Қате жанашырлық танытып жүрген жоқсыз ба?!
Қате жанашырлық танытып жүрген жоқсыз ба?!

Рамазан айы аяқталған соң әлі де оразамның қарыздары бар болған соң ауыз бекітіп жүрген кезім еді. Түстен кейін сағат үштер шамасында бір апайым иісі бұрқыраған, ып-ыстық бауырсақты бір қалта толтырып алып келді. Менің ораза екенімді біледі. Бірақ сол бауырсақтан ыстық кезінде жей алмайтын болды ғой деп қатты уайымдап тұр. Онысын өзі айтып жатыр. Тіпті бір уақытта «Мүмкін, аузыңды аша саларсың?!» деп қалды. Басында аса мән берместен, берген кәдесінен алып, алғысымды айтып, кешке жеймін деп кетіп қалдым.

Кейін осыны ойлап қарасам, бізде адамдарда көбінесе дүниелік нәрселерді ойлап қате жанашырлық танытатын жағдайлар басым екен. Ойласаңыздар, сол бауырсақты жесем не табамын, жемесем не жоғалтамын?! Таразының бір басында Аллаһ Тағаланың алдында міндет болған оразам тұр. Ал екінші басында жай бір өткінші ләззаты тілдің ұшында ғана болатын дүниелік нәрсе бар. Екіншісі біріншісіне татитын нәрсе ме? Әрине, жоқ! Арғы жағында бар болғаны 5 сағаттай ғана қалған оразаны бұзу сол бір бауырсақты жеуге тұратын нәрсе ме? Енді апайымның маған жаны ашығаны осы ма? Өзі жаным ашып, менің жағдайыма қам жедім деп ойласа да, керісінше маған қарсы болып, бұл әрекетімен шайтанға көмектескендей-ақ болып тұр.

Осыны ойлағанда өткен ғасырдағы бір ұлы ғұламаның мына сөздері есіме түсе кеткені:

«Аса мейiрiмдi ана жан баласының дүниенiң қауiп-қатерлерiнен аман-сау қалып, табысты және пайдақор адам болуы үшiн жанын аямай бар ынтасымен тәрбиелеп өсiредi. “Ұлым бастық болсын” деп бар жиған-терген дүниесiн бередi. Оны Қарилар медресесiнен шығарып алып Еуропаға жiбередi. Бiрақ баласының ақыреттiк мәңгi өмiрiне төнген қауiптi ойламайды, сондай-ақ, дүниедегi түрмеден құтқаруға тырысады, жәhаннам түрмесiне түсетiнiне мән берiп жатпайды. Аналық мейiрбандығына қайшы әрекет етедi, яғни әлгi бейкүнә баласын ақыретте шапағат етiп көмектесетiн ұл емес, қайта өзiнiң үстiнен шағым айтқызады. Баласы ақыретте: “Нелiктен менiң иманымды қуаттандырмадың? Осылай азғындап жардан құлауыма себепшi болдың?” - деп шағым айтады. Дүниеде де Ислами тәрбиенi толық көрмегендiктен анасының ғажап мейiрiмiне лайықты қарызын өтей алмайды. Қайта көп қателiктер жасайды.

Егерде бейшара баласын мәңгi қапас болатын жәhаннамнан және мәңгi өлiм болып табылатын адасушылықтың құрдымға апарар терiс ықпалынан құтқаруға шынайы мейiрiмiмен әрекет етсе, баласының өмiр бойы жасаған iзгi де сауапты iстерiнiң бiр бөлiгi анасының амал дәптерiне жазылады. Әрi анасы қайтыс болғаннан кейiн әрдайым сауапты амалдарымен рухына нұрлар жiберiп отырады. Сол сияқты ақыретте де шағымшыл емес, қайта бүкiл жан-тәнiн аямай шапағатшы болып көмектеседi, мәңгi өмiрде оған сүйiктi перзент болады.»

Дәл солай емес пе?! Жанымыз ашыды дегенде адамның ақыретін ойлап жанымыз ашысын!

Алғаш намаз бастаған кезімде үйде болғанда таң намазына тұру үшін қойған қоңырауларымның барлығын естісе де, тіпті өзі ояу жүрсе де анам мені оятпайды. Өзім әрең дегенде тұрып соңғы уақыттарында үлгеріп оқып, анама неге тұрғызбайды деп ренішімді айтып жүретінмін. Көбіне осылай сияқты. Ерте тұрып ұйқысын бұзбасын деп бізге жаны ашыған болады. Бірақ адам намазын қаза қылса, ұйқысыз қалғанынан да жағдайы қиынырақ болмайды ма?! Соны ойлай алса ғой біздің жанашыр мейірбан аналарымыз!

Осы секілді ақыреттік болсын, дүниелік болсын көп істе жанашырлық танытамыз деп керісінше жасап жатамыз.

Тағы бір мысал ретінде ата-аналардың балаларына қарым-қатынасын алуға болады. Балалары бір нәрсе алып беруін сұрағанда оның пайдасы мен зиянын таразылап жатпастан баласы қалап тұр ғой деп жаны ашып алып бере береді. Әр түрлі зияны шаш етектен тағамдарды кіп-кішкентай балалардың күнделікті тұтынып жүргенін көреміз. Ал олар өз кезегінде баланың жап-жас организмін улауда. Тіпті ондай тағамдар балаларды ғана емес үлкендерге де едәуір зиян тигізе алатындай қауіпті. Ал ата-ана болған соң баланың Аллаһтан берілген аманат екенін түсініп, әрдайым естен шығармай, соған сәйкес қырағылық таныту керек. Жаны ашитындай болса ең алдымен баланың өміріне зиян тигізбеуін және дені сау болып өсуін ойлауы керек!

Сонымен қатар, мәселен, адамға денсаулығына байланысты белгілі бір тағам түрлерінен бас тартуы қажет кездер болады. Бұл әлгі адамның жағдайы үшін қарастырылған нәрсе екені анық. Бірақ осындай диета ұстап жүргендерді көргенде адамдар жаны аши қарап, оған дәл сол шектеу қойылған тағам түрлерін ұсынып, «Кішкене ғана жеп алсаңшы, бұдан ешнәрсе болмас. Сонда мұны жемей қалай жүресің?! Бұлай болмайды ғой» дегендей сөздерді айтады. Сонда бұл қандай жаны ашығандық болды? Керісінше, ол адамды жардан итеріп жатқан жоқ па?! Оған шектеу қойылған тағамдарды жеуі денсаулығына зиян, мүмкін тіпті өміріне қауіпті болғандықтан белгіленгені түсінікті емес пе?!

Құрметті жанашырлар, ата-ана, ата-әже, аға-әпке, барлық адамзат баласы! Мейірім төгіп, жанашырлық танытқыңыз келсе, алдымен жасап жатқан әрекетіңіз немесе айтқан сөзіңіз шынымен жанашырлыққа жатады ма міндетті түрде бір ой елегінен өткізіп көріңіз! Өйткені, бір қате іс-әрекетіңізбен қарсыңыздағы адамның бүкіл өмірінің, сонымен қатар мәңгі өмірі болатын ақыретінің құрдымға кетуіне себеп болуыңыз мүмкін. Ұлы Жаратушымыз бізді барлық жаратылыстан үстем етіп, саналы адам қылып жаратты. Ал бізге қалғаны сол «адам» деген атқа лайықты әрекет ету болмақ!

 

Шынар Ә.Т.

ShynarShynar
9 лет назад 5474
16 комментариев
  • Ассалаумағалайкум Шынар ханым! Сіз әлі жассыз-ау деймін. Сөздеріңіз рас, бірақ таяқтың екінші ұшы тағы бар. Аналарымызды, әкелерімізге исламды көркем түрде жеткізсек олар да бізбен болады.
    9 лет назад
    • Иә, жас екенім рас. Менің айтып отырғаным, ақиқатты білгеннен кейінгі біздің іс-әрекетіміз дұрыс болу керектіг. Ал кеңес үкіметі заманында өмір сүрген ата-аналарымызды кіналай алмаймыз. Қайта оларға өзіміздің көркем мінезімізбен, әрекетімізбен Исламның шынайы әсемдігін жеткізе білу біздің мойнымызда.
      9 лет назад
  • Олар барлығын білмеген соң жасайды, білсе өздері-ақ атсалысатын еді.
    9 лет назад
    • ИншаАллаһ, олар да уақыт өте үйренер деп үміттенеміз...
      9 лет назад
  • С.а. Шынар Ханыммен толык келисемин. Даналык (Мудрость) жаска карамайды ау осы, 40 ка кеп калсак та али бала сияктымыз кейде, ал Шынар ханым оте дана такырып котерип отыр, деп ойлаймын.
    9 лет назад
    • Рахмет! Аллаһ разы болсын! Күнделікті өмірде көп көріп жүргендіктен жазуға ұйғардым.
      9 лет назад
    • Александр мырза, дурыс айтасыз Даналык жаска карамайды, бирак тажирибе деген тагы бар. Жас кезимизде ата-анамыздын кадирин биле бермеймиз. Осе келе озин ата-ана болганда оларды тусинеди екенсин. Мен сол магынада айттым. Жас кезимизде ата-анамыздга ауыр соз айтып койганымызды билмей калатынбыз, ал казир оз басым анамнын конилине карауга тырысам. Анамыздын бизди каншалыкты киналып дуниеге акелгенин, багып-каккан енбегин ескермеу мумкин емес. Оларга Исламнан хабарыныз жок деп соккенше, озимиз Исламга ертерек келуине комектесуимиз, дуга етуимиз керек.
      Казакша шрифт жок екен, айып етпениздер.
      9 лет назад
  • очень актуальная тема в моем случае. когда становишься мамой, грань между воспитанием и любовью очень тонкая. с одной стороны хочется чтобы у ребенка было все и он ни в чем не нуждался, с другой стороны хочется чтобы ребенок был самостоятельным и не капризным. и как быть?!
    9 лет назад
    • Иә, мұндағы ата-ананың әрекеті бала тәрбиесіне өте маңызды. Менің бір таныс теология мен психологияны қатар алып жүрген білікті отбасы психологы апайым бар еді. ИншаАллаһ, сол кісінің семинарынан түйген ойымды, түсінген мазмұнын жазып шығаруғы тырысамын жақын арада.
      9 лет назад
  • Рақмет Шынар. Өте жақсы көтерілген тақырып. Мен өзім жиырма жыл болды намаз оқып жүргеніме. Балаларымның да осы жолда тәрбие алғандарын қалаймын, қолымыздан келгенше тырысып жатырмыз әке-шешесі екеуміз. Бірақ жоғарыда Әйгерімнің айтқаны дұрыс. Ананың баласына деген махаббатты мен мейірімі ауыр басып тұрады. Өзің айтқандай мәңгі өмірдің бақытын ойлауымыз керек. Алла өзі жәрдемшіміз болсын.
    9 лет назад
О блоге
0
197372 301 569 1564 248
Прямой эфир