Жақсы көрген нәрселеріңде жамандық, жек көрген нәрселеріңде жақсылық болуы мүмкін... (ғашықтар хикаясы)
Жақсы көрген нәрселеріңде жамандық, жек көрген нәрселеріңде жақсылық болуы мүмкін... (ғашықтар хикаясы)

Мензиле Еминоғлудан кезекті ғашықтар хикаясы.

Салтан Сайранұлы ізімен...

Салтан ағамыздың аударған хикаясы екінші рет жарияланғаннан кейін автор туралы іздеп көрдім. Түрік ұлтының бір бойжеткені екен. Осындай ғибратты хикаялары біраз бар көрінеді. Соларды аударып, сіздерге ұсынайын деп ойладым...

 

Жүсіп әр кештегі әдетінше тағы да Facebook-тағы парақшасын парақтап отырды. Күн сайын жазбаларын жариялаған беттен көзін алмайды. Негізінде, көзі ол бетте емес, сол бетке жазбаларын қосып отырған Балнұр есімді қызда. Күнде кешке діни жазбаларын жариялап отыратын. Жүсіп оған сырттай қарап қайран қалумен болатын. Қаншама рет оған хат жазуға оқталды. Бірақ жібере алмайтын. Сол күні бар батылдығын жинап, қызға дос болу ұсынысын жіберді. Бірнеше сағаттан соң қыздың ұсынысын қабыл алғанын көргенде екі езуі құлағына жетті. Бірден қарай бастады. Бір қызығы, оның достарының арасында Жүсіптен басқа ер адам жоқ еді. Бірақ неге? Неге Жүсіптің ұсынысын қабыл алды?..

Ертесіне Жүсіп хат жазды. Амандық-саулық сұрасып, танысулары сәтті өтті. Жүсіп Балнұрға өзін толғандырған сұрағын қойды.

- Неге достарыңның арасында менен басқа ер адам жоқ?

- Халал болмағандықтан.

- Онда мені неге қостың?

- ....................

- Жауап бересің бе?

- Білмеймін...

Қыздың да оған қырын қарамағанды белгілі болды. Сонымен бір ғашықтық хикаясы басталып кетті. Бірақ бұл әдеттегідей ғашықтық емес еді...

Балнұр әр мүмкіндікті жіберместен Жүсіпке діннің әдеміліктерін түсіндірумен болатын. Оның әрбір сөзінде Аллаһқа деген махаббаты сезіліп тұрды. Жүсіпке де бәрінен де осы қасиеті ұнайтын. Таң намазына ояту үшін хабарласуы, әр намаз уақытында «Намазыңды оқыдың ба?» деп еске салуы, тәһәжуд намазына тұрғызуы, күн сайын бір жүз бөлісіп оқып Құранды хатым ету ұсынысы, барлығы, барлығы да ұнайтын... Дінін тек 5 уақыт намаз оқумен, Рамазанда 1 ай ораза ұстаумен сақтай алатынын ойлап жүрген Жүсіптің қаншама кемшіліктері бар еді...

Айлар артынан айлар өтті. Бір-біріне «жаным, ғашығым» деп те айтып көрмеген бұл жұп үйленуді ойлай бастайды. Бірақ, ең қызығы, бір-бірін еш көрмеген еді. Көруді де қаламаған. Негізі, Жүсіп сүйгенінің қандай жан екенін көруді қалайтын. Бірақ сүйгені «Ол сезімді бетпе-бет кездескенде сезінейік» дегені үшін дыбысын да шығармаған. Балнұр барлығына да разы болатын. Сүйген адамының сырт келбетін еш уайымдамайтын. Өйткені, жүрегін жақсы көрген еді.

Ендігі кездесудің де уақыты келіп жетті. Жүсіп Балнұрды көру үшін Бурсадан Конияға жол тартты. Балнұрдың жанында бөлесі болатын болды. Сонда оңаша қалмайтын еді. Жүсіп белгіленген бақшадағы айтылған орынға қарай келе жатты. Жүрегі атылып кетуге бар. Орындықта отырған екі бойжеткеннің жанына келіп сәлем берді. Сәлеміне аяққа тұрып жауап берді. Балнұрдың да жүрегі аузына тығылды. Сүйгені дәл алдында тұр еді. Қол-аяғын сезбей қалды. Жүсіп орындыққа отырды.

- Мен ойлағаннан да сұлу екенсің!- деді.

Бірақ бұл сөздерді Балнұрға қарап емес, бөлесіне қарап айтқан еді. Екі бөле не істерін білмей сасып қалды. Жүсіп қателік кеткенін түсініп:

- Бір қателік жібердім бе?- деп сұрады.

- Балнұр менмін,- деп айтты Балнұр.

Кішкене үнсіздіктен кейін сөйлесу басталды. Балнұрдың көзі төменде еді. Бір жағы ұялшақтығынан, оның үстіне бастағы оқиға жанына батты. Жүсіп оны көзімен сүзіп отырды. Ойындағыдай болмай шыққанына ренжулі. Балнұр оның армандаған адамы емес еді. Ол айдай сұлу аруды жолықтырғысы келген. Бірақ Балнұр оншалықты сұлу емес еді. Үлкен қателік жібергенін ойлай бастады. Жоқ, жоқ, Балнұрмен үйлене алмайды. Бір түрлі оны жанына жарастыра алмады.

Бір сағаттай отырған соң қош айтысып орындарынан тұрды. Жүсіп автобусқа мінді. Қолы қайта-қайта телефонына барады. Балнұрға бірнәрсе жазғысы келді, бірақ жаза алмады. Соңында ұзақ хат жазып жіберді.

Жаңа хат келгенін көрген Балнұр жүрегі лүпілдей хатты ашты. «Қандай әдемі сөздер жазды екен?!» деп ойлады ішінен. «Балнұр, негізі, сен өте жақсы қызсың» деп басталған хат. Балнұрдың көкке ұшып кетуіне осы сөздің өзі жеткілікті еді. Ары қарай жалғасында өзін ұнатпағанын, үйленбейтінін, тағысын тағы жазған. Балнұрдың көзінен жас парлады. Жанындағы бөлесі телефонын алып оқыды. Бұл қалайша болғаны?! Бір-бірін соншалықты сүйген екі адамның айрылысқаны ма?

Балнұр күндер бойы жылаумен болды. Намаздарын да сезініп оқи алмайтын болды. Дүниемен байланысы тіпті үзілді. Жүсіптің Facebook-тағы парақшасын қараумен болды тек. Не істеп жүргеніне алаңдайтын да тұратын. Бірнеше күннен соң «сөз байласқан» деген жазуды оқыды. Дүние айналып басына құлағандай болды. Дініне берік болған Балнұр өз-өзіне қол жұмсауды ойлады. Иә, иә, енді бұл дүниеде онсыз өмір сүре алмайтын еді. Бірден ас бөлмесіне жүгірді. Таба алған барлық дәрілерді бөлмесіне алып келіп, есікті кілттеді. Көзінен жас парлаған күйі дәрілерге қарауда. Жылап отырып көзі ілініп кетті.

Түсінде Жүсіпті көрді. Отқа қарай жүгіріп бара жатты. Балнұр да оның артынан жүгіруде. Бірақ жете алмады. Жүгіре-жүгіре оттың шетіне келді. От оны да жағардай жақындап жатты. Балнұр болса қашуға тырысты. Содан соң Балнұрды бір қол ұстап қалды. Бұл кімнің қолы?! Артына қараған Балнұр ешкімді көре алған жоқ. Тек жап-жарық нұр сияқты... Және Балнұрдың құлағына бір аят естілді.

«Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселерің сендерге жаман болуы да мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер.»

Балнұр оянды. Қатты жылады. Қалайша өзіне қол жұмсауды ойына алды?! Онысы да дүниелік ғашықтық үшін! Аллаһқа тәубе етіп, кешірім сұрап, дәрілерін терезеден далаға лақтырды.

6 жылдан соң...

Көп ұзамай Балнұр бір имамға тұрмысқа шықты. Тойларынан соң жас жұбайлар бірден Умраға кетті. Армандаған отбасын жары Салихтың жанында тапты. Және бал-шекер қыздары болды. Қыздарына дәл Исламға сай тәрбие берген. Кішкентай кезінен-ақ Құран жаттау курсына берген болатын. Және хафыз болуына да аз қалған еді.

Сол күні Салих жұбайы мен қызын алып саябаққа барды. Оған тосын сыйы бар еді. Балнұр қызығушылықтан жарылайын деп тұр. Салих қалтасынан қағаз шығарды.

- Бұл не?

- Қара, көрейік!

- Айтшы енді!

- Дүниедегі ең қатты қалаған нәрсең...

- Ол нее?..

- Саған айтпай екеуміз үшін қажылыққа өтініш жібергенмін. Сонымен таңдалып, биыл барлығымыз Қажылыққа барамыз.

Балнұр қуаныштан жылап жіберді. Жарының көзіне ризалықпен қарады. 6 жыл отбасылық өмірінде оны еш ренжітпеген еді. Көңіліне қаяу түсірмеген. Балнұр да оны ренжіткен емес.

Дәл осы тұста қыздары Ажар анасына жылап келді.

- Ана жақтағы бір қыз маған жаман сөз сөйледі, «жалмауыз кемпірдей» киініп алыпсың,- деді.

Қыздары Ажар қатарластары сияқты емес еді. Басына орамал тағып, жабық киінетін. Бұл өзінің таңдауы болатын. Ата-анасы оны мақтан тұтатын. Алда ойнап жүрген қыз тәртіпсіз бұзық қыз сияқты көрінді. Балнұр бірден орнынан тұрды. Мақсаты адамдарды ренжіту емес, түсіндіру. Қыздың ата-анасы діндар еместігі белгілі еді. Қызының қолынан ұстап жаңағы қыздың отбасының жанына кетті. Орындықта ашық-шашық киінген, әдепсіз сағыз жайнап отырған әйел мен қолына сурет салдырған, алдында сыра бөтелкесі бар еркек отырды.

- Ханым, сізбен сөйлесуге болады ма?- деді Балнұр.

- Сіз сияқтылармен сөйлесу қалғандай маған?!

- Бізге не болыпты?

- Кіп-кішкентай қыздың миын да айналдырып қойғансыңдар. Мынаның киімін қара! Біз қай дәуірде өмір сүріп жатырмыз?

Алдынан бері теріс қарап отырған ер адам:

- Нұргүл, кішкене басылсаңшы, шектен шығып барасың!

Бұл қалайша болғаны?! Бұл Жүсіптің даусы ғой! Балнұрдың төбесінен мұздай су құйғандай болды. Сол кезде ер кісі артына бұрылды. Иә, бұл Жүсіп еді. Дәл алдында Балнұрды көрген Жүсіп те таңданып қалды. Ұялғанынан басын төмен салды. Балнұр қимылдамай тұрып қалды. Ол Жүсіпті көргені үшін емес, Жүсіпті осындай халде көргені үшін таңқалған еді. Сонда Жүсіптің әйелі:

- Мына діндар сымаққа қараңдар! Енді менің күйеуіме көз салды.

Және Балнұрдың жолдасын шақырып:

- Әйеліңе бас-көз болсаңшы! Жұрттың күйеуіне асылуда...

Салих орнынан тұрды. Ер азаматқа жарасатындай әрекет етіп, барып жұбайының қолынан ұстап, бұрылып кетіп қалды.

Жүсіп, аһ, Жүсіп! Балнұрмен айрылысқаннан кейін намаз оқиды, орамал тағады деген бір қызбен үйленді. Қыздың сұлулығы шартарапқа дастан еді. Дәл Жүсіптің қалағанындай. Жанына жарасатын. Бірақ үйленгеннен соң барлығы өзгеріп сала берді. Жары Нұргүл отбасының қысымымен орамал таққаны үшін тұрмысқа шыға салып ашық-шашық киініп кетті. Бір күнә басқа күнәнің шақырушысы. Күнә үстіне күнә туып, бара-бара екеуі де күнәға әбден батты. Жүсіп ішімдік ішетін, әйелімен бірге құмар ойындар ойнайтын адамға айналды. Өсірген қыздары да өздері сияқты болды. Аллаһтың бір екендігінен, Пайғамбардың бар екендігінен хабары да жоқ.

Олардың жанынан ұзап бара жатқан кезіндегідей Балнұр жолдасының қолынан ешқашан олай қатты қысып ұстаған емес. Аллаһқа мыңдаған шүкір етумен болды ішінен. Қандай үлкен қателіктен сақталғанын енді анық түсінген еді. Сол кезде көрген түсі есіне келді. Жүсіптің отқа түскенін, өзінің ол жақтан құтылғанын. Және сол аят құлағында қайта жаңғырды:

«Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселерің сендерге жаман болуы да мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер.» (Бақара-216)

Және Жаратушысына былай тіл қатты:

«Жамандық деп ойлаған нәрселерімде жаратқан жақсылықтарыңа қайранмын, Аллаһым!..»

 

/Yusuf - Жүсіп

Büşra - Балнұр

Salih - Салих

Hacer - Ажар

Nermin - Нұргүл/

 

Түрік тілінен аударған Шынар Ә.Т.

сабыр, ислам, Құран, махаббат, дін, тақуалық, тағдыр, Ғашықтық
ShynarShynar
8 жыл бұрын 8721
2 пікір
  • Шынар ханым.Алла разы болсын сізге. Жүрегімді жылатып, көңілімді бір сілкідіңіз. Жан дүнием дірілдеп кетті. Жүсіптің кезекті оқиғасы ретінде саналған бұл шығарма ой саларлық. Алла баршамызға хайырлы жар нәсіп етсін. Сіз де отбасында бақытты болыңыз. Шығарманың маңызды нүктелері:
    -Нәпсіге ермей, зинадан қашып, оны болдырмаудың жолын қарастыру. Тіпті сүйіп тұрсаң да.
    - Ғашығыңмен әлеуметтік желіде әнгіме айтып отсаң да "жаным", "сүйіктім" т.б.сөздерден аулақ болу.
    - Түрге емес, жүрегіне, Алламен байланысына, тақуалығына ғашық болу
    - «Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселерің сендерге жаман болуы да мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер.» (Бақара-216). Осы аяттың мағынасына терең бойлап, түсіну
    - Тағдырға иман ету. АЛЛА НӘСІП ЕТПЕГЕН НӘРСЕДЕ ХАЙЫР БАР ДЕП ЖАЙ ТАБУ
    - Аллаға әрдайым шүкірлігіңді білдіріп жүру
    - "Расында көздер жылайды.Жүректер мұңаяды.Бірақ біз Аллаға қарсы келер сөз айтпаймыз"
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248