Бір отқа табынушы бар еді. Сенімі басқа болса да, мұсылмандардың Рамазан айы мен ораза ұстауына ерекше құрметпен қарайтын.
Рамазан айы келген тағы бір жылы әдетінше мұсылмандар ораза ұстап, мешіттерде тарауих намаз оқып, құлшылықтарын жасай бастайды.
Осы уақытта әлгі отқа табынушы көшеден өз баласының бір нәрсе жеп кетіп бара жатқанын көреді. Бұған қатты ашуланып, баласын үйіне апарып, сазайын береді. «Мұсылмандардың қасиетті айын неге құрметтемейсің? Олардың күндізгі уақыттарда ауыз бекітіп, ештеңе жемейтінін білмейсің бе? Әдейі мазақ еткендей көшеде тамақ жегенің не?!» – деп ұрсады.
Уақыты жеткенде әлгі мәжуси қайтыс болады. Кейіннен мұсылман әулие кісілердің бірі оны түсінде көреді. Бір ғажабы, ол жұмақта жүр екен. Одан: «Сен отқа табынатын едің ғой. Жұмаққа қалай бардың?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Иә, өзің білетіндей мен отқа табынатынмын. Бірақ өмір бойы мұсылмандардың қасиетті Рамазан айына, ұстаған оразаларына құрметпен қарап өттім. Қайтыс боларымда тосыннан «Әй, періштелерім! Рамазан айын құрметтегені үшін Мен бұл құлыма иман нәсіп етпекпін. Оның жанын мұсылман ретінде алыңдар, өзін мұсылмандар қатарына тізімдеңдер» деген дауыс естідім», – деп түсіндіреді.