Орамал жайлы қызықты тәмсіл...
Орамал жайлы қызықты тәмсіл...

Көкөністер мен жемістер сатылатын дүкенде кешқұрым «Көкөністер мен Жемістер Кеңесі» атты шұғыл жиналысқа дабыл қағылып шақыру жасалды. Жиналыс болатын орынға бет алған Өріктің көзі шарасынан шығардай еді, өз көзіне өзі сене алмады. «Әлде қате көріп тұрмын ба?» деумен болды өз-өзіне.

Назданып Алма кетіп бара жатты. Бірақ түрі әдеттегіден өзгеше түсініксіздеу еді. «Әлде оның қабығы жоқ па?» деп ойлағаны рас болып шықты. Алма сыртындағы жамылғысы болған қабығын алып тастапты. Оның жанында Бананға ұқсайтын тағы біреу Өріктің назарын аударды. «Бірақ ол Банан сияқты емес. Әлде... Әрине, бұл Баялды (баклажан)! Ол да қабығын алып тастапты.»

Жиналыс орнына келген түрлі-түрлі жеміс-көкөністердің бірі қыбықсыз, бірінің жартылай ғана қабығы бар, бірінің қабығы бүтін, басқалары таңқаларлық ғажайып бейнеде еді.

Үлкен залда «Көкөністер мен Жемістер Кеңесінің» барлық қатысушылары жиналды. Басшы Асқабақ отырысты ашық деп жариялады:

- Қымбатты достар! Кеңесіміздің шұғыл жиналу себебі –  құрметті Алманың және Баялды бастаған оған қолдау көрсетуші басқа жеміс-көкөністердің ұсыныс-тілектері мен өтініштері. Сондағы құрметті Алманың ұсынысы мынадай: «Қабықтарымыз еркін және ыңғайлы әрекет етуімізге кедергі болуда. Ғасырлардан бері бұл жамылғылар ішінде шынайы сұлулығымызды көрсетуге кедергі болған бұл сананы ескірген және заманға сай емес деп есептеймін. Және қабықтарымызды шешіп тастауды ұсынамын. Әлдеқайда еркін және заманға сай өмір сүре алуымыз үшін бүгінгі кеңесте осы өтінішімізді қанағаттандыруларыңызды сұраймын.»

Зал іші бірден шулап кетті. Алманы «тәрбиесіз» деп жамандағандар да, «оныңкі жөн» деп қолдағандар да болды. Біреулері заманға сай болу үшін солай жасау керек десе, енді бірі «Еркіндік! Тезірек! Заманға сай болу жасасын!» деген ұрандарын жаңғыртып, қабықтарын шешіп, жалаңаштануға құлшынысын білдірді.

Сол сәтте Басшы Асқабақтың даусы естілді:

- Тынышталыңдар! Тынышталыңдар! Тыныштық сақтаңдар, өтінемін! Қабықтарымызды алып тастау біздер, көкөністер мен жемістер, үшін зиян болмақ. Бірақ сіздердің араларыңызда әр түрлі көзқарастар болғандықтан ұсынысты көпшілік дауысына салып көрейік.

Қайтадан шуылдаған дауыстардан кейін Алманың ұсынысы дауысқа салынды. Алма бұлай болатынын алдын ала болжағаны үшін кеңестің бірнеше мүшесін өзіне қолдау көрсетуге көндіріп қойған болатын. Дауыс беру нәтижесінде көпшілік қабықтарын шешуді, сұлулықтарын ешкімнен жасырмауды таңдады. Тіпті бірнеше кеңес мүшесі болған көкөніс пен жеміс сол жерде-ақ қабықтарынан арылды. Оғаш көрінген түрлеріне қарамастан, «Еркіндік жасасын! Заманға сай болу жасасын!» деген ұрандарымен жалаңаш күйде жеңістеріне мас болып, залдан шығып кетті.

Ертесі күні дүкен иесі "шешініп", қабықсыз қалып кеткені үшін шіріп кеткен көкөністер мен жемістерді қоқысқа тастай салды... 

Мехмет Али Гөнул

 Түрік тілінен аударған Шынар Ә.Т.

шариғат шәлісі, орамал, парыз, ислам, дін, күнә, хиджап, тәмсіл
ShynarShynar
8 жыл бұрын 8317
5 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248