Пітір садақасы жөнінде...
Пітір садақасы жөнінде...

Өткен ғасырларда Франция елінде халықтың метериалдық жағдайы қатты төмендеп, күн көрісі тым нашарлап кеткен кезеңдер бастан кешірілген болатын. Сол кездерде қарапайым халық тіпті жүрек жалғауға нан таппай қалатындай жағдайға жетті. Халық бұған шыдамай көтеріліске шығады. Өйткені, басшылық тарапынан бұл жағдайды түзету, халыққа көмектесу үшін ешқандай шара қолданылмаған еді. Тіпті елдің патшасы халықтың жағдайынан да хабарсыз болып, көтеріліске шығуларының мәнін жанындағы уәзірлерінен сұрайды.

Сонда уәзірлері:

- Халық жеуге нан таппай отырмыз деп көтеріліске шықты,- деп жауап береді.

Ал патша болса оларға:

- Нан таппаса, торт жесін,- деп қойып қалады.

 

Біздің қазақта мұндайды "Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш боламын деп ойламайды" деп қалай жақсы келтіріп айтқан?!

 

Ислам дінінің бір бұйрығы да осы ақуалды түзетуге бағытталған болып отыр.

Ол - Рамазан айында беруіміз керек болған пітір садақасы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис-шарифінде: «Оларды (яғни кедейлерді) айт күні қайыр сұрамас үшін байытыңдар».

Яғни, мұсылмандардың нағыз екі мейрамының бірі болған Ораза айт күні кедейлер аш болып, қайыр тілемесін деп алдын алу үшін жасалған шара болып тұр. Аз ғана уақытқа болса да кедей-міскіндердің көңілін шаттандырып, мейрамда қуанышқа кенелтудің бір жолы бұл дағы. 

 

Барша айлардың ұлығы, сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында шамасы келетін адамдарға һижреттің екінші жылында рамазан оразасы парыз етілген кезден пітір садақасын беру уәжіп саналады. Бұл туралы Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Пітір садақа-сәһу сәждесі сияқты, яғни сәһу сәжде намаздың жаңылысқан жеріне каффарат болса, пітір садақа тұтқан оразаның кемшіліктерінің өтеуі» -деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ораза тұтқан адамның оразасының сауабы пітір садақа бергенге дейін толық болмас»,-деді.

Хазірет Осман (р.а) өз заманында ұмытып кетіп пітір садақасын бермеген-ді. Біраз уақыт өткен соң есіне түсіп, пітір садақасының каффараты үшін деп бір құлды азат етті. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей, Осман, сен жүз құлды азат етсең де пітір садақасының сауабын таба алмайсың»,-деді.

Пітір садақасы өз уақытында, яғни, Рамазан айының ішінде немесе соңғы күні айт намазына дейін беріледі. Айт намазы оқылғаннан кейін берілген пітір жәй садақа болып есептеледі. Дінімізде пітір, зекет сияқты садақалар Алланың ризалығы үшін жасалатын ғибадаттың бір түрі саналады. Пітір садақасының сауабы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Кім пітір садақасын берсе,ол пендеге Алла тағала он жақсылық береді».

Бұған тоқталар болсақ, олар:

1. Тозақ отынан азат болар.

2. Барлық күнәларынан тазарар.

3. Тұтқан оразасы қабыл болар.

4. Ол кісіге жәннатқа кіруге уәжіп болар.

5. Алла тағала ол кісінің осы жылғы істеген істерін қабыл етер.

6. Қиямет күні Пайғамбар (с.ғ.с) шапағат етер.

7. Сират көпірден найзағайдай жарқ етіп өтер.

8. Тұтқан оразасы қор болмас.

9. Мизан таразысында сауап жағы басым болар.

10. Ол кісінің аты сауап кітабына жазылар.

Шын ниетімен пітір садақасын берген адамға Алла тағала осындай сауабы мол жақсылықтар береді. Олай болса, Алла тағаланың сыйлаған дәулетін надандықпен қызғанып, сараңдыққа салынбай ақырет сауабы үшін пітір, зекет садақаларын уақытында беріп, дұға етіп, тілек тілейік! Алла тағаланың рахметінен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шапағатынан мақұрым қалмайық!

 

Аллаһ Тағала қасиетті Құран кәрімде «Әлде кім тазарса, ол кұтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды» (Бұл айт намазы). (Ағла сүресі, 14-15 аяттар). Кейбір тәфсірші ғалымдардың айтуы бойынша «тазарса» деген сөз пітір садақаны берген адамды білдіреді. «Ол Раббының атын еске алып» деген айт намазында тәкбір айтуды білдіреді. Ибн Хузимат Касир Абдулладан риуаят етеді, ол өз әкесінен естігенін айтады, ал ол өзінің атасы айтқан хадисті келтіреді:

«Расулулладан (с.ғ.с.) әлде кім тазарса, ол құтылды. Ол Раббының атын еске алып, намаз оқыды» – деген аяттың мағынасын сұрады. Бұған Расулулладан (с.ғ.с) бұл екі аятты Аллаһ Тағала пітір садақа туралы түсіргенін айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт мерекесінің алдында бір күн бұрын елге қүтпа оқып, пітір садақа берулеріне әмір еткен.

Абдураззақ Абд бин Сағлабаттан мына хадисті риуаят етеді: ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқа дейін бір немесе екі күн бұрын елге кұтпа оқитындығын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бидайдан 1 сағ (өлшем) беріңдер, құрмадан немесе арпадан сағ беріңдер. Әр адам үшін, қожайын немесе құл болып, кішкентай бала немесе үлкен адам болса да беріңдер».

Сондай-ақ Бухари мен Муслим Ибн Омардан риуаят етеді:

«Расулуллаһ (с.ғ.с.) бір сағ құрма немесе арпадан пітір садақа беруді бәріне міндеттеген. Ол барлығына: қожайын мен құлға, кіші мен үлкенге, ер мен әйелге пітір беруді міндеттеді».

Ораза тұңғыш рет мұсылмандарға парыз болған жылы Расулуллаһ (с.ғ.с.) пітір садақаны үмметіне уәжіп етіп, оны беруді бұйырды. Жоғарыда айтылған сөздерге назар аударсақ, пітір садақаның мұсылмандар үшін уәжіп екендігін аңғарамыз. Сондықтан Әбу Ханифа (р.а.) мазхабында пітір садақаны беру уәжіп болып саналады. Кімде-кім бұған қарсы келсе ол күнәһар болады. Аллаһ Тағала пітір садақаны бізге, жоғарғы мақсаттарға жетуіміз үшін міндеттеген. Пітір садақа кедейге қажетін өтеу үшін беріледі. Сонымен қатар пітір садақа адамның ораза кезіндегі жіберген қателіктері мен кемшіліктерін толтыру үшін беріледі. Абу Дауд, Ибн Мажа және Хаким ибн Аббастан (р.а.) риуаят етеді:

«Расулуллаһ (с.ғ.с) пітір садақаны: адамның оразасы сөзіндегі қателіктерінен тазаруы және міскіндерге тағам ретінде көмек болуы үшін міндеттеген». Кімде-кім пітір садақаны айт намазынан кейін берсе, онда ол жай садақа болып қалады.

Пітір садақаны тағамның төрт түрінен ғана беру – уәжіп. Олар – бидай, құрма, арпа және мейіз. Пітір садақа бидай, ұн, кебек немесе мейіз арқылы берілетін болса - олардан жарты саа, құрма немесе арпамен берілетін болса – бір саа мөлшерінде төленеді.

Пітір садақаны ұн немесе арпаның, бидайдың кебегімен төлегенде олардың құнын есепке алған дұрыс, мысалы, бидайдың жарты саағасының құны бидай ұнының жарты саағасының құнына тең келетін болса қолданылады. Бидай немесе ұнының уәжіп болған мөлшері: 1кг 459 г немесе құны; мейіз 2кг 918 г немесе құны. Пітір садақаны нанмен төлеген кезде тек оның құны ғана есепке алынуы тиіс.

Пітір садақа төлеу кезінде бидайға қарағанда ұн бағаланады, ал ұнға қарағанда ақша бағаланады, себебі, ақша қажеттіліктерді барынша толық түрде, ал ұн бидайға қарағанда неғұрлым жылдамырақ қамтамасыз етеді, себебі, бидай тағамға пайдалану үшін алдымен диірменге тартылуы тиіс.

Жоғарыда көрсетілген мөлшерлердің құны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәуірінде бір – біріне жақын болатын. Ал қазір олардың құндарының арасында айырмашылық жоғары және әр аймақта әр түрлі. Сондықтан пітір садақаның мөлшері ретінде бір кедейді таңертең және кешке тойдыруға жететіндей мөлшерді өлшем ретінде алған абзалырақ.

Діни басқармамыздың биылғы жылға бекіткен пітір мөлшері - 200 теңге. Енді осы соммаға бір кедей-міскін не сатып ала алатынын бір саралап ойланып көріңіздерші! Қазіргі заманда бұл ақшаға тамағын тойдыратын, мейрам күні шат-шадыман көңіл-күйде жүре алатындай жағдайы болады ма?!

Сондықтан, жағдайымыз келгендеріміз бұл мөлшерден көбірек беріп жатсақ нұр үстіне нұр болар еді. 

 

Пітір садақа уәжіп (міндетті) болу үшін үш шарт болуы керек:

Мұсылман болуы керек.

Азат (бостандықта) болуы керек.

Өзінің қажетінен артық мүлкі болуы керек.

Пітір садақасы әрбір мұсылман ер және әйел үшін – уәжіп. Бұл жерде оның ақыл есі болуы немесе кәмелетке толуы шарт емес. Баласы немесе мәжнүн (ақыл-есі кем) үшін, (камқоршысы) немесе әкесі беру керек. Егер уәли бермесе, онда ол күнәһар болады. Өзінің кішкентай баласы, құлы немесе кәмелетке толған (ересек) баласы үшін, егер ол ақылы ауысқан болса, егер ересек баласының ақыл есі дұрыс болып, ол кедей болса әкесіне ол үшін беру уәжіп емес. Бірақ ол садақа ретінде берсе, онда болады. Әйелі үшін ері беруі уәжіп емес. Егер сауап үшін бергісі келсе, әйелі рұқсат бермесе де беруге болады.

Кез келген адам пітір садақаны өзінің жас балалары үшін төлеуге міндетті, себебі, ол қамқоршы болып табылады және оларды асырау оның мойнындағы міндет ретінде қойылады; сондықтан осы жас балалардың мойнындағы садақа беру міндетін орындау да олардың әкесінің немесе оның орнындағы адамның міндеті саналады.

 

Әбу Дауд және Тирмизи Әли ибн Әбу Талибтан (р.а.) риуаят етеді:

«Аббас (р.а.) Пайғамбардан (с.ғ.с) пітір садақаны тез, яғни айдың басында беруге рұқсат сұраған, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған рұқсат еткен». Себепсіз айт намазына дейін пітірді бермесе күнә болады, егер ол уақытта беріп үлгермесе, онда мүмкіндік туған кезде берген жөн, өйткені, мұқтаж болғандардың қажетін өтемеген болады.

Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты – айттың бірінші күні. 

Пітірді айт күні айт намазына дейін беру -мұстахаб.

 

Рамазанда ұстаған оразаларымыз осы беретін пітір садақаларымыздың сауабымен толығып, ақыретімізді нұрландыратын бір мүмкіндік болсын деп тілеймін! Бастысы, ниетіміз анық және дұрыс болғай!

Шынар Ә.Т.

 

 

парыз, ислам, Құран, зекет, дін, ораза, садақа, пайғамбар, рамазан, Аллаһ, пітір, пост, Пророк, религия
ShynarShynar
9 жыл бұрын 4334
1 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248