Шолпан шоқтай қызарған кез. Жарық дүниенің жанары оянған шақ. Іңә-іңә-іңә… Құдай Қадырға шекесі торсықтай сәби сыйлады. Әке болу қуанышына бөленген ол дәрет алып, жүзін құбылаға бұрып, азан шақырды. Аллаға шексіз шүкір айтты. Нәрестеге Нұрбол деген есім берді. Үйге шақалақпен бірге шаттық енген еді.
Күпті үміт
«Баласы атқа қонса, үйінде тақымын қысып отыратын» анадан асқан мейірімді жан бар ма? «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген Бибісара Нұрболды күнде мектепке қолынан жетектеп апарады. Өзі сонда аспазшы. Оқушылардың ішіп-жемін әзірлейді. Баласының талантына тәнті боп, тәтті тағамын күнде береді. Ес біліп, ержеткен Нұрбол бір күні анасымен мектепке бармауды ұйғарды. Себеп – Бибісараның бір көзі жоқ. «Арын» ардақты анадан биік қояды. Достарынан ұялады. Құрбыларым сезбесін деп, асханаға кірмеуді де әдетке айналдырады. Жаратушыдан жалбарынып сұраған жалғыз баласы ойлаған ісіне бойламайды. Байыбына бармайды. Бәрібір тентектігін тастамайды. Бойын соқыр намыс кернеген бала анасын осылайша әбден әбігерге салады. Көшеде де бірге жүрмейді. Ақша тауып, баласының асты-үстіне түскен ана байғұстың бұған жүрегі езіле түсті. Ұлының қашқалақтап жүргенін көрген сайын жалғыз жанардан жас парлайды… Амал не? Айтса, зекіп тастайды. Кемшілігін бетіне басады. Себебін білмей, ауыр сөз айтады.
Осылайша әрбір тәулік жаңа парағын ашып, өмір өте береді. Асханаға ағылған балалардың ішінен «ұлымды көріп қалар ма екенмін» деген үмітпен жалғыз көзімен есікке телміре қарайды. Үміті күпті. Тағы жоқ…
Бір күні баласының талабын білмек ниетпен сабағына қатысты.
– Рұқсат па, қарағым? Кіруге бола ма?
– Әрине, болады. Кіріңіз.
– Баламның сабағын білейін деп келіп едім. Мына отырған баланың анасымын.
– Отырыңыз.
Осы кезде әр жерден «мынау кімнің анасы, көзі жоқ екен» деген сұмдық, суық сөздер еміс-еміс естілді. Нұрболдың қабағы түюлі. Екі беті ду ете қалды. Қос көзі анасының жаутаңдаған жалғыз жанарына тіке қадалды. Атып жіберердей. Ұстазынан ұялған болар. Ләм-мим демеді. Алайда бойын ащы ыза кернеді. Өз терісіне өзі сыймай, қайта-қайта бұрқан-талқан болды. Көп аялдаған жоқ. Есікті қайта кірместей тарс жауып кетті.
Өкініш пен өксік
Нұрбол ақшам намазынан асқан уақытта үйіне келіп, назалы үнмен назын айтты. Бәйек болған Бибісара күні бойы аш жүрген баласының тамағының қамына кірісті. Артынан қалмай қойған Нұрбол ащы дауыспен ренішін білдірді.
– Мама, сабаққа неге келесің? Мені масқаралағанша асханаңда жұмысыңды істеп жүре берсең қайтеді? Саған осы не жетпейді? Түсінбей-ақ қойдым сені. Мені енді іздеп келме. «Анасы соқыр екен», – деген сөзді енді естігім келмейді… Сенің қасыңда жүруге ұяламын. Маған жоламашы… Айтшы, неге соқырсың? Қайда бір көзің? Сырын білсем бола ма?
Байғұс Бибісара жалғыз жанарымен тағы жылады. Еңіреді, егілді. Көзінен жас төгілді. Көкірегін ащы өксік кернеді. Шарасыздық па, әлде қорқыныш па? Оны өзі де білмейді. Белгілісі, жүрегінің түбінде бір құпия бар. Тағы жасырып қалды. Ана жүрегі тентек ұлын бұл жолы да кешірді:
– Кешір, балам. Сен не десең сол болады. Енді сені ренжітпеймін. Анаңның қателігін кешір, құлыным… Қоңыр қозым, сен ренжімеші. Сені жақсы көрем ғой. Кел, тамағыңды іше ғой, айналайын.
Ана осылайша уәде берді. Сөзін амалға асырды. Баласына артық уайым-қайғы туғызбауды көздеген еді. Ұлын енді қайта іздеп бармауды ұйғарды. Сыртынан дұға етіп, аналық ақ тілегін Аллаға жолдады.
Сағат сырғып, уақыт жылжып, Нұрбол оқуын аяқтады. Мектепті үздік бітірді. Ендігі асыл арманы – шетелде оқу. Сөйтіп, бір көзі жоқ анасынан біржола құтылуды көздеді. Алла пендеге мейірімді ғой. Тілегін қабыл алыпты. Оқуға түсті. Мұхит асып кетті. Ауылда қалған жалғыз анасына бұрынғыдан да бетер суық қарайды. Айтқандай-ақ, ақ сүт беріп асыраған аяулы анасын мүлдем ұмытты. Білікті маман болды. Жұмыс тапты. Үйленді. Бала сүйді. Бірақ шешені есіне де алмады. Немересінің маңдайын әжесіне бір иіскету ойына да келмеді. Тасжүрек одан сайын қатып қалған екен. Анаға деген мейірім жоқ. Жылу жоқ.
Күңіренген көк аспан
Англия. Күз. Жаңбыр сіркіреп тұр. Жігіт үйі мәз-мейрам. Бүгін оның туған күні. Отбасымен тойлап жатыр. Бір кезде есікті біреу қаққандай болды. Туған күнді тойлаған топ аңтарылып қалды. Бұрын-соңды бұл үйге ешкім келмеген. Түн ішінде, беймаза уақытта келген кім болды екен? Бәрінің көкейінде осы сауал. Жұбайы есікті ашып қараса… егде жастағы әйел тұр. Бір көзі жоқ. Шошып кетті.
– Ойбай, Нұрбол келші. Бір қаңғыбас, адасқан әйел келіп тұр. Нан сұрап келгенге ұқсайды. Сұрағанын беріп жіберші. Қайтып бұл үйге келмесін.
Жігіт бала-шағасымен есікке қарай аяңдады. Балалары да соқыр әйелді көріп, жылап жіберді. Шошып кеткен екен. Бала-шаға безек қақты. Сол баяғы байғұс соқыр ана Англияға баласын іздеп келіпті. Нұрбол оған тағы да қабағын түйді. Жақтырмады. Жалғыз көзді анаға жақындап, сыртқа алып кетті. Жеке сөйлесті.
– Мама, түу мұнда не істеп жүрсің? Неге келдің? Не керек саған өзі? Әйелім мен баламды шошыттың ғой. Артымнан іздеп келме деп ем ғой? Сен маған «енді іздеп келмеймін» деп уәде бергенсің. Неге сөзіңде тұрмайсың? Үйге кірмейсің. Балаларымды тағы шошытасың. Қазір-ақ кет. Қайда қонатыныңды өзің шеш.
– Құлыным, балапаным, сонау жерден өзің деп келдім. Мен бұған өкінбеймін. Хабарласпай кеттің ғой. Еш болмаса, телефон шалсаң нетті?! Өздеріңді уайымдаумен шашым да ағарды. Күндіз күлкімнен, түнде ұйқымнан айырылдым. Сені үйленіпті деп естідім. Балаң да бар екен. Үйге кіргізші. Немеремнің бетінен бір сүйіп кетейінші еш болмаса.
– Айттым ғой «жоқ» деп. Кірмейсің. Бір көзің жоқ. Кішкентайларды қорқытасың.
Әңгіме осы жерден үзілді. Екеуі де үнсіз. Көк аспан күңіреніп, ақ жауын анамен бірге жылап тұрғандай. Табиғат та тентек балаға кейіс білдіріп, періштелер де қайғы жеп тұрғандай... Кейуанаға кеудесін керген баладан енді қайыр жоқ. Ана жүрегі мұны әбден сезді. Үсті-басы малмандай су. Амал жоқ, келген жолымен кері кетті.
Хат пен хақ
Уақыт зымырап өтіп жатты. Нұрболдың мектеп бітіргеніне 20 жыл. Достары оны ауылға шақырды. 20 жылдықты бірге тойлау үшін. Жігіт жол ұзақ деп қиналды. Тай-құлындай тебісіп өскен жолдастары кел-кел деп жанына тыныштық берер емес. Әрі ойланды, бері ойланды, ақыры ұшаққа билет алды. Сөйтіп, отбасымен туған елге аттанды. Алақандай ауылға кеп, достарымен арқа-жарқа болып, өткенін еске алды. Алайда көңілі түспесін деді ме, сыныптастары осыдан он жыл бұрын болған қайғылы оқиғаны айтпады...
Нұрболға бір нәрсе жетіспейтіндей көрінді де тұрды. Бойын мазасыздық биледі. Бар уайымы не де болса өз үйін көріп, мауқын басу еді. Балалықты еске алсам деген оймен жалғыз жаяулатып, үйіне қарай беттеді. Ақырын аяңдап, өзі тұрған ескі үйге де жетті. Шаңырақта бөтен егде әйел әрі-бері тірлік етіп жүр.
– Нұрболжан, бұл сен бе, айналайын? Үлкен жігіт болыпсың ғой, қарағым. Бірден таныдым сені. Кіре ғой.
– Бұл жерде кім тұрып жатыр өзі? Мына үй тозып кетіпті ғой.
– Е-е-е-х, балам, – деп ұзақ күрсінді әлгі әйел.
– Сенің хабарың жоқ екен. Анаңның қайтыс болғанына біраз уақыт өтті.
Баланың көз алдына анасымен болған соңғы кездесу елестеді. Секундтарда санасына сан ойлар келді...
– Мұнда біз тұрып жатырмыз. Бибісараның саған бер деп, аманат етіп кеткен бір хаты бар еді. Мен ашпадым. Өзің оқырсың, жарығым. Қазір. Күте тұр. Алып шығайын.
Әлгі әйел төрт бұрыштап бүктелген ақ қағазды Нұрболдың қолына ұстатты. Жігіт ештеңе түсінбеді. Бір белгілісі, жүрегі дүрсіл қағып, бойын әлсіздік биледі. Оңаша оқиын деп өзімен бірге алып кетті. Ашып қараса анасының хаты:
«Балам, ботам, айым, күнім, асылым! Қарт кеудемді бір күні ажал аларына көзім жетті. Алланың маған осындай өмір бергеніне шүкір етемін. Ешқашан өміріме өкінген емеспін. Саған айтпай келген кеудемде бір жасырын сыр бар еді. Өзегімді өртеп барады. Ақыры өзіңе айтуға бел будым. Ендеше, тыңда, жаным, балам. Сен ол кезде нәресте едің. Әкең марқұм сені қатты жақсы көруші еді. Екеуміз күн демей, түн демей өзіңе қарайтынбыз. Сені әрқашан еркелетуші еді ол. Қайда барса да өзімен бірге алып жүретін. Бір күні сені қалаға қыдыртып қайтайық деп жолға шықтық. Ажал адамның жанын бірде ерте, бірде кеш алады екен. Жол апаты әкеңнің жанын жалмады. Тағдыр екен. Мен жесір қалдым. Сені сол кезде өмірімнің соңына дейін аялап өтем деп ант-су іштім. Жол апатынан мен де жеңіл жарақат алдым. Алайда сенің оң жақ жанарыңа қатты зақым келіпті. Дәрігерлер көзіңді көрді. Қандай шешім айтар екен деп қатты үрейлендім. «Балаңыз басынан қатты жарақат алыпты. Оң жақ көзі көрмейді. Тезірек сау көз табыңыз. Орнына соны саламыз», – деді сол кезде дәрігерлер. Менің есім шығып, ет жүрегім дүрсілдеп кетті. Өзімді қоярға жер таппай кеттім. «Балам бақытты өмір сүрсін, көзі соқыр боп қалмасын, менің сау көзімді алып, салып беріңіздерші», – деп дәрігерлерге жалындым. Міне, балам, содан бері соқырмын. Содан бері таңым – қайғы, кешім – мұң. Өзіңді осы жалғыз көзбен көп ұялтсам кешір мені, ботам. Кешіргін».
Хатты оқыған жігіттің жүрегі аттай тулады. Көкірегін ащы өксік, өкініш биледі. Іші удай ашыды. Қолындағы ақ парақ жасқа шыланыпты. Бірі анасының, бірі өзінің көзімен жылап тұрған бұл Нұрбол еді…
Бұл – ертегі емес. Өмірде мұндай оқиғалар көп. Болған жайттан алар сабақтар, ғибраттар бар. Себебін білмей қате қадам басатынымызды кейде байқамай қаламыз. Ата-анамыздың көңілін тірі кезінде таппасақ, қайтқан соң қайғырудан не қайыр?!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы