Сүйінші!!! Ертең мұсылманша жыл басы Мұхаррам айы, 1437 жыл басталады!
Сүйінші!!! Ертең мұсылманша жыл басы Мұхаррам айы, 1437 жыл басталады!

Ертең, яғни, қазан айының 14-і күні Хижра жыл санауы бойынша жаңа жылдың алғашқы күнін білдіретін мұсылманша Мұхаррам айының алғашқы күні басталады. Мұсылманша жыл қайыру Пайғамбарлар падишасы Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабаларының Мекке шаһарынан Мәдина қаласына қоныс аударған сәтінен бастау алады. Бұл қазіргі қолданыстағы григориан күнтізбесі бойынша 622-ші жылға сәйкес келеді.

 

Мұсылманша күнтізбедегі алғашқы ай болып саналатын Мұхаррам айында әр мұсылман Жаратқан иеге барынша жақындап, разылығын алу үшін көп құлшылық етуі тиіс. Имам Ғазали «Ихья» деп аталатын еңбегінде Мұхаррам айын ғибадатпен өткізген адамның жыл бойы берекеге кенелетінін жазып кеткен.

 

Мұхаррам – Қасиетті Құранда айтылған қасиетті төрт айдың бірі: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар».

 

Сенімді хадистерге сүйенсек, бұл төрт айға Зүл-қағда, Зүл-хиджа, Мұхаррам және Ражаб айлары жатады. Қасиетті Құранның барлық тәпсіршілері бұл мәселе жөнінде бірауыздан келіскен. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңғы рет жасаған қажылығы кезінде оқыған құтпасында былай деген: «Бір жыл он екі айдан тұрады. Олардың төртеуі қасиетті болып табылады. Олардың үшеуі — зүл-қағда, зүл-хиджа және мұхаррам — бірінен кейін бірі келеді, ал, (төртіншісі) ражаб мудара джумада (сәнийа) мен шағбан айларының арасында».

 

Осы төрт айдың ерекше атап өтілгені басқа айлар қасиетті емес дегенді білдірмейді. Себебі, жылдың ең қасиетті айы Рамазан айы емес пе? Бірақ, бұл төрт айдың қасиетті (тыйым салынған) ай деп ерекше аталған себебі – олардың қасиеттілігін тіпті Меккенің пұтқа табынушылары да мойындаған.

 

Шындығында он екі айдың әрбірінің дәрежесі әу бастан бірдей, олардың арасынан біреуін бөліп алып, айрықша қасиет берілмеген. Құдіретті Алла Тағала ерекше берекесін беру үшін ерекше уақытты таңдаса, сол уақыт Оның рақымымен, қасиетке ие болады.

 

Негізі, бұл төрт айдың қасиеттілігі Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) заманынан бастап мойындалған. Меккенің пұтқа табынушылары өздерін Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) үмбетіміз деп санағандықтан, осы төрт айдың қасиеттілігін қадағалаған және де тайпалардың жиі соғысып тұратынына қарамастан, бұл айларда соғысуға тыйым салынған деп есептеген.

 

Асыл Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шариғатында бұл айлардың қасиеттілігі мойындалған, сондай-ақ, Қасиетті Құранда ол айлардың қасиетті екендігі айтылған.

Мұхаррам айының өзіне тән басқа да біршама ерекшеліктері бар:

 

1. Мұхаррам айындағы ораза.

 

Мүслимнен жеткен сахих хадисте былай айтылған: «Рамазаннан кейін ең құнды ораза Мұхаррам айында тұтылған ораза болып табылады». 

Табараниден жеткен өзге хадисте: «Мұхаррам айында бір күн ораза ұстаған жан 30 күн ораза тұтқандай сауап алады» деп айтылған. 

Ал, тағы бір хадисте мұхаррам айының бейсенбі, жұма жән сенбі күндері ораза ұстаған адамның дәрежесі көтеріліп, мол сауапқа кенелетіні сөз болған.

 

Мұхаррам айында ораза ұстау міндетті болмаса да, сол күндері өз еркімен және өз қалауымен ораза ұстаған жан Құдіретті Алла Тағала тарапынан үлкен сауапқа ие болады. Жоғарыда келтірілген хадис Мұхаррам айындағы оразаның, яғни өз таңдауымен (бұл ораза міндетті болмаса да) ораза ұстаған адамның оразасының сауабы нәпіл ораза үшін берілетін сауаптан да көп екенін көрсетеді. Жоғарыдағы хадис Мұхаррам айының оразасы үшін уәде етілген сауап бір ай бойы ораза ұстасаң ғана беріледі дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл айда ұсталатын оразаның әрбір күні құндылыққа ие. Сондықтан, біз бұл мүмкіндікті қолымыздан келгенше пайдаланғанымыз абзал.

 

2. Ашура күні.

 

Мұхаррам айы түгелдей қасиетті болып саналса да, оның ішіндегі ең қасиетті күн - 10-шы күні. Ол күн Ашура деп аталады. Сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін мәдиналық яһудилердің Мұхаррам айының 10-шы жұлдызында ораза ұстайтынын байқаған. Олар Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) мен оның ізіне ерушілердің сол күні Қызыл Теңізді ғажайып түрде кесіп өтіп, перғауынның теңіздің суына батып өлгендігін тілге тиек еткен. Мұны яһудилердің аузынан естіген Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Біз Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сендерден де жақынырақпыз», - деп, мұсылмандарға Ашура күні ораза ұстауды әмір еткен. (Әбу Дауд)

 

Сондай-ақ, бірнеше сахих хадисте Ашура күні ораза ұстаудың бастапқыда мұсылмандарға уәжіп болғандығы жеткізілген. Кейінірек Рамазан айының оразасы парыз етіліп, Ашура күні ораза ұстау ерікті болған. Аиша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижрет еткенде, Ашура күні ораза ұстап, өзгелерге де сол күні ораза ұстауды әмір еткен. Бірақ, Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін оразаның парызы Рамазанмен шектеліп, Ашура күнгі оразаның уәжіптігі күшін жойған. Бұл күні қалаған адам ораза ұстап, қаламаған адам ұстамаса да болады». (Сунан Әбу Дауд)

 

Алайда, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айының оразасы парыз етілгеннен кейін де Ашура күні ораза ұстауын тоқтатпаған. Абдулла ибн Мұса (Алла оған разы болсын) риуаят еткендей, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күнгі оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық көрген және Рамазан айындағы оразаның қадірін Ашура күнгі оразадан артық санаған. (Бұхари мен Муслим)

 

Сонымен, бірқатар сахих хадистерді негізге алар болсақ, Ашура күнгі ораза — Әзіреті Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті және де бұл оразаны ұстаған адам үлкен сауапқа кенеледі.

 

Тағы бір хадиске сүйенсек, Ашура күніне қосып бір күн алдын немесе бір күн кейін ораза ұстау мүстахап болып табылады. Бұл дегеніміз – екі күн ораза ұстаған абзал: Мұхаррам айының 9-ы мен 10-ында немесе Мұхаррам айының 10-ы мен 11-інде. Қадірлі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, қосымша тағы бір күн ораза ұстаудың себебі – яһудилер тек Ашура күні ғана ораза ұстаған, ал, Әзіреті Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандардың ораза ұстау тәсілін яһудилердің тәсілінен ерекшелеп алғысы келген. Сол себепті, ол мұсылмандарға Ашура күніне тағы бір күн қосып ораза тұтуды кеңес еткен.

 

Кейбір хадистер Ашура күнінің тағы бір ерекшелігін көрсетеді. Сол хадистерге сәйкес, бұл күні отбасымызға басқа күндерге қарағанда мол тамақ беріп, өзгеше жомарттық танытқан жөн.

 

Биыл Ашура күні 23-ші қазанға, яғни жұма күніне сәйкес келіп тұр. Бұл дегеніміз – қазанның 22-сі мен 23-інде немесе 23-і мен 24-інде ораза ұстаған абзал. Бірақ, Ашура күні ғана ораза ұстайтындар да сауапқа ие болады, ал, бұл күні ораза тұтпаған адам күнәға батпайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сәйкес, ораза ұстау ең абзалы екеніне күмән жоқ.

 

Алла тағала қасиетті қылған бұл айдағы мүмкіндікті жіберіп алмай, күнәлі істерден тыйылып, тәубеге келіп, Жаратқанға жақындаудың қамын  ойлайық, мұсылмандар!

 

Шынар Ә.Т. (muslim.kz, azan.kz материалдарынан)

ислам, дін, ораза, сауап, мұхаррам айы, религия, жыл басы, 1437 жыл
ShynarShynar
9 жыл бұрын 6355
6 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248