"Дұға етші, жаңбыр тоқтасын..."
"Дұға етші, жаңбыр тоқтасын..."

Әнас ибн Малик (р.а.) әңгімелеуде:

Бір жұма күні пайғамбарымыз мінбеде хұтба оқып жатқанында, мінберге қарама-қарсы есіктен біреу кіріп, пайғамбарымызға қарай бұрылды. Сөйтті де тізе бүгіп отырмастан Пайғамбарымызбен сөйлесе бастады: «Уа, Аллаһтың пайғамбары, жағдайымыз қиын, құрғақшылықтан малдарымыз қырылатын болды, шарамыз қалмады... Дұға етші, бізге жаңбыр жаудырсын». Осы сәт Расулаллаһ алақанын жайып «Аллаһ тағалам, бізге жаңбыр жібер, Аллаһ тағалам, бізге жаңбыр жібер, Аллаһ тағалам, бізге жаңбыр жібер» деп дұға етті.

Аллаһқа ант етейін, дәл сол сәтте аспанда шөкімдей де бұлт жоқ еді. Тіпті, Сел тауы мен арамызда бұлтты көруге кедергі келтіретін үй секілді ешқандай үй де жоқ еді. Бірден Сел тауының ар жағынан щеңберленген бір бұлт көрінді. Бұл бұлт аспанның дәл ортасына келгенге дейін көтерілді, содан кейін жан жаққа жайылды. Артынша жауын жауа бастады. Тіпті бір апта бойы күннің жүзін көрмедік.

Келесі жұма күні Ардақты пайғамбарымыз хұтба оқып тұрғанында, әлгі есіктен біреу кіріп, түрегеп тұрған қалпы: «Уа, Расулаллаһ, малдарымыз (жаңбырдың қатты жауғанынан) қырылатын болды, жолымыз бөгелді. Дұға етші, жаңбыр тоқтасын», – деп өтініш айтты. Пайғамбарымыз осы кезде қолын жайып былай деп дұға етті: «Аллаһ тағалам, бізге емес, маңайымызға жаудыр. Маңайымыздағы тауларға, төбелер мен сайларға, өсімдіктер мен ағаштар өсетін жерлерге жаудыра гөр». Осы дұғадан кейін жаңбыр тоқтады. Біз мешіттен шығып күннің астында жүрдік.

Шәрик Әнас ибн Маликтен (р.а.) жаңбыр жаууын сұраған кісі мен жаңбырдың тоқтауын сұраған кісінің бір адам не еместігін сұрағанда, Әнас оған «Білмеймін» деп жауап берген»[1].

 

Әдетте, бірінші жағдаймен дұға тілейтін, тіпті тасаттыққа шығатын уақыттар болушы еді. Бірақ биыл бізде (Алматыда) жаңбыр көп болды. Және тек Алматыда емес, еліміздің көптеген жерлерінде жаңбырдың жылдық мөлшері бір айдың төңірегінде түсіп қойғаны айтылып жатыр. Жаңбыр жауғаны қанша жерден жақсы деп айтсақ та, қазір біздің жағдай мына оқиғадағы екінші рет келіп дұға сұрағанына ұқсас келіп тұр. Малдар қырылатын, егін өсе алмайтын, жолдар жабылатын, үйлерді сел басатын қолайсыз жағдайлар туындауда. Өкінішке орай, біз барып дұға етуін сұрайтын Пайғамбар (с.а.с.) жанымызда емес. Барлық жауапкершілік өзіміздің мойнымызда. Сондықтан біз де сырт қарамай, "менен кейін сел болса да бәрібір" демей, дұға тілеуіміз керек сияқты. Негізінде, мұндай табиғат апаттары Аллаһтың қаһарына ұшыраған елдерде болатын. Бізді ондайлардан болудан Жаратушымыз Өзі сақтасын! Сондықтан, бір жағынан тәубе етуіміз де керек сияқты. Және көп дұға етейікші! Көптің дұғасын Аллаһ Тағала қабыл алады ғой! 

Иә, Рамазанның алғашқы аптасындағы аптап ыстықтан кейін, күн салқындап, жаңбыр жауғаны жақсы болды, оразаға жеңілдік болды дейміз ғой. Тіпті бір құрбыларым "Аллаһтың ісіне араласпайық, Аллаһ қайырын берсін" деген кездері де болды. 

Дегенмен де Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жоғарыдағы дұғасы бұл тұрғыдан бізге үлгі болатын сияқты. Сондықтан бәріміз бір ауыздан дұға тілесек деймін. (Ауа райы болжамы бойынша алдағы бір ай әлі жаңбыр көрсетуде. Бірақ Аллаһтың құдіретімен барлық нәрсе өзгере алады.)

Аллаһ Тағала елімізді, жерімізді қаһарынан, азабынан және мұндай табиғат апаттарынан сақтасын! 

Рамазан мубәрак болсын! Оразаларыңыз қабыл болсын!

 

 

[1] әл-Айни, Ұмдатул-қари, Китабул-истисқа, Бабул-Истисқа фи Масжид әл-Жами, № 1013 хадис; Ибн Хиббан, Сахих, Китабур-рақаиқ, Бап , № 992 хадис. 

ислам, дін, ораза, рамазан, жаңбыр мұғжизасы, Пайғамбар дұғасы, дұға тілейікші
ShynarShynar
8 жыл бұрын 15396
1 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248