Дүниекезек
Дүниекезек

Көктем айының шуақты күні көкжиекке ілінгелі бері тіршілік атаулы ұйқысынан оянып табиғаттың беймаза ырғағы әлемді билеп алғандай. Қытымыр қыстың әуре-сарсаңға толы күндерінен шаршаған жұрттың да көңілі бұл күнде көтеріңкі. Қаланың сыртқы бөлігінде жасанды көлдің жағасына жақын орналасқан көркі көз тартарлық зәулім үйдің сұлбасы алыс жерден байқалып тұр. Іші-сырты заман талабына сай безендірілген бұл үй Күреңбай атты елуді еңсерген кәсіпкер азамат меншігі. Күреңбай - толық денелі, қара мұртты, көздері үлкен, жалпақ мұрынды адам. Шарасынан шыққан үлкен қара көздерінен мейірімнен гөрі біртүрлі суық ызғардың лебі білінгендей. Жастайынан саудамен айналысқан бұл адамның мінезінде адамгершіліктен гөрі қулық-сұмдық жағы басым тұратын. Күреңбай сапасыз тауарлар шығарумен айналысатын алаяқтармен байланысып, жылдар бойы халыққа ол тауарларды қымбат бағамен сатты. Сол кәсібімен тұрмысын көтерді.  Дәл осылай ішпей-жемей жинаған дүниенің арқасында бұл күнде ірі байға айналып отыр. Осы қаланың өзінде 2 кафесі, 1 казиносы бар. Казиноға келіп жүрген құмар ойынның жетегінде кетіп салы суға кеткендерге титтей де жаны ашыған емес. Олардың келгеніне қуанады. Мейлі уыздай жас келсін, мейлі сақалы сапсиған кәрі келсе де бұл селт етпейді. Қалтасының күннен күнге қалыңдағанына мәз болып жүргені сол. Күреңбайдың бар ойы ақша, табыс, пайда... Өмірінің де бар мағынасы осы.

Күреңбайға көршілес оң қапталдағы сары қақпалы жұпыны үйде жас келіншек 2 баласымен тұрып келеді. Күйеуі өткен жылы автомобиль апатынан қайтыс болған еді. Оның алдында Күреңбайдың жүргізушісі болып қызмет істеген. Күйеуі өлгелі жас келіншекке тұрмыс тауқыметі ауыр тиіп жүр. Кей кездері қара нанға да ақша жетпей қалып жатады. Қаһарлы қыстан шықпа жаным шықпамен шыққанымен 2 бөлмелі аласа үйдің іші бүгін де салқын. Диванның шетін ала жас келіншек көрпені жамылып үнсіз ойланып отыр. Қасында 2 ұлы бүрсектеп, аналарына жаутаңдап қарап қояды. Бұл балалардың бірі – 4, бірі 2 жаста. Кішісінің туғанынан денсаулығында кінәраты бар. Жас келіншекті осы жай да ойландырып, тыныштық бергізбей отыр. Бір нәрсеге батылы жетпей отырған сияқты. Ақыры, ол орнынан тұрды да, 2 баласын жетектеп, Күреңбайдың үйіне қарай беттеді. Ондағы ойы қалталы байдан кіші баласының жүрегіне ота жасатуға қарызға ақша сұрау болатын.

Міне, зәулім үйге кіргелі балалардың да аузы аңтарылып қалыпты. Күндегі өздерінің лашықтарына қарағанда мынау бейнебір ертегідегі сарайдай әсер қалдырса керек. Осы кезде балалы келіншектің алдынан қызметші әйел жүгіріп шықты. Сәбира оған өзінің шаруасын түсіндіріп айтты. Қызметші әйел Күреңбайды шақыру үшін үйге кіріп кетті де, көп ұзамай Күреңбай сыртқа шықты. Ол өзіне жалынышты жүзбен амандасқан жас келіншекке өңін бермей, салқын ғана амандасты. Сәбира баласының тумысынан жүрек кемістігі барын, енді соған ота жасату үшін қарызға ақша беруін өтініп сұрай бастап еді, Күреңбай қолын сілтеді де, кері бұрылып жүре берді. Жас келіншек не істерін білмей дағдарып қалды. Сәлден соң өзіне өзі келгеннен кейін Күреңбайдың соңынан жүгірді. Үйдің кең дәлізінде қуып жетіп, тәкаппар байға тағы да үн қатты.

– Ағатай, Құдай разылығы үшін қарызға ақша беріңізші. Жұмыс істеп қайтарамын, –деді Сәбира.

– Не жұмыс істейсің? Қолыңда дипломың да жоқ. Сен сияқты берекесіздерге көк тиын да татырмаймын, – деді Күреңбай маңғазданған жүзбен.

– Ағатай-ау, баламның өмірі қыл үстінде тұр ғой. Көмектесіңізші.

– Әй,балаңның ауру болғанына мен кінәлімін бе? Маған келіп алып міндетсінгенін қарашы. Басымды қатырмай үйімнен тез кет!

– Күреңбай аға, сіздің де балаңыз бар ғой, түсініңізші...

– Жоғал! – деді де Күреңбай Сәбираны кеудесінен итеріп жіберіп, еш шімірікпестен жұмыс бөлмесіне қарай беттеді. Осы кезде Сәбираның кіші баласы мейірімсіз жанның қаһарлы жүзінен қаймығып жылап қоя берді. Баланың жылағанын ұнатпаған Күреңбай дауысын көтере сөйлеп барады.

– Ой, үнің өшкір қу жетімектер! – деп ол бөлмесіне кіріп жоқ болды.

Дәл сол сәтте Күреңбайдың үйінің жанына жеңіл машина келіп тоқтады. Бұл оның қос ұлының үлкені Сәкен болатын. Ол шағын кәсіппен айналысатын, яғни кішігірім кәсіпкер. Ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрынды келген бұл жігіттің мінезі әкесіне мүлде ұқсамаған. Иманжүзді ақкөңіл жігіт қай кезде болмасын кісіге жақсылық жасауға дайын тұратын. Бес уақыт намазын оқып, имандылыққа бет бұрған инабатты жігітке туған-туысқандары да, дос-жарандары да дән риза. Сәкен үйге кіре берген жерінде мұңлы көзінен жас тамшылап, қос ұлын жетектеп бара жатқан жас келіншекті жолықтырды. Сәкен Сәбираны бұрыннан танитын. Әкесінің үйіне келген кездері осы отбасының қал-жағдайын біліп, керек-жарақтарын алуға қаржылай көмектесетін. Ол бүгінгі күні Сәбираның мұңлы жүзінің бұрынғыдан да көңілсіздене түскенін байқады. Жас келіншектен амандық-саулық сұрап еді, барлығы жақсы деп білдіргісі келмеді. Бірақ артынша ойлана келе, осы бір адамгершілігі мол азаматқа басына түскен аса қиын мәселені айтамын деп шешті.

– Кіші ұлым Төленің туғаннан жүрек кемістігі бар болатын. Соған ота жасатуға ақша керек болып тұр. Ақша сұрап әкеңізге келіп едім, бермеді, – деді Сәбира.

– Қанша керек? – деді Сәкен.

– 2000 доллар.

Ондай ақша қазір менде жоқ. Бірақ мен танысымнан  сұрап көрейін, – деп Сәкен өзінің жұмыстағы әріптесіне ұялы телефонмен қоңырау шалды. Танысы бір сөзге келместен ақшаны беруге келісті. Сәкен танысының мекен-жайын бір қағазға жазып, келіншектің қолына ұстатты. Сәбира қатты қуанды. Әп сәтте манағы мұңлы жүзіне қуаныш нұры ұялады. Сәкенге рахметін айтып, балаларын ертіп сыртқа асыға шықты.

Көп кідірместен Сәкен үйге кірді. Әкесі үйдің қонақ күтетін бөлмесінде шарап ішіп отыр екен. Ұлының келгенін байқаса да, орнынан қозғалған жоқ. Күреңбай үлкен ұлы Сәкенге қарағанда, өзіне ұқсаған кіші ұлы Ринатты артық көретін. Күреңбайдың әйелі ертеректе жүрек ауруынан қайтыс болған. Ол кезде Сәкен – 10, Ринат 2 жасқа толған кез. Ана тәрбиесін көрмеген Ринат кісі баласына жаны ашымайтын безбүйрек болып өсті. Сәкеннің мінезі анасына ұқсайтын. Анасы марқұм мейірімді, ақжүрек кісі еді.

– Ассалаумағалейкум, – деді Сәкен кірген бетте.

– Уағалейкумсалам, – деді Күреңбай жақтырмаған кейіппен.

– Хал-жағдайыңыз қалай, әке?

– Жақсы балам.

– Шаруаларыңыз қалай?

– Менікі әрдайым жақсы ғой.

– Жаңа Сәбира сізден ақша сұрапты ғой.

– Иә,  үнемі сөйтіп сұраншақтап жүреді. Қабақ шытпасаң басыңа шығатын түрі бар, тыйып тастадым.

– Әке, оның басына қиын жағдай түсіп отыр екен. Көмектеспегеніңіз дұрыс болмады.

– Ой, сол сорлыларды мен асырауым керек пе?

– Сіз оларды асырамайсыз. Бар болғаны көмектесесіз. Оған сіздің жағдайыңыз толық жетеді.

– Өз күндерін өздері көрсін олар мені қызықтырмайды.

– Көршісі аш жатып, өзі тоқ жатқан бізден емес, – деген еді Пайғамбарымыз Мұхаммед. Сондықтан да, мұқтаж жандарға жәрдемдеспеу мұсылмандығыңызға сын екенін ескерткім келеді.

Осы сәтте Күреңбай қатты ашуланып, ұлына дауыс көтерді:

– Мен енді ақшамды алдыма келгеннің бәріне оңды-солды таратып беруім керек екен ғой. Оттапсың! Сен нешеме жыл тырбанып жиған байлықтың қадір-қасиетін неге түсінбейсің?

– Ол байлығыңның құны көк тиын. Әлде осы байлықты о дүниеге арқалап кетемін деп жүрсіз бе?

– Сәкен-ау, о дүниеге арқалап кетпесем де, бұның барлығын сендерге қалдырамын ғой.

– Елді алдап-арбап жинаған байлығыңның маған керегі жоқ. Жарымжан жандарға, жетім-жесірлерге басқа да мұқтаж адамдарға мүмкіндігінше көмектесіңіз. Сонда Құдай алдында сауапқа ие боласыз. Кеш болмай тұрғанда тәубеге келіңіз.

– Жетіміңе де, жесіріңе де бір тиын да бермеймін. Сен сияқты қолдағы дәулеттің парқын білмейтін ақымаққа мына дүние-мүліктің бірін де қалдырмаймын. Мұның бәрі Ринаттікі. Сол есіңде болсын!

– Мейлі, солай деп шешсеңіз өзіңіз біліңіз. Мен өз күнімді өзім көре аламын, – деп Сәкен үйден шықты. Күреңбай терісіне сыймай үйде қала берді. Ертеңнен қалдырмай бар дүние-мүлкін Ринаттың атына жаздырамын деп шешті.

Келесі күні-ақ Күреңбай нотариусты шақырып, өзінің бар байлығын ұлы Ринаттың атына жаздырды. Ондағы ойы көп жағдайда қарсы келе беретін, адамгершілікті бірінші кезекке қоятын үлкен ұлы Сәкенді мұқалту еді. Әкесінің бар мүлкін өз атына жазғанын естігенде Ринат қатты қуанды. Бұл да әкесі тәрізді дүниеқоңыз, пайдакүнем адам. Әкесінің бар дүниесі өзінікі екеніне сене алмай, біраз уақыт дел-сал күйде жүрді. Сосын қуанышы кемелінен асып төгіліп, әкесін барып құшақтап алды. Әкесі де өз ісіне риза болды. Қулық-сұмдықты қойып тура жолға түс деп айтудан жалықпайтын Сәкеннің жігерін құм қылдым деп ойлады.

Ринат жоғарғы оқу орындарының бірінде 3 курста оқиды. Оқу-білімге ынта-ықыласы жоқ, тек ойнап-күліп, қыдырғанды ұнататын жігіт. Көмек сұраған жолдастарына үнемі «ақшам жоқ» деп жауап беретін. Ал ойын-сауыққа келгенде дүниеқоңыздығын ұмытып әкесі берген ақшаны оңды-солды шашатын. Ринат қазіргі уақытта ішімдікке әуес бола бастады. Жынды суды ұрттап алған кездері үйіне қонбай, қыз-қырқынмен уақыт өткізетін.

Арада зымырап 4 жыл да өтті. Бұл күнде Сәкеннің шаруасы өрге басты. Халал өнімдер сатумен айналысатын Сәкен қалада дүкен ашты. Халық тарапынан халал өнімдерге деген сұраныс арта түсті. Осы дүкенде Күреңбайдың көршісі Сәбира сатушы болып жұмыс істейді. Сәбираның жұмыс таппай отырғанын білетін Сәкен дүкенін ашқан мезетте, дереу оны жұмысқа алды. Содан бері бұл отбасының тұрмысы біраз түзелді. Сәбира кіші ұлының жүрегіне ота жасатып, баласы дертінен толық айықты. 6 жасқа толған бұл бала, Алла қаласа, биылғы жылы мектепке барады. Үлкен ұлы сабақтан бос уақытында анасына қолғабыс тигізеді.

Ал Күреңбайдың үйіндегі жағдай мүлде басқа. Өзі сенім артқан ұлы Ринат оқу бітіргесін жұмыс істемей тек тайраңдаумен жүр. Қыз-қырқын, түнгі клуб, арақ-шарап өмірінің мәні мен сәніне айналды. Қымбат машинамен секеңдеп, күнде үйіне мас болып келеді. Одан қалса казиноға барып, құмар ойнаушыларға қосылады. Айналасындағы достары да өзі тәрізді әумесерлер. Күреңбайды бұл жайлар алаңдата бастады. Қасында серік болар тірегі де жоқ. Ұлы Сәкенге хабарласқанды намыс көріп, өзін-өзі тыйып тастады. Ринат есірткісіз тұра алмайтын дәрежеге жетті. Есірткі құлы үйіндегі дүние-мүлікке қол салып, оларды сатып, есірткісін алып жүрді. Осы істерімен Ринат әкесінің мазасын қашыра бастады.

Күреңбай терең ойға батып, күбірлеп сөйлеп отыр:

«Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» деуші еді дана Абай. Ринаттың осындай болып шыққанына өзім кінәлімін. Расында мен дүние-дүние деп жүріп, бұларға көңіл бөлмеппін ғой. Анасынан айрылғалы балаларма бір рет те болсын әкелік мейірімімді көрсетпедім. Басынан сипап ертегі айтып беруді де білмеппін. Сәкенім имандылық жолына түсіп өзін-өзі тәрбиеледі. Ал Ринат... – деп ойға шома бергені сол еді, осы сәтте біреу есіктің қоңырауын басты. Күреңбай есікке қарай барып, арнайы көзілдіріктен сыртқа сығалады. Бейтаныс ер адам келіп тұр екен. Ол есік ашуды талап етті. Сыпайы түрде амандасқан әлгі адам бұл үйдің ендігі қожасы өзі екенін, 1 күннің ішінде үйді босату керектігін айтып түсіндірді. Күреңбай сенер-сенбесін білмеді. Бейтаныс адам папкасынан 1 қағазды алып көрсетті. Сөйтсе, Ринат қарқарадай үйді, казиноны, дүкендерді жалпы барлық дүние-мүлікті осы адамға сатып жіберіпті. Ер адам қоштасты да, көлігіне мініп өз шаруасымен кетті. Күреңбай не күлерін, не жыларын білмеді. Көп ұзамай Ринат үйге келіп кірді. Өңі қашқан жігіттің киімдері олпы-солпы, жүзінен бірдеңені бүлдіргені байқалады. Әкесінің көзіне тура қарай алмай басын төмен салбыратып сөйлеп тұр.

– Әке, әке үйден де, байлығымыздан да айрылдық. Мен жарымес есірткі мен құмар ойын үшін барлығын саттым. Кешір, кешір, әке! Саған қарауға бетім жоқ, – деп Ринат жылап жіберді.

Күреңбай өңін бермей сазарып:

– Балам осының барлығына өзім кінәлімін. Арам жолмен табыс тауып байыдым. Елдің көз жасына қалдым. Шіркін, қайтадан басынан бастап өмір сүрсем ғой. Мұндай жолға түспес едім. Шіркін, – деді де үйдегі киім-кешектерін жинастыра бастады.

– Балам 1 күннің ішінде үйді босатуымыз керек. Жинала бер!

– Әке кешір. Өтінемін, кешір мені, әке!

Келесі күні Күреңбай баласын ертіп, зәулім сарайын босатып шықты. Өзінің  арам табысынан тұрғызылған үйге бір рет көз тастады да, қайта бұрылмай жүре берді. Қайда барарын да білмеді. Өзі тәрізді харам пайдамен байыған жақсы сыйласқан достары бар болатын. Солардан уақытша пана сұрауға ниет етті. Достары алғашқыда Күреңбайды қуанып қарсы алғанымен, басына түскен жағдайды естіген соң әр нәрсені сылтауратып ат-тондарын ала қашты.

Жаман дос көлеңке:
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт алса,
Іздеп таба алмайсың,

– деп дана Абайдың айтқаны Күреңбайдың нақ осы жағдайына келетін тәрізді еді.

Амалдары құрыған Күреңбай мен Ринат Сәкеннің үйіне беттеді. Кеше ғана Сәкендей асыл жанды ұлынан теріс айналған Күреңбайға құбылмалы дүние үлкен сабақ берді. Мейлі, Сәкен кешірер, бірақ кешегі көкірегін керген мейірімсіз бай, мойнындағы зіл батпан күнәсімен қалай өмір сүрмек? Күреңбай әлі де өз-өзіне келе алмай жатыр. Әсіресе досым деп жүргендердің өзінен теріс айналуы бұған ауыр соққы болып тиді. Сонда өмірдің мәні не? Адам қалай өмір сүру керек? Шын дос өмірде бар ма? Адал досты қалай табуға болады? Барлығы өткінші болса бұл өмірдің мәнісі не?

Әкесі мен інісін көрген Сәкен оларды құшақ жайып қарсы алды. Ұлынан мұндай мейірімділікті күтпеген Күреңбай не істерін білмей қозғалыссыз қалды. Кеше ғана өзін патшадай сезінген Күреңбай Сәкенге айтқан сөздеріне өкініп, терең күрсінді. Өмір тек материалдық байлықпен өлшенбейтініне көзі жетті. Адам үшін рухани байлық пен адамгершілік қатынастардан өзге құндылықтар жоқ екенін түсінді.

Сәкен әкесі мен інісін үйіне кіргізіп, келіншегіне тамақ әзірлетті. Сәкен осыдан 2 жыл бұрын отау құрған еді. Қыңыр мінезді Күреңбай тойына баруға да жарамады. Өзінің кінәсін сезінген Күреңбай сөйлеуге сөз таппай қысылып отыр. Сәкен қал-жағдайларын сұрап еді, әке мен бала көпке дейін үндемей отырды да, біраз уақыттан соң Күреңбайдың өзі болған жайдың барлығын әңгімелеп берді. Әңгімені үнсіз ғана тыңдаған Сәкен, әкесі мен інісін сабырлы болуға шақырды. Бұл да бір Алланың сынағы екенін сезді. Дүние бүгін қолда бар, ертең жоқ. Дүниекезек деген осы...

Ринат есірткіден айықтыру орталығына барып емделгісі келетінін  жеткізді. Мұны ағасы құп көріп, ертеңгі күні баратын болып келісті. Ойын-сауықты сүйетін Ринат өмірі босқа өтіп бара жатқанын, қолындағы талай нәрседен айрылғанын түсінді. Оқуы жайына қалды... Ринат азаматтық абыройынан, адамдығынан айырылды емес пе? Өз-өзіне келіп дұрыс өмір сүру үшін нашақорлықтан толығымен арылу қажет екеніне Ринаттың көзі жетті.

Сәкен әкесін дүкеніне ертіп барды. Күреңбай ұлының дүкеніне кірген бетте көзіне таныс бейне оттай басылды. Бір кезде Сәбираға жасаған мейірімсіздігі есіне түсіп, кірерге жер таппады. Сәбираның басына қиын жағдай түскенін ести тұра, келіншектің кеудесінен итеріп, балағаттап кеткені есіне түсті. Ал Сәбира болса түк болмағандай мейірімсіз көршісіне жылышырай амандасып жатыр. Келіншектің көзіне қарай алмаған Күреңбай еріксіз сыртқа шығып кетті. Сәкен әкесімен қоса шығып не болғанын сұрап еді, баяғыда өзінің Сәбираға істеген мейірімсіздігін есіне түсірді. Сол кезде Сәкеннің айтқандарын тыңдамағанына өкінетінін жеткізді. Сәкен әлі де кеш емес екенін егер ниет етсе намаз оқып, тура жолға түсуге болатынын айтып түсіндірді. Мейірімді Алла шынайы тәубе еткен құлының күнәсін кешіруі мүмкін екенін әкесіне жеткізді. Ұлының сөздерін тыңдап болғаннан кейін Күреңбай мешітке баруға бел буды.

Ұзақ жылдар бойы арам ақшамен табыс тапқан Күреңбай Алла үйіне кіруге жүрексінді. Өйткені, күнәлі істерінің бәрі де кешегі мейірімсіз байды мазасыз ойларға жетеледі. Ақырында тәуекел етіп, Күреңбай мешітке кірді. Мешітке кірген бетте ерекше сезімге бөленді. Бейнебір Күреңбай жаңа әлемнің есігін ашқандай болды. Барлығы да Күреңбайға «сен жоғалтқан байлықтан да қымбат құндылық бар, ол имандылық» дегендей әсер қалдырды. Ғибадат үйіне бұрын-соңды кірмеген бұл жан ойланып отырып қалды. Отырған бетте өзінің өмірде жүріп өткен жолының барлығы көз алдына елестеді. Бала кезінен бастап кісі атаулыға зияндық жасаумен келеді екен. Өзіне-өзі «мен кімге жақсылық жасадым» деген сұрақ қойып, оған бірде-бір жауап таппады. Сәбираға жасаған мейірімсіздігін талай адамға көрсетті. Көмек сұрап келген зағип қарт анаға да көмектеспей, күзетшісіне айтып үйден қуып шыққаны есіне түсті. Өмірде жасаған қулық-сұмдықтары көп болған екен. Одан бертін келе құмар ойынның жетегіне түскендердің басын қосатын арам пайда ошағын салды. Осының барлығы айналып келіп өз басына кесірін тигізді. Ұлы Ринат теріс жолға түсіп, Күреңбайдың кісіге жасаған қиянатының барлығы алдынан шықты.

Күреңбай егіліп жылап, Алла Тағаладан қол жайып, кешірім тіледі. Өмірінде бірінші рет мейірімсіз жүрегі жібіп, көзінен ыстық жас шықты.

Бұл тастай қатып қалған мейірімсіз жүректің жібуі еді...

Бұл дүниеден басқаны көрмейтін көрсоқыр көздің ашылуы еді...

Бұл дүниеден басқа ешнәрсені сезінбейтін сананың ақылға келуі еді.

Күреңбай қалған ғұмырын Жаратушы Иеден кешірім тілеп, құлшылық етумен өткізуге ниет етті. Не керек, Күреңбай қателерін түсініп, тәубесіне келіп, Алла Тағаладан кешірім тіледі. Шыққан ыстық жасын ағыл-тегіл ағыза отырып, жалбарына сұрады кешірімді. Ал бұл өмірде дүниеден басқа ешнәрсені білмейтін, көрмейтін күреңбайлар қаншама?!

Елнұр Әскенұлы, 
Кенен ауылы, Қордай ауданы, Жамбыл облысы.

иман, адал табыс, байлық, арам ақша, сынақ, дүниекезек
ShynarShynar
9 жыл бұрын 3887
1 пікір
  • Тәрбиелік мәні бар, мағыналы әңгіме екен. Өмірде бай болсаң да, кедей болсаң да қарапайым болу керек.
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248