Мәдиналық екі жас қалай тәубесіне келді? (болған оқиға желісімен)
Мәдиналық екі жас қалай тәубесіне келді? (болған оқиға желісімен)

Сауд Арабиясында Медина қаласында тұратын екі жас жігіт болатын. Өкінішке орай, екеуі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қаласында тұрғанымен, дін мәселесінде барлығын білгенімен, сол білгендері мен көргендері жүректеріне орнықпаған күнәға бейім жастар еді. Ең сорақысы, екеуінің ішімдік ішуді жаны сүйетін. Бірақ Сауд Арабиясында ішімдік ішуге, сатуға тыйым салынған. Екі жігіт не істерін білмейді. Бір айызы қанып ішімдік ішкісі келеді де тұрады. 

Сөйтіп, ойланып, ақыры ішімдікке мұндай тыйымы жоқ басқа мемлекетке уақытша бара тұруға бекінеді. Оңаша қала алатын, ешкім бұларға кедергі жасамайтын, "әй "дейтін әже, "қой" дейтін қожа жоқ" бір жерге аттануды қалаған екеуінің таңдауы Түркия еліне түседі. Өз елдеріне алыс та емес, туристер көп баратын ел, халқы мұсылман болғандықтан бұл екеуіне қатты мән бере қоймайды, ал ең маңыздысы ішімдікке ешқандай тыйым жоқ, барлық жерде сатыла беретін еді. Түркияның да ең шеткері бір ауылына тұрақтауды ұйғарады.

Сонымен екі жас жолға шығып, діттеген жеріне жетеді. Ауылға барып, бір шеттен адамдың көздері түспейтін жерден кішкене үй жалдайды. Дүкеннен ішімдікті үйіп әкеліп, жинап алады. Ал енді ешкім кедергі жасамайды, ешкім қарсы болмайды деп қуаныштары қойнына сыймай, қалағандарынша ащы суларын іше бастайды. 

Бірақ мұндай кішкентай ауылда сырттан келген адамды байқамай қалу мүмкін бе? Халықтың барлығы Мәдинадан екі жас қыдырып келіпті дегенді естиді. Кішкентай ауыл болғандықтан халық ескіше өмір сүретін, мұсылмандықты берік ұсанатын тақуа жандар болып шығады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қаласынан екі жастың келгенін естігендіктен мешітте намаз оқытуға имамдыққа солардың шыққанын қатты қалайды. Тіпті біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қаласынан келген адамдар ауылымызда болған уақытта жамағатқа намазды олардан басқа ешкім оқыта алмайды деп бекініп алады. Сонымен олар екі жастың орналасқан жеріне беттейді. Үйге барып, есікті қағып екеуін шақырады. Есіктің артынан тұрып мән-жайды түсіндіреді. Жастардың қарсылық танытқанына, қазір мүмкіндігі мен жағдайы жоқ екенін айтқанына қарамастан, табандап тұрып алады. Екі жастың келіспеске шарасы қалмайды.

Сөйтіп екеуі дәретін алып, халықпен бірге мешітке беттейді. Бірі имамдыққа шығып, бірі артына тұрып, ауыл жамағатымен бірге намаз оқиды. Намаз үстінде екеуі қатты жылайды. Өксіп жылағаны соншалық намазды әрең оқытып бітіреді. 

Халық бұл екеуінің "тақуалықтарына" дән риза. Намазын соншалықты жылап оқығандарын көріп, сондай жандардың намаздарына имам болғанына қатты қуанды. 

Ал екі жастың жылауының нағыз себебі мүлдем басқаша еді: халықтың оларға деген ілтипаты. Және ол ілтипат қайдан келіп отыр?! Екі жасты мүлдем танымайды. Шынымен тақуа ма, намазға имам болуға лайықты адамдар ма? Бұл сұрақтардың ешқайсысы оларды мазаламады. Неге? Өйткені, олар үшін екеуінің Пайғамбар (с.а.с.) қаласы Мәдинадан келгендігі жеткілікті еді. Бұл ауыл халқының Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген сүйіспеншілігінің тереңдігін көрсеткен болатын. Ал мына екі жас ше? Олар сол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қаласында өмір сүрсе де мұншалықты жақсы көріп, оған лайық үммет бола алмаған еді.

Сондай нұрлы қалада өмір сүргенімен оның қадірін біле алмаған жастар...

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешітінде күніне бес уақыт намаз оқуға мүмкіндігі болғанымен бір бас сұқпайтан жастар... 

Айналада барлық нәрсе Пайғамбарын (с.а.с.) еске салып тұрғанымен оны жақсы көре алмаған жастар... 

Нендей өкініш еді?! Сол үшін екеуі егіліп жылаған болатын. Егіліп әбден жылады, күнәлары үшін Раббысынан кешірім тіледі. Алда Пайғамбарымызға (с.а.с.) лайықты үммет болып өмір сүруге нық бекінген еді...

 

Шынар Ә.Т.

намаз, имам, ислам, ішімдік, дін, пайғамбар, тақуалық, күнә, кешірім, Аллаһ, харам, религия, күнәһар, сүйіспешілік, Мединалық жастар, тәуба
ShynarShynar
9 жыл бұрын 5249
4 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248