Рамазан келді, қош келді!
Рамазан келді, қош келді!

Жүректен шыққан, ілімін қосқан өзекті ой...

Рамазан. Рамазан сөзі кішкентай кезімізден белгілі, естіп жүрген сөзіміз. Ай санауы бойынша 12 айдың бірінің аты болғанымен, басқа айлардың аттары оншалықты таныс емес еді... Зулхиджа, Зулқағда, Жумадәл-Әууәл, Рабиул-Әууәлдарды кейін естігенде қызық көрінген еді. Рамазан сияқты олар да айлардың аттары екен-ау деп таңқалған едім. Рамазан сонау кішкентай кезімізден неге таныс екені айтпаса да түсінікті жайт болар. 

Ораза айы болуымен ерекшеленген, барлығы білетін Рамазан... Шынымен де бір нұр шашқан ай! Ерекше ай...

Бірақ... Бірақ жай көзбен қарағанда ерекшелігін көру мүмкін бе?! Рамазан айы екен деп ай басқаша тумайды, күн басқаша шықпайды ғой...

Оның ерекшелігі рухани тұсында, әрине. Оны біз де рухымызбен сезе білуіміз керек олай болса. 

Рамазанда жәннәт есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылып, шайтан кісенделеді деген хадис бар ғой. Соны ғалымдар түсіндіргенде тура мағынасында түсінбеу керек деп ескертеді. Себебі бұл - жәннәт есіктері қалған 11 айда жабық болып, тек тозақ есіктері ашық тұрады деген сөз емес. Және шайтанға да келер болсақ, бір күнәһар адам Рамазанда ішімдік ішіп алып, мас болып былай деген екен: "Рамазанда шайтан кісенделеді, адамдарды азғыра алмайды деп айтатыны өтірік, қараңдар мен арақ ішіп, күнә жасап жүрмін ғой, мені шайтан азғырмағанда, басқа не?!" Сонда оған бір ғалымның берген жауабы: "Адамдар итті бұғаулап байлап қойған кезде қазықтың дәл түбіне байламай, шынжырын біраз жерге дейін жететіндей етіп ұзақтау қылады ғой. Ит алыста жүрген адамдарды қаппайды, тек сол шынжыры жететін шеңбер аумағына жақындап келгендерге ғана тиісе алмақ. Дәл сол сияқты адам да шайтанның жете алатын шеңберінен аулақ жүрсе, оның азғыруынан сақтана алады. Ал сен өзің оның жанына барып жүрсең Рамазанды неге кінәлайсың?!" Дәл осылай біз де айды ерекше етіп шайтаннан ұзақ, Аллаһқа жақын болып өткізуге өзіміз тырысуымыз қажет-ақ...

Аллаһ Тағала бұл айда қасиетті Құранды түсіріп бастауымен қадірлі еткен. Кейін дәл осы айда ораза ұстауды парыз етті.

Біз неге ораза ұстаймыз?..

Денсаулыққа пайдалы, арықтауға көмектеседі, Райан жәннатына кіруге мүмкіндік, достарым ұстайды, ата-анам ұстайды... емес! Ең басты, жалғыз ниетіміз - Аллаһ парыз еткені үшін ұстауымыз қажет! Бұл ең кәміл ниет болмақ!

Ораза жайлы сөз айтқан да, жазған да адам көп екені рас. Өйткені, Аллаһ Тағаланың хикметін айтып тауысу мүмкін емес...

Бір ислам ғұламасының уағызынан тыңдап білген оразаның ел көп айтпайтын ерекшелігін сөз еткім келген отыр. Ораза Пайғамбарымызды (с.а.с.) миғражда Аллаһтың құзырына шығарған құлшылық деп түсіндірген еді. Ол қалай? Ол былай болды. Жәбрейіл періште (а.с.) Пайғамбарымызды (с.а.с.) ертіп көкке көтерілгенде өзі Сидратул Мунтәха деген жерге дейін барып, ары қарай барса жанып жоқ болатынын айтып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзін ғана жібереді. Осында Пайғамбарымыз (с.а.с.) қандай ісімен Жәбрейіл періштеден асып, оның шыға алмаған шыңын бағындырды?! Пайғамбарымыз (с.а.с.) - барлық пайғамбарлардың сұлтаны болса, Жәбрейіл (а.с.) - періштелердің сұлтаны! Періште - тек қана Аллаһ тағаланың бұйрықтарын бұлжытпай орындайтын, нәпсісі жоқ, қарсы келушіліктен ада нұрдан жаратылған жаратылыс. Олар күн-түн демей Аллаһқа ғибадат жасайды, Оның міндеттеген істерін мүлтіксіз орындайды. Олардың да біздің намазымыз сияқты ғибадаттары болады. Сонымен періштелердің барлығының дәрежесі биік және тұрақты. Ал Жәбрейіл періште (а.с.) - ең ұлы періште. Аллаһ Тағала оған ерекше тапсырмаларды берген, тіпті Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп намазды үйреткен де сол еді. Тек... Тек періштелерде нәпсі қалауы, тамақ жеуге деген ешқандай мұқтаждық болмағандықтан, оларда адамдардағыдай ораза деген құлшылық жоқ. Ал адам баласы нәпсі қалауын жеңіп, тамаққа деген мұқтаждығын тастап, аштық пен шөлге шыдап Раббысы үшін ораза ұстайды. Осымен нәпсісін барынша тиған бола алады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да адам болғандықтан осылайша ораза ұстау арқылы дәрежесі бір періштенің дәрежесінен асып түсіп, періштелердің ең ұлысы бармаған жерге жетіп, тікелей Аллаһтың құзырына шыққан болатын. Міне осы - оразаның ерекшелігімен бағындырылған биіктік болды...

Сонымен қатар ораза - құлдың Раббысына нағыз итаатының (мойынсұнушылық) көрінісі. Себебі, біз белгіленген уақытта тамақ жеуді тоқтатып, белгіленген уақытта ғана қайта тамаққа қол соза аламыз. Алдымызда халал ас болып, оны өзіміздің маңдай терімізбен тапқан болсақ та ақшам намазының уақытынан 1-2 минут бұрын оны ауызымызға апара алмаймыз. Былайша қарағанда бізді ол тамақты жеуден кім ұстап тұр? Біреу қолымызды байлап қойған жоқ! Алдымызда еш кедергі жоқ қой! Бірақ біз Аллаһқа деген мойынсұнушылықтан, Оның әрдайым көріп тұрғанын білгеннен, Оның разылығы үшін ауыз бекіткеннен кейін ол тамаққа рұқсат етілген уақыт келмей тұрып еш қол созбаймыз. Шынымен де нағыз мойынсұнушылықтың өзі емес пе?!

Аллаһ Тағала баршамызды өзіне мұйынсұнушы, сүйікті құлдарының қатарынан етсін! 

Рамазан мүбәрак болсын! Оразаларымыз қабыл болсын!

 

Шынар Төребекқызы

жәннәт, Құран, ораза, рамазан
ShynarShynar
7 жыл бұрын 6526
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248