Адам - пенде. Пенде болған соң әркез түрлі көңіл күйді бастан кешеді. Торығу, мұңаю, күйіну, сүйіну, өкіну - бәрі де екі аяқты, жұмыр бастыға тән қасиеттер. Кейде жалғыз ауыз жылы сөзге балаша мәз болса, кейде болмашы нәрсеге бола қатты құлазып, жүрегі мұздап, жаны сыздап, сол сәт өмірден безіп кеткісі келеді. Жақын адамыңыздың кейде аяқасты бұртиып, томсырайып қалғанын көресіз. Сол сәт ішіңіз қылп етіп, өкпелетіп алғаныңызды сезесіз. Өйткені, өкпелегіштік те соған тән мінез. Ондайда ол теріс қарап сөзіңді естімегенсиді я жүре сөйлеседі, тіпті ләм-мим деп тіл қатпай қоюы да мүмкін. Телефонын өшіріп не көп уақыт алмай діңкелетеді. Ал көңілі қатты қалса, «енді сені желкемнің шұқыры көрсін» деп біржолата теріс айналуы да мүмкін. Қанша дегенмен «бір атым насыбайдың өзін» көңілге алып қалатын қазақ емеспіз бе?!
Иә, адамдар арасындағы реніш те тұрмыста жиі кездесетін жайттардың бірі. Оған ұсақ-түйек себеп көп. Алайда, ешкімді ренжітпеу, көңілге қарағыштық - ілуде бір кездесетін жақсы мінезге жатады. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кісі көңілін қалдырмауға қатты көңіл бөлген. Әрбір ісінде бұны жіті қадағалайтын. Пышақ берсе, сап жағымен ұсынатын. Қылыштарды көшеде жалаңдатып алып жүруге тыйым салған. Қабақ шытпай, жүзі күлімсіреп тұратын. Аузынан қатты сөз шықпайтын. Зат сұрап келген адамға ешқашан «жоқ» деп айта алмауы да оның осы бір көңілге қарағыштық қасиетінен туған еді. Қолында жоқ болса, тауып берем деп уәде беретін. Біреудің қателігін түзетпек болса, көңіліне келер деп ол кісінің атын атамай, отырғандарға жалпылама айтатын. Кімге қарата айтылып жатқанын әлгі адам өзі сезетін. Жай адамдарды ғана емес, «Мүгедек біреуді көрсеңдер, сендерді сондай күйге түсірмеген Аллаһ тағалаға шүкір етіңдер, бірақ оны дауыстап айтып әлгі ғаріптің көңілін ренжітпеңдер» деп, көңілі жарым бейшара мүгедектерді де ренжітпеу керектігін білдіретін. Үш кісі отырғанда екі кісінің өзара күбірлесіп сөйлескенін құп көрмейтін. Ондай жағдайда үшінші кісінің көңіліне келуі мүмкін дейтін. Реніш бола қалған жағдайда оны үш күннен асырмауға кеңес беріп: «Бір мұсылман адамның екінші бір мұсылман бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс емес. Кездескенде бір-бірінен сырт айналған екеудің абзалырағы - бірінші болып сәлем бергені» деп, ондайда ренішті бірінші болып ұмытудың артықшылығын еске салатын (Бұһари, Әдеп, 57). Араз кісілерді татуластырудың нәпіл намаз оқып, нәпіл ораза ұстағаннан да үлкен сауап екенін, ол үшін қажет болса жалған айтуға рұқсат барын еске салатын. Адамның ең нашары басқаға кесірі тиетін, әркімді ренжітетін адам дейтін. Өсиеттерінде үнемі ата-ананы, сүйікті жарды, жақын туыс, көрші-қолаңды ренжітпеуге, жетім-жесірдің көз жасына қалмауға, баланы өкпелетпеуге, дос көңілін қалдырмауға шақыратын. Өйткені, «Пенденің жасаған амалдары әр дүйсенбі және бейсенбі күндері Аллаһқа жеткізіледі. Ұлы Жаратушы сол күндері өзіне серік қоспаған құлдарының күнәларын кешіреді. Алайда, араларында дұшпандық, реніші барларды бөлек қояды (кешірмейді). Сөйтеді де: «Бір-бірімен татуласқанша бұларды қоя тұрыңдар» дейді» деп түсіндіретін (Мүслим, Бирр 36). Сол себепті «Мүмин адамның мүмин адамға үш күннен артық реніші дұрыс емес. Арадан үш күн өткеннен кейін онымен сөйлесіп сәлем берсін. Егер ол сәлемді алса, сауабы екеуіне тең бөлінеді. Алмаса, күнәсы сол адамға жүктеледі» деп, бітімге, татулыққа алғашқы болып шақырушының үлкен сауапқа кенелетінін, ал қисық мінез танытып, оған көнбегендердің күнә арқалайтынын ұқтырған (Әбу Дауыд). Хадисті саралаған ғалымдар сәлемдесумен арадағы реніш жойылады десе де, Ахмед ибн Ханбәл «Бұрыңғы араластықтарына қайта оралмайынша реніш тарқамайды» деп тұжырымдаған.
Ренішті үш күннен асырмаудағы сақтық неде? Ондағы даналық - соңы бара-бара кекшілдік пен ерегеске, жалжалға, өзара жауыздық пен дұшпандыққа ұрындырмаудың алдын алу болса керек. Өмірде кішкене реніштен барып арты үлкен дауға, рулас елдерді бір-бірімен араздастырып қыр-ғынға ұшыратқан жағдайлар аз болмаған. Сол себепті ашу өртін дереу сөндіріп, арадағы ренішті жоюға талпынудың, татулық пен ымыраластықты, діндегі бауырмашылдықты жоғары қоя білудің қоғамдық мәні зор. Бірінші болып кешірімге бара білу - қай кезде де адамның кішіпейіл, қайырылғыш, иілгіш секілді жақсы мінезін байқатады. Ал өлсем де кешірмеспін деп ант ішу, анасы тасқа жерік болып тас болып түскендей не әкесі бүгін өлгендей түнеріп райынан қайтпау - долы, шайпау, қатал мінездің, қала берді, кекшілдік пен сасық тәкаппарлықтың нышаны. Адамның адамдығы сынға түсетін осындай кездері мұсылмандық мінезден ауытқымай, ішкі ар таразысының өлшемдерінен мүлт кетпеу - әр кісінің емес, ер кісінің ғана қолынан келетін ерен қасиет екені аян.
Біреуді ренжіту көбінесе мінездің нашарлығынан, білімнің, жеке мәдениеттің таяздығынан, дөрекіліктен, басқаларды өзінен төмен санаудан я болмаса өзіне жеңіл деп санаған қылықтың өзгеге ауыр, зіл болып тиетінін парықтай алмаудан туындап жатады. Жаны жайсаң, мінезі шуақ адам кісі көңіліне қаяу түсіретін тұстарды (сөзді яки іс-әрекетті) жақсы білетін аса сезімтал келеді. Көңілді тырнап кететін тікенек мінезді емес, кісі жанын ізгілікке бөлейтін, жүрген жеріне сыпайылық ұялататын сымбатты ақылдылығынан таймайды. Көрген жанды сүйсінтіп, мақтадай жұмсақ мінезімен үлгі болады. Өзі ренжісе де өзгені ренжітуге жол бермейді. Өйткені, реніштің арада салқындық тудыратынын, адамдарды бір-бірінен суытып, жат қылып жіберетінін жақсы біледі. Кешіріскен күннің өзінде көңілді көлеңке басып, көпке дейін салқындықтың сызы кетпей жүретінін терең сезінеді. Бұны мына бір ғибратты мысал да жақсы ұқтырғандай.
Бірде жаман мінезді ұлына әкесі шеге толы жәшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір шегеден қағып отыр»,- деп тапсырыпты.
Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып үлгеріпті. Бір күні тақтай беті шегеге толса керек. Бұл жайын әкесіне барып айтыпты. Әкесі: «Ал енді, балам, бүгіннен бастап, сол достарыңмен татулас, бірақ татуласқан әр күнің үшін тақтайдан бір шегеден суырып алып отыр»,- депті.
Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, тақтайдағы бар шеге шығарылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, жарадың,- депті,- алайда, мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы! Шегелерді суырғанда қалып қойған іздерді, көп тесікті көріп тұрсың. Бұл дегенің - тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмайды деген сөз. Достармен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр жаман сөз артына мына шегелер тәрізді шұрқ тесік қалдырып отырады. Артынан татуласып жолдасың мың жерден кешірдім дегенімен, мына тесіктер секілді көңілде кірбіңнің бәрібір сыз болып қалып кетіндігі шындық. Сондықтан, ешбір досыңмен жүз шайыс-пағайсың, ба-лам»,- деген екен сонда өз ісінің астарын түсіндіріп, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтырған әкесі.
Иә, реніш артынан риясыз кешірілсе жақсы, әйтпесе, көп жағдайда жан сыздатар, еске түскен сайын көңілді қаралап, жанды жаралайтын із тастап кететіні, ащы да болса ақиқат. «Алдыңа келсе, атаңның айыбын кеш» деген бабаларымыз әрқашан кешірімді негіз етіп ұстаған. «Бір ашуыңды маған бер», «Тентегімді жөнге салуды өзіме қалдыр», «Бір білместік өтті», егер бала болса «ісінің шалалығы» деп, жас болса «жастық шақта кімнің басынан не өтпейді» деп, үлкен кісі болса «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма» деген секілді сөздермен әйтеуір екі жақты өз рәуішінде бітістіруге, араларын татуластыруға, артын тым ушықтырмауға тырысқан. Әсіресе, туыс адамдардың бір-біріне деген өкпе-реніші тым асқынып кетпеуіне көңіл бөлген. «Туыстың азары болса да, безері болмайды», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ» деген секілді аталы сөздермен кішкене өкпеге бола біржолата ат құйрығын кесісу туыс адамдардың ісі еместігіне назар аудартып, ынтымақ деген айдынды дауылға ұрындырмай тұнық ұстауға барын салған. Бұны Абай атамыз:
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма,
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға,
Қай қызығы татиды қу өмірдің
Татуды араз, жақынды жат қыларға,- деп, өмірдегі ештеңе де ағайын кісілердің татулығына, береке-бірлігіне жетпейтіндігін әдемі ұқтырған.
Иә, «Соймасымды соямын, сүйгенімнің көңілі үшін» деген қазаққа көңілден қымбат ештеңе жоқ. Өйткені, сынаптай сырғыған көңілдің кілтін таба білу, жүрек ауыртпай жүру - жарасымды сыйластық пен бақытқа бастайтыны белгілі.
Мұқағали ағамыз да бір өлеңінде:
Күн батты,
Міне, кеш кірді.
Жанымнан бір үн естілді.
«Рахатқа бола бес күнгі,
Ренжіте көрме ешкімді!».
Тағы да бір күн кеш кірген,
Тағы да бір үн естілген.
«Азаматсың ғой ес кірген,
Жауласа көрме ешкіммен!» деп, ешкімді ренжітпей, ешкіммен жауласпай тату-тәтті ғұмыр кешу, бес күнгі рахатқа бола әркіммен жағаласып итше ырылдаспау - есті азаматтарға сын екенін білдірген.
Ешкімнің көңілін қалдырмау турасында ғұламалардан көптеген нақыл сөздер қалған. Ахмет Яссауи бабамыз
«Кәпір де болса біреуді ренжіту - Жаратушыны ренжітумен тең» десе, үлкен әулие Жәләладдин Руми: «Қағба - Ибраһим пайғамбардың тұрғызғаны. Ал көңіл - Ұлы Жаратушының өзі назар салатын орын. Сол себепті, бір кісінің көңілін қалдыру - Қағбаны мың рет жыққаннан да ауыр» деп, біле-білгенге адам көңілі қасиетті Қағбадан да жоғары тұратындығын аңғартқан.
Құдайберді БАҒАШАР, дінтанушы.