Кеш келген өкініш... (темір тордың арғы жағынан келген хат)
Кеш келген өкініш... (темір тордың арғы жағынан келген хат)

Әлхамдулиллә, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «Біз тегіміз түрік, дініміз Ислам және Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттер екенімізді ұмытпауымыз керек», – деп айтқан болатын. Осы сөзі қазақ жастарына рухани дем беріп, елімізде намаз оқитын жастардың саны көбейіп, солардың арасында мен де болдым.

Мен ұлтым қазақ болғандықтан және ата-анам мұсылман етіп тәрбиелегендіктен өзімді мұсыл-ман деп білдім. Бірақ маған ата-анам мұсылманшылықтың құн-дылықтарын үйретпегендіктен, Ислам діні жайлы білімім болмады. Өйткені ата-анам кеңес дәуірінің адамдары болғандықтан, ол кісілердің де Ислам діні жайлы білімі шамалы еді.

Мен өсе келе «бұл дүниеге не үшін келдік және қайда барамыз?» деген сұрақ мазалап жүрді. Сол уақытта менімен бірге оқыған досым Асхат қаладан ауылға келді. Ол намаз оқып жүретін еді. Онымен сөйлескенде мұсылман адам намаз оқу керек екендігін және бұл дүниеден кейін о дүние бар екендігін, ол дүниеде жәннат пен тозақ бар екенін және бұл дүниеге Аллаға құлшылық ету үшін келгенімізді түсіндірді. Мен ертесіне намаз оқып, досыммен бірге қалаға жұмыс істеуге келдім. Досым өзінің намаз оқитын достарымен таныстырды. Олардың арасында араб мемлекетінде оқып келген Санат есімді азамат арабшадан қазақшаға аударып уағыз айтатын. Менің де солай уағыз айтқым келетін.

Мен сол кезде мәзһаб ұстанбайтынмын. «Сүннетпен жүрем» деушілерден едім және имамдарды дұрыс қабылда-майтынмын. Себебі оларда білім жоқ деп ойладым. Сосын бір жыл өткен соң үш бала болып (мен, Қайрат, Абдулуәһаб) Мысыр елінің сауат ашу орталығына оқуға бардық. Ол жақта оқып жүріп үшеуміз үш жаққа кеттік. Мен оқып жүріп өзбек тілінде сөйлейтін Абдулбасит атты тәжік жігітпен таныстым. Ол жігіт Исламдағы жиһадты айтып маған көп уағыздайтын және Ауғанстан-дағы мұсылмандарға көмектесу керектігін айтатын. Содан біраз уақыттан кейін қазақстандық төрт жігіт, Абдулбасит және мен – алтаумыз Пәкістан Ислам республикасындағы Вазиристан провинциясына мұсылмандарға көмектесу үшін жиһад жасауға бардық. Өйткені бұл жолды нағыз тура жол деп білдім, бейне бір жәннатқа кіріп бара жатқандай сезіндім.

Ол жерде бізді Өзбекстаннан қашып кеткен Ибрагим, Абдулхамит атты өзбек кісілер күтіп алды. Сол ортаның басшысы бізге келіп, дұрыс жолда екенімізді, әрбір мұсылман малымен және жанымен жиһад жасау керектігін айтып, Құран-хадистен «…Істің басы – Ислам, тірегі – намаз, шыңы – жиһад», «Шын мәнінде, ертелі-кеш Алла жолында жүру – мына дүние мен ондағы барлық нығметтерден де қайырлы» деген үзінділер келтірді.

Біз бара салып жиһадқа қарулы дайындықты бастап кеттік. Ол жерде дайындық жеті бөлімнен тұратын: кіші қаруды қолдану, қалалық жағдайда соғысу, жарылғыш зат дайындау, жарылғыш затты қалай қолдану, электроника, жасырын жүру, үлкен қаруды қолдану.

Бірінші бөлімнен өткен соң, мен бір жағдаймен жеңіл көлікпен бір үйге бардым. Ол жерде осында он бес жылдан бері жүрген Ұлықбек деген Өзбекстан азаматымен жолықтық. Ол кісі өзінің еліне қайта бара алмайтынын айтып өкініш білдіріп, бір кісінің бір жылдан соң қайта ораламыз деген сөзіне сеніп осында келгенін айтты. Бұл кісінің сөзі маған қатты әсер етіп, «мен мұнда не үшін жүрмін?» деген сұрақ пайда болды. Өйткені ол жерде себепсіз және мақсатсыз қан төгу әрекеттерін байқадым.

Олар мені керек кезде көмектесесің деп жіберді және қайтамын деген жігіттерді келген жағына қайтара беретін, менің басты мақсатым ол жерден қалай болмасын қайту еді. Содан жеті этаптан өтіп өз еліме келдім. Үй ішім мені Мысыр елінде оқып келді деп білді. Одан басқа ештеңе айтпадым. Мен әлі өз ойымнан толық қайтпаған едім. Жеті ай өткен соң, мені ҰҚК қызметкерлері ұстап қамауға алды. Кейін білсем, менімен бірге дайындықтан өткен жігіттер Қырғызстан мемлекетінде лаңкестік әрекет жасап, ұсталып, арасындағы кейбір жігіттер мен жайлы айтқан. Мен де өз кінәмді мойындадым. Сөйтіп сот үкімімен бас бостандығымнан айырып, жазамды өтеу үшін түзеу мекемесіне келдім.

Түзеу мекемесінде имам-теологтар бізге уағыз айтып, жиһад және ақида (сенім) мәселесінде менің істеген нәрсемнің дұрыс емес екендігін түсіндірді. Мен имам-теологтарды тыңдап, өзімнің ілімім жоқ екендігін білдім және хадис-аяттарды, «Тәубе» сүресінің 5-аятындағы: «…. мүшіріктерді тапқан жерлеріңде өлтіріңдер, тұтқындаңдар, қоршауға алыңдар және әрбір жолда оларды торуылдаңдар» деген секілді аяттарды қате түсінгендігіме және оған дұрыс емес амал жасаған-дығыма көзім жетті. Өйткені хадис-аяттардың тәпсірі мен түсіндірмесі болатынын білдім. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп айтты. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім жәннатқа кіруді жеңілдетеді», – деген еді. Атам қазақ:

Жарар ед өзімізге қарасақ біз,

Ғылымның керегіне жарақ біз,

Ғылымды ғибадатқа

ат қып мініп,

Көбірек тәпсір,

хадис қарасақ біз, – деп хадистерді мағынасымен оқуға, ғылым үйренуге шақырған. Сол үшін де жоғарыда Алла Тағала және пайғамбармыз (с.ғ.с.) аят-хадистерде айтқандай, біз діни білім алуымыз керек екен. Менің қазақстандық мұсылман бауырларыма айта-тыным, имам-телогтардан білім алыңыздар, өз беттеріңізше және ғаламтордан білім алып, адасып, кейін өкініп жүрмеңіздер. Және салт-дәстүрмен үйлесіп келген Әбу Ханифа мәзһабына сәйкес бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымағымыздан айырылмайық. Алла Тағала Құран Кәрімде ауызбіршілікке шақырып, «Әл-Имран» сүресінің 103-аятында: «Түп-түгел Алланың дініне жабысыңдар және бөлінбеңдер», – деген. Әбу Мусадан жеткен риуаятта пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында мүміндер біртұтас құрылыс сияқты, бірін-бірі бекітіп тұрады», – деп саусақтарын айқастырған. Атам қазақ айтқандай: «Ынтымақты ел озады, ынтымақсыз ел тозады».

Ей, Алла, елімізге тыныштық, ынтымақ, ырыс-береке және жастарымыздың жүрегіне иман бере гөр, Әмин.

 

С. Шүкірбеков,

ИЧ-167/3 мекемесінде жазасын

өтеп жатқан сотталған,

Шымкент қаласы

Ислам және Өркениет газетінен

намаз, ислам, иман, дін, жихад, ілім, өкініш, религия, адасушылық, тура жол, ілімсіздік
ShynarShynar
9 жыл бұрын 4927
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248