Сабыр түбі
Сабыр түбі

Бір отбасының кішкене бөбегі бар еді. Күндердің күнінде Аллаһтың әмірімен сәбиі науқастанып, жан тапсырды. Бұған ата-анасы іштей қатты қайғырды. Бірақ тағдыр ісіне мойынсұнып, сабыр сақтауды ұмытпады.

–  Баланы аманат ретінде бізге берген Аллаһ сол аманатын қайтып алды, – деді отағасы жұбайын жұбата: – Сабыр етсек, баламыз ақыретте бізге шапағат етіп, жаннатқа бастайтын болады. Сабыр сақтағандарға үлкен сауап уәде етілген. Аллаһтың қай ісінде де хикмет бары сөзсіз. 

–  Дұрыс айтасың, – деді әйелі де мұңайып, – түбі бәріміздің барар жеріміз ғой, бұйырса, баламызбен жұмақта кездесерміз. Оны Раббымыздың бізден де қатты жақсы көретініне сенемін. Ендігі жерде біздің қолымыздан тек дұға ету ғана келеді. 

Бұл иманды жандардың осыншалықты төзімділігі үлкен сауапқа себеп болды. Шексіз ілім иесі Ұлы Аллаһ бәрін біліп тұрса да періштелеріне:

–  Ей, періштелерім! Мен пәленше деген құлымды бауыр еті баласынан айырдым. Олар бұны қалай қабылдады, не айтып жатыр? – деп сұрады.

Аллаһтың әр нәрсені бүге-шігесіне дейін білетінінен хабардар періштелер әдеппен былай деді:

– Олар бұған сабыр етті. «Біз Аллаһқа тиесіліміз. Содан келдік және түбі Соған қайтамыз» деп тағдырға разылық танытты. Шүкіршіліктен танбай, Саған тәуелді екендерін еске алды.

Адамзатқа ғибрат болуы үшін періштелерінен әдейі сұраған Ұлы Жаратушы оларға марапатты лайық көріп:

–  Ендеше, бұл құлдарым үшін жаннатқа бір сарай салыңдар. Оны «Шүкірлік сарайы» деп атаңдар, – деп бұйырды.

сабыр, шүкір, Аллаһқы мойынсұну, жаннат
ShynarShynar
9 жыл бұрын 4798
2 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248