Пайғамбар (с.ғ.с.) алдындағы міндеттеріміз...
Пайғамбар (с.ғ.с.) алдындағы міндеттеріміз...

Алла Тағала былай дейді: «Кім елшіге бой ұсынса, ол Аллаға да бой ұсынды. Ал кім теріс бұрылса, біз сені оларға қорғаушы ретінде жібермедік» («Ниса» сүресі, 80-аят).

Әрбір мұсылман баласына Алланың елшісін (с.ғ.с.) қатты жақсы көру, оның сүннетін тірілту, сүннетіне амал ету, оған әрдайым салауат айтып жүру, ақыретте онымен бірге болуға құлшыну, оның әдебі мен мінез-құлқына еліктеу міндетті іс. Алла Тағала былай деген: «(Уа, Мұхаммед!) Егер Алланы жақсы көретін болсаңдар маған еріңдер, сонда Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Расында Алла өте кешірімді әрі аса рахымды деп айт» («Әли-Имран» сүресі, 31-аят).

Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деп өсиет еткен: «Бойында үш қасиет болған жан иманның тәттілігін сезінеді: Алла мен Оның елшісін басқа нәрселерден артық жақсы көру, бір адамды жақсы көрсе, тек Алла разылығы үшін ғана жақсы көру, күпірлікке қайтудан, Алла одан құтқарғаннан кейін, отқа тасталатындай қорқып қаламау» (Бұхари мен Мүслім);

«Сендердің біреулерің қашан мені өзінің бала-шағасынан, әкесінен және барлық адамдардан жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді» (Бұхари мен Мүслім);

Бірде Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Уа, Расулалла! Шынында мен сізді өзімнен басқа нәрсенің бәрінен де қатты жақсы көремін!» – дейді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жаным қолында болғанның атымен ант етейін, сен мені өзіңнен де қатты жақсы көруің керек», – дейді. Омар: «Олай болса мен сізді өзімнен де қатты жақсы көремін», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Міне, енді (дұрыс болды), уа, Омар!» – дейді. (Бұхари).

Шынайы махаббаттың сырын Пайғамбар (с.ғ.с.) былай түсіндіреді: «Махаббаттың шынайылығы үш нәрседе көрінеді:

– сүйіктісінің сөзін басқаның сөзінен жоғары қою;

– сүйіктісімен бірге болуды басқалармен бірге болудан артық көру;

– сүйіктісінің разылығын басқалардың разылығынан жоғары қою».

Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббаттың белгілері:

1. Сөйлеуде, істе Пайғамбарға (с.ғ.с.) ұқсауға тырысып, оның өмірбаяны мен өсиеттерін, хадистерін жаттап, әмірлеріне бой ұсынып, тыйымдарынан тыйылу.

2. Онымен (с.ғ.с.) кездесуге құлшыну, өйткені әрбір сүюші өзінің сүйген нәрсесіне құштар болады.

3. Аты аталған кезде Пайғамбарды (с.ғ.с.) ардақтап, құрмет тұту, оған салауат айту.

4. Алла мен Оның елшісі жақсы көрген нәрселерді жақсы көріп, жаман көрген нәрсені жаман көру.

5. Ислам діні мен мұсылмандарды жақсы көру.

6. Тақуалықпен ғұмыр кешіп, ақыретке дайындалу.

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Кім Пайғамбарға (с.ғ.с.) бір салауат айтса, Алла Тағала оған он рет салауат айтады. Ал Пайғамбарға (с.ғ.с.) бір рет тіл тигізгенді Алла Тағала он рет сөгеді. Оған дәлел ретінде Пайғамбарды (с.ғ.с.) бір рет сөккені үшін Уәлид ибн Муғира туралы айтқан Алла Тағаланың аяттарына қара. Онда он сөгіс бар. «Әрбір көп ант ішкіш ынжықтарға бой ұсынба. Өте айыптағыш, өсек тасығышқа. Жақсылыққа тыйым салушы, шектен шығушы күнәһарға. Қыңыр, сондай-ақ, зинадан туған тексізге. Тіпті, малы мен баласы (көп) болса да. Оған аяттарымызды оқығанда, ол «Бұрынғылардың ертегілері» деді» («Қалам» сүресі, 10-15-аяттар).

Алланың елшісіне (с.ғ.с.) әрдайым салауаттар айтып жүруіміз керек. “Ахзаб” сүресінің 56-аятында: «Шындығында, Алла мен Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер, сендер де оған салауат, сәлем айтыңдар!» – деп бұйырылған. Демек, Алланың разылығы – Оның Пайғамбарының разылығында. Салауат айтудың қысқаша түрі: «саллаллаһу алейһи уә сәлләм». Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтудың мағынасы Алла Тағаладан оның мәртебесін арттыра түсуін, ақыретте үмбетіне шапағатшы болуын тілеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің ақыреттегі шапағатына оған көп салауат айтқан жанның лайықты болатындығы туралы айтып кеткен.

Пайғамбарға және оның сахабалары мен әулетіне салауат-сәлем жолдау дұғаның қабыл болуының бір шарты. Ардақты сахаба Әли ибн Әбутәліп (р.а.): «Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне салауат айтылмайынша дұға қабыл болмайды», – деген.

Ал басқа сахаба Фудала ибн Убайдулла (р.а.) былай дейді: «Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір кісінің намазында Алла Тағаланы ұлықтамай, Пайғамбарға да (с.а.с.) салауат айтпай дұға қылғанын естіп: «Мынау асығыстық жасады», – деді де, оны шақырып алып, оған және басқаларға: «Егер сендерден біреуің намаз оқыса, Аллаға мадақ-мақтаумен бастасын, сосын Пайғамбарға салауат айтсын, содан кейін барып қалаған тілегін тілесін», – деді».

Салауат үлгілері

Кағб ибн Аджрадан (р.а.): «Біз Алланың елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Расулалла! Бұдан бұрын Алла Тағала бізге сіздерге қалай сәлем беруімізді үйреткен. Ал енді сіздерге қалай салауат айтамыз?» – деп сұрадық. Сонда ол (с.ғ.с.): «Аллаһумма салли ала Мухаммадин уа алә әли Мухаммад кәмә саллайта алә Ибраһим уа алә әли Ибраһим иннәкә хамидун мәжид. Аллаһумма бәрик ала Мухаммадин уа алә әли Мұхаммад кәмә бәрәкта алә Ибраһим уа алә әли Ибраһим иннәкә хамидун мәжид»

(«Уа, Алла! Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне Ибраһим мен Ибраһимнің әулетіне салауат жолдағаныңдай салауат жолда! Уа, Алла! Мұхаммед пен Мұхаммед әулетіне Ибраһим мен Ибраһимнің әулетіне береке дарытқаныңдай береке дарыт!») – деп айтыңдар», – деді» (Бұхари).

Пайғамбардың (с.ғ.с.) бауырлары Әбу Һурайрадан (р.а.): «Бірде Алланың елшісі (с.ғ.с.) қорымға барды да: «Ассаламу алейкум, иман келтірген қауымның әлемі! Алла қаласа, біз де сендерге ілесерміз!» – деді. Сосын: «Бауырларымды көргім келді», – деді. Біз (сахабалары): «Уа, Расулалла! Біз Сіздің бауырларыңыз емеспіз бе?», – деп сұрадық. Ол (с.ғ.с.): «Жоқ, сендер менің сахабаларымсыңдар, ал бауырларымыз әлі келген жоқ. Мен хәуізге (жәннаттағы Кәусар бұлағына) олардан бұрын барамын», – деді. Сахабалары: «Уа, Расулалла! Сонда үмбетіңіздің кейін келгендерін қалай танисыз?» – деп сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Егер қара түсті көп жылқының ішінде біреудің маңдайлары қасқа, аяқтары ала жылқысы болса, сол жылқыларын танымай ма?» – деді. Сахабалары: «Әрине, таниды, Расулалла!» – десті. Ол (с.а.с.): «Олар Қиямет күні дәрет алудың әсерінен маңдайлары мен аяқтары ақ болады. Мен хәуізге (Кәусар бұлағына) олардан бұрын барамын. Сонда бір адамдар адасқан түйенің қашқаны сияқты хәуізімнен әрі қуылып, қашады. Мен оларды: «Бері қарай! Бері қарай! Бері қарай!» – деп шақырамын. Сол кезде «Олар сенен кейін туралықты адасумен ауыстырды» деген дауыс естіледі. Мен сонда: «Олай болса, құрысын! Олай болса, құрысын! Олай болса, құрысын!» – деймін», – деді» (Ахмет риуаяты).

 

Сәбит Ибадуллаев, исламтанушы

Ислам және Өркениет газетінен

салауат, ислам, дін, сүннет, пайғамбар, религия, міндет, Пайғамбарды жақсы көру
ShynarShynar
8 жыл бұрын 7161
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248