладым. Аспан көркем әрі су сияқты көкпеңбек екен. Бірінші аспан мен екінші аспан арасындағы қашықтық бес жүз жылдық жол. Қалыңдығы да сонша екен.
 
Екінші қабат
Ол жерден аттанып аспанның екінші қабатына жеттік. Оның есігінің қасында да жоғарыдағыдай сұрақ-жауап болды. Рұқсат алып, ішке кірдік.
Хазіреті Яхья мен Иса (ғ.с.) пайғамбарлар осында екен. Олармен кездесіп, баталарын алдым. 
Бұл екі пайғамбардың тағдыры бір-біріне ұқсас секілді. Сондықтан болар, Алла тағала бұларды бір мекенге орналастырған.
Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбар қартайған шақта ұлы Яхья дүниеге келген. Адамның табиғи жаратылысы бойынша, ердің жасы ұлғайып яки әйелінің жасы өтіп немесе бедеу болса, олар бала көрмеуі тиіс. Бірақ құдіреті күшті Алла жоқтан бар етеді. Яхья да Алланың қалауымен дүниеге келді. Бұл туралы Құранда: “(Зәкәрия): Ей, Раббым! Маған кәрілік жеткен, әйелім бедеу болса, қалайша менен перзент болмақ? – деді. Алла: “Осы- лайша, Алла қалағанын істейді” («Әл- Имран» сүресі, 40-аят), – деді.
Яхья үлкейіп, ер жетті. Пайғамбар болды. Зәкәрия (ғ.с.) Құдайға әдемі құлшылық жасайтын еді. Өкінішке орай, жас Яхья (ғ.с.) кәпірлер қолынан қаза тапты.
Иса (ғ.с.) Алланың құдіретімен әрі қалауымен әкесіз дүниеге келді. Негізінде, бала табу үшін үйлену, ерлі-зайыпты болу қажет. Содан соң Алланың қалауымен перзентті болады. Исаның анасы Мәриямның қасына періште келіп: “Қорықпа! Алла мені саған сүйінші хабар жеткізуім үшін жіберді. Жақында сен перзент сүйесің. Оның есімі Мәриям ұлы Иса болмақ”, – деді. Иса қауымын хақ жолға шақыра бастады. Кәпірлер оған қарсы шығып, жан түршігерлік қиындықтар көрсетті. Алла тағала өз елшісі Исаны (ғ.с.) кәпірлерден құтқарып, аспанға көтеріп әкетті.
Қиямет күніне дейін төрт пайғамбар тірі жүреді деп айтады. Екеуі аспанда, екеуі жерде. Аспандағылар: Ыдырыс пен Иса (ғ.с.) пайғамбарлар. Жердегілер: Қыдыр мен Ілияс (ғ.с.) пайғамбарлар.
Осы аспанды аралап жүргенде, Мүнкир-Нәкир атты екі періштені көрдім. Бұл періштелер жерленген мәйіттің қабіріне кіріп, олардан сұрақ-жауап алады екен. Қастарына барып, сәлем бердім. Олар мені жақсы қарсы алды. Мен оларға: “Қабірде жатқан мәйіттен қалай сұрақ-жауап аласыңдар?” – деп сұрадым. Олар: “Адамдар мәйітті қабірге қойып кеткеннен соң, алдына кіріп:
“Раббың кім, пайғамбарың кім, дінің не?” – деп сұрақ береміз. Шын мұсылман сұрағымызға: “Раббым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), дінім – Ислам”, – деп қиналмай жауап береді. Оның жауабына қанығып, қайтып кетеміз. Пасық, екі жүзді мұнафық және кәпірлер сұрағымызға дұрыс жауап бере алмайды. Сондықтан оларды азапқа саламыз”, – деп түсіндірді.
 
Үшінші қабат
Аспанның үшінші қабатына келдік. Ондағы сақшы періште де: “Қош келдің, Мұхаммед! – деп бізді қуана қарсы алды.
Мұнда жетпіс мың періштенің “Сүбхаанә зиль-мүлки уәль- мәләкуут, сүбхаанәль-мәликиль-хаййиль-ләзии ләә ямуут” (яғни, Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – барлық мүліктің әрі құдіреттің иесі. Сондай-ақ Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – шынайы патша. Ол тірі, ешуақытта өлмейді), деп тәсбих айтып жатқанын көрдім.
Бұл жерден өтіп, сапарымды жалғастырдым. Сол кезде бастарын сәждеге қойып, Аллаға тәсбих айтып жатқан періштелерді көрдім. Оларға сәлем бердім. Олар бастарын сәждеден көтеріп, сәлеміме «әлейк» айтты да, қайтып сәждеге жығылды. Мен Жәбірейілден: “Үшінші аспандағылардың ғибадаты осы екен ғой?”, – деп сұрадым. Ол маған: “Иә, Алладан бұл ғибадатты сіз де сұрасаңыз болады”, – деді. Солай істедім. Алла тағала дұғамды қабыл етіп, намаздың әр рәкатында екі рет сәжде жасауды маған парыз етті. Намаздың әр ракатында екі сәжде жасаудың тарихи қайнары осыған саяды.
Үшінші қабатта Жүсіп, Дәуіт және Сүлеймен пайғамбарлармен (ғ.с.) кездесіп, сөйлестік. Олар (ғ.с.) да тілегін айтып, құттықтады. Мен Жүсіптің (ғ.с.) көркіне және оның ерекше көркем мінез-құлықты екеніне куә болдым.
Жүсіп (ғ.с.) – Жақып (ғ.с.) пайғамбардың баласы. Алла тағала Жүсіптің пайғамбар болатынын бала кезінде-ақ оған білдірген. Ол ұйқысынан оянып, көрген түсін әкесіне айту үшін келіп: Әке, мен он бір жұлдыздың, күннің және айдың маған сәжде жасап тұрғанын көрдім” («Жүсіп» сүресі, 4-аят), – деді.
Дәуіт (ғ.с.) әрі пайғамбар, әрі патша еді. Ол Исрайыл қауымының басын қосып, оны қуатты мемлекетке айналдырды. Алла тағаланың бұйрығымен ол Исрайыл жерінде “Бәйтул- Мақдис” ғибадатханасын салды. Ислам діні келгеннен кейін ол Ақса мешітіне айналды. Мұхаммед (с.ғ.с.) миғражға сол жерден көтерілді.
Дәуіт (ғ.с.) тірі жанға қиянаты жоқ, әділ патша болатын. Өзінің қателігін байқаған сәтте, дереу Аллаға жалбарынып, кешірім тілей отырып, әрбір ісін Алланың атымен бастайтын. Ол мансап қуып, билік көксемесе де, Алла оған пайғамбарлықпен қоса патшалықты сыйлады.
Дәуіттің (ғ.с.) жалғыз ұлы Сүлейменнің (ғ.с.) бойына Алла ерекше қасиеттер дарытты. Ол өте зерек, парасатты, табиғаттың сыры мен жануарлардың тілін жақсы білетін. Бұл туралы Алла тағала: “Сүлеймен (пайғамбарлықта да, ілімде де, патшалықта да) әкесі Дәуітке мұрагер болды” («Нәміл» сүресі, 16-аят), – деп хабар береді.
 
Төртінші қабат
Төртінші қабатқа беттедік. Қақпаның сақшысынан кіруге рұқсат алып, мұндағы сапарымызды бастадық. Бұл жерде тізе бүгіп, тәсбих айтып, Аллаға құлшылық жасап отырған бір топ періштелерді көрдім. Мен Жәбірейілден: “Бұлар Аллаға ғибадат етіп отыр ма?”, – деп сұрадым. Ол маған: “Иә, осы аспан жаратылғаннан бері мұндағы періштелер осылайша құлшылық етеді, бұл ғибадатты сіз де Алладан сұраңыз”, – деді. Шын ниет етіп, Жаратушы Иемнен осы ғибадатты сұрадым. Ниетім Аллаға жетіп, намаздың соңындағы “қағдайи ахир” (соңғы отырыс) амалы парыз етілді.
Төртінші аспанда Ыдырыс (ғ.с.) пайғамбармен кездестім. Ол да ашық жүзбен қарсы алып, батасын берді.
“Ыдырыс” деген арабша сөздің түбірінде дәріс, сабақ, оқу деген мағыналар бар. Бұл пайғамбар білімге жақын болғандықтан, көп сабақ оқып, сабақ бергендіктен, Алла оны “Ыдырыс” деп атады. Ол астрология білімін игерген, жазу-сызуды, күмісті пайдалануды, соғыс құралдарын жасауды, киім тігуді жақсы білген.
Қауымын иманға шақырып, Алланың разылығын тапты. Көп құлшылық жасады. Алла тағалаға дұға етіп: “Ей, Алла! Сенің айтқаныңдай ғибадат етіп келемін. Сенен екі нәрсені сұраймын. Біріншіден, Әзірейіл періште жанымды бір сәтке алса, өлімнің азабын татсам. Екіншіден, көкке көтеріліп, Сен жаратқан тозақты және жәннатты көрсем. Сонда өзіңе ғана құлшылық етуге деген құштарлығым көбейсе”, – деді. Әзірейіл оның жанын алды. Ыдырыс (ғ.с.) өлімнің ащы дәмін татты. Пайғамбардың екінші тілегі де орындалды. Ыдырыс (ғ.с.)
көкке көтеріліп, тозақты көрді. Кейін жәннатқа кірді. Біраздан соң Әзірейіл одан жәннаттан шығуды сұрады. Ыдырыс (ғ.с.) шығуға көнбей: “Шықсам, Алланың үкіміне қарсы шыққан боламын. Өйткені, Алла тағала: “Әркім өлімді татады” («Әли Ғимран» сүресі, 185-аят), – деген. Мен оны көрдім. Алла тағала:  “Сендерден (тозақ басына) бармай қалатын ешкім болмайды. Мұның өзі Раббыңның өзгермес үкімі” («Мәриям» сүресі, 71-аят), – деді. Мен тозақтың қасына келдім, оны көрдім. Алла тағала: “Олар онда (жәннатта) мәңгі қалып, одан ауысуды қаламайды” («Кәһф» сүресі, 108-аят), – дейді. Мен жәннатқа кірдім. Бұл жерден басқа жерге ауысуды қаламаймын”, – деп жұмақта қалып қойған екен.
Миғраж түнінде Мұхаммед (с.ғ.с.) Ыдырысқа (ғ.с.): “Сен Алланың сыйлы әрі сүйікті пайғамбарысың. Өйткені, менен бұрын жәннатқа кіріп, оның нығметтерін көруді саған нәсіп етті. Сен жайлы Алла тағала: “Біз оны жоғары мәртебеге көтердік” («Мәриям» сүресі, 57-аят), - деп хабар берді”, – деді. Сонда Ыдырыс (ғ.с.): “Олай емес. Мен жәннаттың сыртындағы бақшаға ғана кірдім. Жәннаттың есігін ғана көрдім. Ол есікте: “Мұхаммед және оның үмбетінен бұрын ешкім жәннатқа кіре алмайды”, – деген жазуды оқыдым”, – деді.
Аспанның төртінші қабатында тақта отырған суық жүзді үлкен бір періштені көрдім. Жәбірейіл (ғ.с.) оны маған: “Ол дүние ләззатын бұзып, жамағаттан айыратын, үйлерді тоздырып, зираттарға өмір бағыштайтын, сәбилерді жетім, қыз-келіншектерді жесір қалдыратын барлық мақұлықтардың жанын алушы Әзірейіл”, – деп таныстырды.
Оның жүзінде күлкі белгісін байқамайсың. Мен барып сәлем бердім. Бірақ сәлемім жауапсыз қалды. Алла тағала оған: “Хақтың хабибі, халықтың ардақтысының сәлемін қабыл ал!” – деп бұйырды. Періште дереу төмен түсіп, пайғамбарымызды (с.ғ.с.) құшақтап: “Расында, Раббымыз сізді қадірлі, үмбетіңізді құрметті етіп жаратты”, – деп жылы қарсы алды. Жәбірейіл (ғ.с.) маған: “Иә, Расулулла! Өлім періштесі сізден басқа ешкімге орнынан тұрып, мұншалық қошемет көрсетпеген болатын”, – деді.
Мен оған: “Ей, бауырым Әзірейіл! Сен адамдардың жанын қалай аласың?”, – деп сұрадым. Ол: “Несібесі таусылып, ажалы жеткен адамдарға жан алушы көмекші періштелерді жіберіп отырамын. Әрбір иманды ізгі адамның алдына алты жүз рахмет періштесі, әрбір имансыз жаман адамның алдына сонша азап періштесін жіберемін. Олар өлім төсегінде жатқан пенденің жанын терден, жүйкеден, еттен, қаннан ажыратып алады. Жанның шығуы тырнақ ұшынан басталып, тізеге жетеді. Аздап дем беріледі. Кейін жанталасу қайта басталып, жан кіндікке келеді, сосын жан алқымға жетіп, ғарғара сәті басталады.
Періштелер жақсы адамдардың жанын қылды майдан ажыратып алғандай, жеңіл алып, оны «иллийин» деген орынға алып барып қояды. “Иллийин” – жәннаттың бір бау-бақшасы. Онда ізгі пенделердің жандары сақталады.
Періштелер жаман адамның жанын ағашты тамырымен суырып немесе қойдың үстіне жабысқан тікенекті жұлып алғандай, денесінен қинап алады да, «сижжин» деген жерге алып кетеді. “Сижжин” – тозақтың бетіне жабылған бір тас. Ол тастың көптеген тесіктері бар. Кәпір, мұнапық, залым және бұзық жандар сол тесіктен тозаққа лақтырылады.
Төртінші аспанда орналасқан “Бәйтул-мәъмур” атты аспан періштелерінің қасиетті үйіне жеттік. Жер жүзінде мұсылмандардың ең қасиетті үйі Мекке қаласындағы Кағба саналса, ал аспан әлемінде – осы үй екен. Күнде бұл үйде жетпіс мың періште тәуеп етеді, бір рет тәуап еткен періштенің қиямет күніне дейін екінші тәуапқа кезегі жетпейді екен. Жәбірейіл (ғ.с.) мені қолымнан ұстап, Бәйтул-мәъмурға алып кірді де, маған: “Уа, Алланың хабибі! Жер бетінде сіз барлық пайғамбарларға имам болып намаз оқып бердіңіз. Енді мұнда жеті аспан періштелерінің баршасына имам болып, екі ракат намаз оқып берсеңіз”, – деп өтініш білдірді. Мен Жәбірейіл бауырымның өтінішін қабыл алып, имам болып намаз оқып бердім. Мұндай көп жамағатты көрмеген едім. Сонда менен “менің үмбетімнің де осыған ұқсас жамағаты болса еді” деген ой кетпей қойды. Осы сәт Алла көңілімдегіні біліп: “Ей, хабибім Мұхаммед, бұл сияқты жамағатты сенің үмбетіңде де бар қыламын. Ол – жұма намазына қатысқан жамағат. Бәйтул-мәъмурда оқылған намаздардың сауабын оларға да жазамын”, – деді.
 
Бесінші қабат
Одан да жоғары көтеріліп, аспанның бесінші қабатына жеттік. Мұнда да рұқсат сұрап, ішке кірдік. Бұл жерде де Аллаға тәсбих айтып, құлшылық жасап жүрген періштелер көп екен.
Мұнда Һарун (ғ.с.) пайғамбарға жолықтым. Һарун (ғ.с.) көп жақсы баталар беріп, аса құрмет көрсетті. Һарун (ғ.с.) Мұсаның (ғ.с.) бауыры болып келеді. Мұсаның (ғ.с.) пайғамбарлық қызметі өте ұлы да маңызды еді. Ол Раббысынан жәрдем сұрады. Алла тағала оның дұғасын қабыл етіп, оған көмек беру үшін Һарунның баратынын айтып: “Сен де, сенің бауырың (Һарун) да мұғжизаларымды алып барыңдар. Мені еске алуда селқостық жасамаңдар. Екеуің Перғауынға барып, онымен сыпайы сөйлесіп көріңдер. Ол тым асқақтап кетті. Мүмкін ол насихат тыңдар, әйтпесе, қорқар” («Таһа» сүресі, 42-44-аяттар), – деді. Сол тапсырманы орындаған Һарун осы еді.
Сабырлылық жағынан ғибратты өмірі дастанға айналған Аййуб (ғ.с.) пайғамбар да хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға тағзым етті. Онымен пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осында ұшырасты. Аййуб (ғ.с.): “Уа, Расулулла, Алла сіздің сабырлылық сипатыңыздан маған аз ғана берген”, – деп өзіне қарағанда, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) аса төзімділігін мойындады.
Алла Аййубты ауыр сынақпен сынап еді. Ол байлығынан, жора-жолдастарынан, әйел, бала-шағаларынан айырылып, соңында ауыр кеселге шалдықты. Еті арылып, сүйегі қалды, құрт бүкіл денесін жеп бітірді. Әйтсе де, Аййуб (ғ.с.) Аллаға тәкбір айтып, шүкір етті. Иманнан ауытқымады.
Бесінші аспанда бір қауымды көрдім. Беттері қап-қара, нұрсыз, қайғылы, қорқынышқа толы. Азап періштелері оларды шыбықпен ұрып қуып жүр, заққұм атты от пен ірің аралас тағамды ауыздарына құйып тұр. Мен Жәбірейіл бауырымнан: “Бұлар кімдер?” – деп сұрадым. Ол маған: “Дүниеде Алланың берген ризық-несібесін басқалармен бөліспеген, малынан зекет шығармаған пенделер. Ондай адамдарды аспандағы періштелер Алланың күнәһар сараң дұшпаны деп әлемге жар салады. Ал малынан зекет бергендерге Алла разы болып, аспандағы періштелер оларды Алланың иманды, жомарт досы деп атайды. Бұл туралы Алла тағала: “Қазыналарыңды Құдай жолынан аямаңдар, өз қолдарыңды өздерің байлап (сараңдық жасап), бастарыңды қатерге тікпеңдер. Жақсылық жасаңдар. Ізгі жандарды Тәңірі шын дос тұтады” («Бақара» сүресі, 195-аят), – дейді.
 
Алтыншы қабат
Одан шығып, аспанның алтыншы қабатына жеттік. Қақпа алдындағы сақшы періште де мені көріп, қуана күтіп алды. Мұнда да Аллаға тәсбих айтып, құлшылық жасап, жалбарынып жатқан көптеген періштелерді және түрлі ғажайыптарды көрдік.
Алтыншы қабатта Мұса (ғ.с.) пайғамбарға жолықтым. Ол да игі тілек тілеп, бата берді. Құранның көптеген аяттары мен сүрелерінде Мұса және оның қауымы туралы түрлі мысалдар келген. Олар біз үшін үлгі-өнеге болу қажет.
Перғауын Мұсаға (ғ.с.) қарсы қолынан келген зұлымдықтарды жасады. Мұғжиза көрсе де жүрегі жұмсармады. Керісінше, залым патша Перғауын иманға келген кісілерді өліммен қорқытып, көздерін жоюға асықты. Мұса пайғамбар мен Исрайыл ұрпақтарының арасында біраз келіспеушіліктер болып өткен. Олар берілген нығметтерге шүкір етудің орнына қанағатсыздық танытып, шыдамсыздыққа бой алдырды. Алайда Мұса (ғ.с.) өз қауымын жақсы білетін. Миғраж кешінде Мұса (ғ.с.) діни үгіт-насихат пен рухани тәрбие жолындағы өзінің жинаған мол тәжрибесімен бөлісті.
Мұсаға (ғ.с.) берілген миғраж оқиғасы ерекше өткен. Ілгеріде Алла тағала Мұсаға (ғ.с.) “Кітап иесі” боласың” деген еді. Перғауын теңізге батып кетті. Оның азабынан құтылған мүминдер тыныс-тіршіліктерін амандықта жалғастыра бастады. Сонда Мұса (ғ.с.) Алладан сол кітапты түсірші деп сұрады. Ол қырық күн Тур тауына барып, Аллаға құлшылық етіп, қасиетті Тәурат кітабын қабылдап алатын болды. Осы уақытты Мұсаның (ғ.с.) миғражымен байланыстырады.
Алла тағала тарапынан Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіне бұйырылған елу уақыт намаздың бес уақытқа қысқартылып, оларға жеңілдік жасалуына Мұса (ғ.с.) себепші болды.
Үтір намазы да мұсылман үмбетіне осы жерде үәжіп болған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейілдің (ғ.с.) мақамына жеткен кезде, періште оған: “Иә, Расулулла, қазір менің мақамымда тұрсыз. Сондықтан бір ракат намаз оқыңыз, сөйтіп Алла бұл жерді бұдан да мүбәрак еткей”, – деді. Мұхаммед (с.ғ.с.) бір ракат намаз оқыды, көңіліне “бір ракат та намаз болушы ма еді” деген ой келді де, артынан тағы бір ракат қосып, екі ракатқа толықтырды. Алла тағаладан: “Уа, Мұхаммед! Сенің ғибадатың бізге ұнады, соның үшін тағы бір ракат қос. Оны біздің әміріміз деп білгейсің”, – деп бұйырды. Үшінші ракатты оқып, рукұғқа еңкейгенде Құнут деген періште: “Иә, Алланың хабибі! Құнут дұғасы арқылы маған ұлық дәреже берілді, сіз де осы дұғаны оқып, сыйлық ретінде қабыл етіңіз”, – деп ұсыныс тастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны да қабыл алды. Намазды оқып болған соң, Жәбірейіл (ғ.с.) маған: “Осы намазды берік ұстаңыз, мұнда талай жасырын сыр жатыр”, – деді.
 
Жетінші қабат
Аспанның ең соңғы қабатына да келдік. Мұнда да таусылмас керемет мұғжизалар бар екен. Онда бара жатып, кенет мұрнымызға хош иіс келді. Оның адамға жаққаны соншалық, жұта бергің келеді. Жәбірейілден: “Бұл не?” – деп сұрадым. Ол: “Сегіз жәннаттың иісі”, – деп жауап берді. Алла тағала: “Кімде-кім Маған және пайғамбарыма иман келтіріп, ешкімді серік қоспаса, ізгі ғамал жасаса, сол пендеге жәннатыма кіру нәсіп болады”, – деп хабар берді.
Жетінші аспанда Ибраһимды (ғ.с.) көріп, қасына барып, оған сәлем бердім. Сәлеміме әлейк алып: “Қадірлі перзентім, қош келдің”, – деп қуанышпен қарсы алды.
Алла тағала Ибраһимге (ғ.с.) туралық пен даналықты сыйлады. Балалық шағы қолдан жасалған мүсіндерге табынып, тура жолдан адасқан надан қауымның арасында өтті. Соған қарамай, ол Алланы жалғыз әрі бүкіл әлемнің Жаратушысы деп таныды және пұттардың ешқандай да пайда бере алмайтынына көзін жеткізе білді. Сондай–ақ басына түсетін азап пен қиыншылықтарды біле отырып, халыққа пайда да, зиян да келтіре алмайтын пұттарға табынуды доғару қажеттігін баса айтты, оларды Аллаға ғана сиынып, құлшылық жасау керектігін насихаттады.
Осыдан соң Сидратул – мунтәһәға жеттік, ол Алланың құдіретіне белгі болардай, жемісті үлкен ағаш екен.
“Сидратул – мунтәһә” сөзі “шекараның соңы”, “соңғы бекет” деген ұғымды береді. Ибн Аббас (р.а.): “Пайғамбарлар, періштелер және ғалымдардың білім – ғылым өрісі де осында келіп бітеді”, – деген. Кейбіреулер: “Алланың ең ардақты пенделері шейіттердің рухтары осында келіп тоқтайды, одан ары өте алмайды”, – дейді. Жәбірейіл періштенің мақамы да осында екен. Осы күнге дейін бұл жерден ары қарай пайғамбарлар және періштелерден ешкім өтпеген.
Жәбірейіл періште Мұхаммедке (с.ғ.с.): “Екеуіміздің де шекарамызбар. Менің шекарам осы арада бітеді. Бұдан ассам, біткенім. Ал сен Алланың қонағысың, Алла тағала сені өзіне шақырған. Сен адамзатқа рақым ретінде жіберілген пайғамбарсың. Мұнан ары өзің барғайсың”, – деп қоштасты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ол жерден әрі қарай қаншалықты дәреже көтерілгені, қалай көтерілгені сыр боп қалған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сапарының жалғасы жайында: “Ғарышқа өттім. Алла тағала маған: “Ей, Мұхаммед, менімен сөйлес!” – деді. Мен: “Ей, тәңірім Алла! Тілім, жан-тәнім және мал-дәулетіммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшін”, – дедім. Сонда Алла тағала: “Ей, Алланың елшісі, саған сәлем мен Алланың рақымы әрі берекеті болсын!” – деді. Мен: “Сәлем бізге және Алланың ізгі пенделеріне болсын”, – дедім.
Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейін ұлы ғарышта– аспанның жоғарғы қабатында періштелер бір ауыздан танымал сөзді оқыды: “Алладан басқа құдай жоқ, хазіреті Мұхаммед Алланың пендесі және елшісі екендігіне куәлік береміз”, – деді. Біз әр намазда арабша оқып жүрген “әт-тәһиййат” дұғасы осы. Ол – Алла тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражда сөйлесуінен келіп шыққан дұға.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраж түнінде “үмбетім, үмбетім” деп көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілектер жасады, оларды кешіруді сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Ей, Тәңірім, маған миғраж мұғжизасын нығмет еттің. Үмбетіме де осындай бір нығмет сұраймын”, – деді. Хақ тағала: “Намаз-мүминдердің миғражы”, – деп Мұхаммедті (с.ғ.с.) осы хабармен қуантты.
Миғраж түнінде пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) үш сый жасалды:
1. “Бақара” сүресінің соңғы екі (“Әәмәнәр-расул”) аяты уахи етілді. 
2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үмбетіне шапағат ету құқығы берілді. 
3. Бес уақыт намаз парыз етілді.
Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алла тағаланың құдіретіне белгі болатындай көп мұғжизаларды көру нәсіп етті. Ең ұлысы Алла тағаланың кемел дидарын көру болды. Бұл ешбір пайғамбарға нәсіп етпеген ең ұлы керемет еді. Сол үшін пайғамбарымызға берілген есепсіз мұғжизалардың ең үлкендерінің бірі миғраж мұғжизасы. Өйткені, ол ең төменгі әлемдегі тозақты, ең жоғарғы әлемдегі пейішті өз көзімен көріп, тамашалады. Иә, шетсіз-шексіз әлемді аралап шығу, көптеген оқиғаларды басынан өткізу түннің бір бөлігінде ғана болып өтті.
 
* * *
Оқиға соңына жетіп, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйіне қайтып келеді де, қуанышы қойнына сыймай миғражда көрген-білгендерін адамдарға ертерек жеткізуге асығады. Оқиғаны бастан-аяғына дейін тыңдап, мүшріктердің оған сене қоймайтындықтарына көз жеткізген Әбу Тәліптің қызы Үммі һани Мұхаммедтің (с.ғ.с.) етегіне жабысып, оған: “Құрайыштар саған жала жаппаса екен деп қорқамын”, – деп жылайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Мейлі, айтқан сөздерімді жалған деп, мені өтірікшіге шығара қойсын. Оларды құлақтандыру менің міндетім”, – деп үйінен шығып кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйден шығып тура Кағба алдына барады да, құрайыш қауымы өткізіп жатқан жиналысқа қатысады. Сол жиынға Әбу Жәһил да келіп, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасына отырады. “Көңіліне Алла иман нұры мен тәуфиқ салса, түк емес” деген жақсы ниетпен оған миғраж оқиғасын айта бастайды. Жүрегі тастай қатып, иманнан мақрұм қалған Әбу Жәһил әңгімені мұқият тыңдайды да, орнынан атып тұрып, адамдарды шақырып, оларға: “Құрметті халайық, жақын отырып, мынау “пайғамбардың” әңгімесіне құлақ түріп көріңдерші”, – деп кекете бастайды. Расулулланың (с.ғ.с.) айтқан әңгімесін ақылдарына сыйғыза алмаған кәпірлер: “Міне, енді өтірігі шықты”, – деп айыздары қана масайраған. Иманы әлсіз жандар ислам дінінен қайтып, күпірлік жолына бас ұрады. Құрайыш кәпірлері бұл оқиғаны дәлел ретінде пайдаланып: “Қалайша түннің бір сәтінде алыс жерге барып келеді, бұл өтірік емес пе?” – деп мүминдерге соқтыға бастайды.
Басқа біреулер жүгіріп, Әбу Бәкірдің (р.а.) қасына келіп: “Ей, Әбу Бәкір, досың Мұхаммедтің айтып жатқанын естідің бе? Ол тағы бір жаңа өтірікті шығарыпты. Екі ай дегенде әрең жетіп баратын Бәйтул-Мақдиске түнде бір-ақ сәтте барып келдім, деп лапылдап жүр. Сен не дейсің, әлде бұған да сенесің бе?” – деп оны шатастырмақшы болды. Әбу Бәкір оларға: “Осыны Мұхаммед айтқан болса, ол рас айтқан. Әрине, мен оған сенемін. Өйткені, жеті қабат аспан үстінен оған бір-ақ сәтте келген уахи хабарларына сеніп, оны мойындап жүрген мен, бұл айтқанына неге сенбейін?!”, – деп жауап қайырды.
Сол күннен бастап Әбу Бәкір “сыддық”, яғни шыншыл деп атала бастады. Сонымен адамдардың арасында түрлі-түрлі әңгімелер көбейді. Олардың ішінде Құддыста болған адамдар да бар еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұрын Құддыста болып көрмеп еді. Бәйтул-Мақдисты көргендер пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) оның қандай екендігін сұрап, сынамақ болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көргенін әдемілеп сипаттап берді. Құддысты көргендер: “Иә сондай, иә сондай”, – деуден ары аса алмады. Мүшріктердің бірқатары: “Біздің керуенімізді қай жерде көрдің?”, – деп сұрады. Оларға да керуендерінің қай жерде келе жатқаны, онда неше адам барлығы, жағдайлары қалай екені, сол түні қай жерде қонғаны, кім басшы екені және оның қара боз түйеге мініп келе жатқаны, тіпті сол түйеге не артылғаны туралы анық сипаттама береді. Кейін адамдар керуенді күтіп алып, қараса пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқанындай болып шығады.
 
Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (ғ.с.) келіп пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибраһим (ғ.с.) намаз оқығандай, күніне екі рет – таң мен кешкі уақыттарында екі ракаттан төрт ракат намаз оқып жүретін.
Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлық мұғжизасы исра және миғраж оқиғасын барлық мұсылмандар үлкен нығмет әрі құрмет деп қабылдаулары тиіс.
Құрметті бауырлар! Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен Алла тағала иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты баршамызға нәсіп болсын. Мейірбан Алла тағала режеп пен шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, рамазан айына аман-есен жеткізсін!
 
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бұрынғы Бас мүфти

 

 

намаз, ислам, Миғраж, пайғамбар, Исра, мұғжиза
ShynarShynar
8 жыл бұрын 47043
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248