Сіз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туылған күніне қандай сыйлық әзірледіңіз?
Сіз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туылған күніне қандай сыйлық әзірледіңіз?
Мәуліт... Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) әлемдерге рақым болып дүние есігін ашқан күні. Аллаһ Расулының туылған күні - Рабиул Әууәл айының 12-жұлдызы.
 
Оның өзі дәл осы күні дүниеден өтіп кетсе де, барлық үмметі оның өнегеге толы өмірін еске алып, мәуліт оқып, сүннетін орындап, оған деген сүйіспеншілігін қайта жаңғыртып бір серпіліп қалатын күн.
 
Міне, 1438-жылдың бірінші айы болған Мухаррам да өте шықты. Енді қазір Сафар, содан соң Әз Нәбидің (с.а.с.) туылған күнін өзіне алған Рабиул Әууәл айы келе жатыр.
 
Мүмкін, «әлі ерте ғой» дерсіздер...
 
Бірақ бір жаңа жылға халықтың қалай ерте бастан дайындалатынын көз көріп жүр. Ал сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туылған күніне неге ерте дайындалмасқа?!
 
Нағыз дайындық 40 күн бұрын басталады. Исламда 40 күн дегеннің қаншалықты маңызды екенін ойлап қарасақ көз жеткізе аламыз. Адамның жеген асының әсері бойында 40 күн ұзаққа сақталады. Адам бір істі 40 күн бойы жасайтын болса, онысы әдет-дағдыға айнала алады. Біздің туған күнге дайындығымызға осы да жеткілікті деп санаймын. Өйткені, біз бұл туған күнді әдеттегі мейрамдар сияқты емес, рухани тазару, ғибадатта тереңдеу, ілім жетілдіру арқылы туған күн иесі болған Аллаһ Елшісіне (с.а.с.) жақындай түсу мақсатында атап өтеміз. Нағыз мейрам, қуаныш та сол емес пе?! Әлемдердің Раббысы болған Аллаһтың ең сүйікті құлы соңғы Пайғамбарға (с.а.с.) жақындау, ол арқылы, әрине, Жаратушымызға жақындау. Ақыретте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бізді үмметім деп тануына да септігін тигізбек. Нағыз бақыт та осы ғой!
 
Сондықтан біз де 40 күн алдын ала дайындықты бастап, осы 40 күннің ішінде Пайғамбарлар Сұлтанына (с.а.с.) жақындай түсуге мүмкіндік аламыз. Жаңа адам бір істі 40 күн бойы жасаса, ол ісі дағдыға айналады дедік.
 
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізден ешқашан бағалы, материалды сыйлық күтпесі анық. Ол тіпті оған жетпейді де! Бізден әрдайым не күтетінін хадистерінде айтып өткен. "Сендерге екі нәрсе қалдырып барамын. Сол екеуінен мықтап ұстансаңдар тура жолда боласыңдар. Олар - Құран және сүннетім", "Адамдардың азғындыққа ұшыраған заманында менің бір сүннетімді орындаған адамға 100 шейіттің сауабы беріледі" деген Расул (с.а.с.) сөздерін есімізге түсірейік. Еске түсіріп, осы 40 күннің ішінде сол ұмыт қалған сүннеттерді қайта жаңғыртайық! Тек жаңғыртып қана қоймай, 40 күн бойы жасап жүрсек ары қарай өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыра алмақпыз. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) күнделікті іс-әрекеттерін қайталап, өміріміздің бір бөлігіне айналдыру деген қандай ғанибет екенін ойлап көріңіздерші?! Сонда күнделікті жасайтын әрбір жай істеріміздің өзі ғибадатқа айналмақ! Солайша біз Екі Әлем Сардарына (с.а.с), онымен бірге Әлемдердің Раббысына жақындай түспекпіз! Аллаһ Тағала Құранда бізге соны айтқан болатын. Ендеше, не тұрыс?! Білегімізді сыбанып тұрып кірісетін мәселе екенін түсіну аса қиын емес деп ойлаймын...
 
Осы орайда бір ағамыздың Аллаһ Елшісіне деген сыйын айта кетпеске болмас дедім. Осылай Сүйікті Пайғамбарының (с.а.с.) дүние есігін ашқан күніне 40 күн қалғанда "Мен Пайғамбарыма не сыйлаймын?" деген сұраққа ең жақсы жауап табу үшін көп ойланды. Ақыр соңында ең абзалы деп шешкені ораза болды. 40 күн ораза ұстап, барлық сауабын Аллаһ Елшісіне (с.а.с.) сыйға тартпақшы. Сонымен не керек, жеңіл болды ма, ауыр болды ма, ұзақ болды ма, әлде қысқа болды ма бір Аллаһтан соң өзіне ғана аян 40 күн де өтеді. Ай санауы бойынша Рабиул Әууәл айының 11-інен 12-сіне қараған түні ізгі мақсатына жете алғаны үшін Раббысына шүкір етіп, 40 күндік барлық оразасының сауабын Әз Мұхаммедтің (с.а.с.) туған күніне тарту ететіндігін айтады. Дәл сол түні түсінде Сүйікті Пайғамбарын (с.а.с.) көреді. Аллаһ Елшісі (с.а.с.) оған сыйлығын қабыл алғанын қуана жеткізеді. Иә, сыйлықты қабыл алу - Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті еді. Алайда тек қабыл алып қана қоймай, сол сыйлығының мөлшерінде, тіпті одан да асырып  өзі де сый беретін еді. Мұндай сыйлық сыйлаған адамды да құр қол қалдыруы мүмкін емес болатын. Әз Пайғамбар (с.а.с.) өзі жәннәттан орын мен зәулім сарай көрсетіп, Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) шапағатына ие болып, осындай үлкен жетістікке қол жеткізетінін сүйіншілейді. Бір пендеге мұнан асқан сый бар ма?! Қандай керемет бақыт десеңізші!
 
Иә, Аллаһ пен Оның Елшісі (с.а.с.) уәдесінде тұрады. Ал біз ше? Біз Жаратушымызға шынайы құл болуға уәде берген болатынбыз. Ол уәдемізді орындау Пайғамбар (с.а.с.) сүннетінсіз жүзеге аса қоюы күмәнді.
 
Қазіргі кезде адамдардың сүннетке көзқарасы қандай? Өкінішке орай, көбісі әлі алыс жүр. Пайғамбарын (с.а.с.) дұрыс тани алмағандықтан немесе жақсы көре алмағандықтан. Бірақ Аллаһ Елшісі (с.а.с.) бізге оны жанымыз, жақындарымыз бен малымыздан да артық жақсы көрмейінше нағыз иман келтірген болып саналмайтынымызды ескерткен жоқ па? Бұл иман мәселесі болғандықтан, біз де Омар (р.а.) секілді естіген бойда «енді жақсы көремін» деп айта алуымыз керек.
 
Сүннетті орындауға келгенде адамдар оны қиынсынады. Сау ақылмен ойлап қарасақ, алып бара жатқан қиындығы жоқ екенін түсіне алар едік. Өйткені, бізге өмірімізді түбегейлі өзгерту қажет етіліп тұрған жоқ. Тек іс-әрекеттерімізді белгілі бір ретке келтіргеніміз абзалырақ болайын деп тұр. Бәрібір жейтін тамағымызды оң қолымызбен жегенде, әйтеуір кіретін үйімізге оң аяқпен кіргенде, ішу керек суды отырып ішкенде, берер затымызды оң қолмен бергенде артық ауыр іс жасау қажеттілігі тумайтыны анық. Осындай кішкентай күнделікті нәрселерден бастап-ақ Адамзаттың Асыл Тәжінің (с.а.с.) іс-әрекеттерін қайталай алсақ, «Нағыз мұсылман – оны көргенде Аллаһты еске түсіретін адам» хадисіндегі сипатқа ие бола аламыз. Өйткені, Аллаһ Расулын (с.а.с.) еске түсірген жан Аллаһты да еске салары анық.
 
Және тағы бір маңызды жайт – салауат айту. Бұл да Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) туылған күніне деген жақсы сыйымыз болмақ. Мұнда да оған сый жасаймыз дейміз-ау, керісінше көп сый-сыяпатқа өзіміз кенелеріміз шындық. «Кім маған бір салауат айтса, Аллаһ оған он салауат айтады, дәрежесін онға көтеріп, он күнәсін кешіреді.»
 
Сонымен, әрбіріміз бір мұсылман ретінде, Мұхаммедтің (с.а.с.) үмметі ретінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Мәулітіне орай осындай «сый» жасауға тырысайық!!!
 
Биыл, 2016 жылы Мәуліт Желтоқсан айының 11-жұлдызына сәйкес келеді деп есептелген. Ал дайындығымыз Сафар айының кірген күнімен, яғни Қарашаның 1-інен басталса, 40 күнді қамти алмақпыз. (Өкінішке орай, 2 күнге кеш жаздым.) Мүмкіндігімізге қарай өзімізге осы 40 күндік жоспар құрып алуға тырысайық. «Адам қаласа, қолынан келмейтін нәрсе жоқ» деген сөзді біз осында қолданайық! Солайша, Сүйікті Пайғмабарымызға (с.а.с.) сыйлығымызды әзірлеп, оған ұқсай алар болсақ, нақ Пайғамбардай (с.а.с.)  Аллаһтың разы болған сүйікті құлдарының қатарынан бола алмақпыз, ИншаАллаһ!!!
 
 
 
Шынар Ә.Т.
салауат, ислам, сүннет, пайғамбар, сыйлық, мәуліт, туған күн
ShynarShynar
8 жыл бұрын 5718
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248