Күнделікті 360 садақа беру міндетіңіз екенін білесіз бе? (немесе Пайғамбарлықтың (с.а.с.) тағы бір дәлелі)
Күнделікті 360 садақа беру міндетіңіз екенін білесіз бе? (немесе Пайғамбарлықтың (с.а.с.) тағы бір дәлелі)

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) буындарға қатысты бірқатар хадистері бар. Тіпті, адам денесінде қанша буын болатындығын нақты айтып кеткен. Бір қызығы, сол хадистерде көрсетілген буын сандарын қазіргі медицинада толық дәлелдеді. 

Буын жайында айтқан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мыналар:

«Әр адамның жаратылысында 360 буын бар. Олай болса, Аллаһ тағаланы ұлықтаса, мақтау айтса, «лә иләһа иллаллаһ, субханаллаһ» десе, Құдайдан кешірім тілесе, ел жүретін жолдан тас, тікен немесе сүйек секілді нәрселерді жол шетіне алып тастаса не болмаса жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, осы жасаған жақсылықтарының барлығы 360-қа жетсе, сол күннің кешіне дейін тозақ отынан қорғалады». 

«Әр буын үшін адам күн сайын бір садақа борышты. Екі адам арасында әділ төрелік айту да - садақа, атына міну үшін біреуге көмектесу немесе қоржынын артысу да - садақа. Жақсы, ұнамды сөз айту да - садақа. Намазға бара жатқандағы әр адымы да - садақа. Адамға зияны тиетін нәрселерді жолдан алып тастау да - садақа». 

Тағы бір хадисінде сәске уақытында оқылған екі рәкат намаздың да сондай шүкіршілікке жататындығы айтылған. 

Бухари мен Муслимде риуаят етілген осы үш хадис адамның анатомиялық тұлғасын ашумен қатар құлшылық пен сауаптың кең мағынасын да қамтиды. 

Екі бөлек сүйек арасын жалғайтын бөлікті «буын» дейміз. Буындар табиғи түрде мынадай топтарға бөлінеді.

1. Қимылдайтын буындар: тізе, тірсек, иық, ортан жілік, аяқ-қолдың білегі мен жіліншігі.

2. Аз қимылдайтын немесе мүлдем қимылдамайтын буындар: омыртқа, қол-аяқтың табан мен алақан сүйектері, яғни: 

А) араларын дәнекер ұлпа (ткань) жалғағандар;

Ә) араларын шеміршек ұлпа жалғағандар;

Б) араларын сүйек ұлпа жалғағандар.

Осы ерекшеліктеріне қарай анатомия кітаптары мен атластарын зерделегенімізде, адам денесінде 360 буын бар екенін көреміз. (1-4 тізім). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан бұл сан медициналық зерттеулермен де дәл шыққан. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) оны нақты білдіруін қалай түсіндіруге болады? Мәйіт, не адам қаңқасы мұқият зерттелген бе, жоқ әлде, бұл пайғамбарлық мұғжиза болғаны ма? 

 

Пайғамбарлықтың дәлелі

Мәйіт пен жеке сүйектерді зерттеу арқылы буындарды анықтай алмайтындығының дәлелі мынау:

Адамның бас сүйегінде 90 қимылсыз буын болады. Алайда, бұл буындар санын қаңқадан болмаса, өліктен анықтау мүмкін емес. Ал, қаңқа кезінде анықтау үшін ол адам медицина ғылымын жақсы білетін әрі тәжірибелі болуы тиіс. Өйткені, медицинадан хабары жоқ жай адам бастағы бір-бірімен астасып, ию-қию боп жатқан буындарды буын деп те ойламайды. Құйымшақ сүйегіндегі буындар шорланған буындарға жатады. Мейлі өлік, мейлі қаңқа күйінде қолға алған күннің өзінде медицинаны жақсы меңгермеген адамның бұл буындарды тануы мүмкін емес.

Кеуде сүйегі (sternum) 3 бөлек сүйектен құралады. Бұлардың бір буыны шеміршек, бір буыны сүйекке айналған буын пішінін құрайды. Сүйекке айналған буынды білу үшін де медицинаның маманы болу міндетті. Бұл екі буынды да өлік не болмаса қаңқа күйінде ажырату мүмкін емес. 

Бас сүйектің орталығында орналасқан «Сфенойд» (Sfenoid) деп аталатын сүйек, бөлек-бөлек 10 жұп бас сүйегі мен буынды құрайды. Бұл буындар өте күрделі, бейнелері шым-шытырық, ретсіз пішінде келген.

Қуыстарында «Дискас» (discus) деп аталатын шеміршек томпақтары бар кейбір буындар да кездеседі. Беті жай ғана сүйек секілді. Адам қайтыс болып, денесіндегі жұмсақ тіндер шіріп, қаңқаға айналғанда, бұлар буын емес секілді көрінеді. Оларды қаңқа күйінде анықтау да сол сала мамандарының қырағылығын қажет етеді (Кеуде сүйегі - бұғана сүйегі буыны, мойын омыртқаның артқы жағындағы буын секілді).

Баста орналасқан кішігірім аралдар секілді «Ос сутурарум» (os suturarum) деп аталатын сүйектерді өлік күйінде анықтау қиын. Оны тек қаңқа кезінде ғана анықтап, санауға болады. Жіліншіктегі «Талус» (talus) деп аталатын сүйек пен тобық сүйегінен (calcaneus) пайда болатын буын үш түрлі болса да, сырттай бір-ақ буын секілді көрінеді. Бұны тек қаңқа күйінде болмаса, өлік күйінде анықтау өте қиын.

Өздеріңіз де куә болып отырғандай, буындардың тобын анықтау үшін аса шебер маман болу қажет. Ендеше, түрлері мен топтарына қарай хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) адам денесіндегі буындар санын 360 деп айтуы - оның пайғамбарлығының дәлелі.

Бухари мен Муслимде риуаят етілген хадистер бір жағынан мұғжизалықты білдірсе, бір жағынан құлшылықпен қоса елге жақсылық жасаудың мәнін ұқтыруда.

Жоғарыдағы хадистерде келтірілген әр буын үшін садақа боп есептелген іс-әрекеттер мыналар: Аллаһ тағаланы пәктеу, шүкіршілік етіп, Оған мадақ айту, ұлықтау, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру, сәске уақытында оқылатын екі бас намаз, лә иләһа иллаллаһ деу, Құдайдан кешірім тілеу, ел жүретін жолда жатқан тас, тікен, сүйек сияқты зиянды нәрселерді алып тастау, екі адам дауласса, әділ төрелік айту, бір адам атына мінерде демеп жіберу немесе қоржынын артысу, жақсы, ұнамды сөз айту, намаз оқу үшін мешітке бару.

Бұл аталған жақсылықтардың әрбірі бір-бір буынның өтеуі, шүкірі, садақасы ретінде қабыл болады.

Түйін: Хадис астарынан ғылыми шындықпен қатар, қоғамдық өмірдің тыныштығы мен бейбітшілігін нығайтатын әрі мол сауапқа кенелтетін іс-шаралар жатқанын көреміз. 

Қ. Бағашар, дінтанушы.

ислам, дін, садақа, пайғамбар, Аллаһ, дәлел, религия, мұғжиза, хабар, пайғамбарлық, 360 буын
ShynarShynar
9 жыл бұрын 4739
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248