Алдындағы жариялаған Құдайберді Бағашар ағамыздың мақаласында адамдарды ренжітпеу туралы өте жақсы жазылған екен. Соны сіздермен бөліскім келген!
Сонымен қатар, бұрын бір жерден оқығаным ба, естігенім бе бар еді...
Соны да осында бөлектеп шығарғым келді!
Көбінесе адамдар басқаларды ренжітпеуге көңіл бөлуге тырысып жатады. Ол туралы әңгіме де көбірек қозғалады. Адамдар сөйлеген сөзінде, жасаған іс-әрекетінде басқаларды ренжітуі мүмкін деген жайттарға мән беруге тырысып бағады.
Бірақ...
Бірақ, осының жанында адамның өзінің де басқаларға ренжімеуі деген мәселесі қалып қоятын сияқты. Қалай дейсіздер ғой?!
Бізге біреу ұрысып жатса, жамандап жатса немесе бір жамандық жасаса, біз қаншалықты салқынқандылық сақтай аламыз? Ол адамға ренжімей, бұрынғыдай қарым-қатынасымызды сақтап қала аламыз ба? Бұл өте маңызды мәселе екен. Өйткені, әлі де ақиқатты түсінбей, өз-өзін тәрбиелей алмай жүрген қаншама жан бар?! Олардың біреуі болмаса, біреуі келіп, бетімізге немесе сыртымыздан неше түрлі нәрсе айтып, тіпті жасап кетуі мүмкін. Сондай жағдайда бірден көңілімізге алып қалмай, ренжімеуіміз керек екен нағыз мұсылмандықты көрсете білу үшін!
Пайғамбарымызды (с.а.с.) өнеге етіп алайық, әрдайым жасайтынымыздай! Ол Аллаһтың ақиқат дінін түсіндіру үшін барған әрбір жерінде оған деген қарсылықтарға тап болды. Адамдар оның мүбәрак бетіне түкірді, арқасына түйенің ішек-қарнын ақтарып төкті, артынан тас лақтырып аяқтарын қан-жоса қылды, тағы осы сияқты сорақылықтары көп уақыт жалғасты. Осының барлығына мейірім Пайғамбары (с.а.с.) ренжіген жоқ, олар білмейді ғой деп қойды. Тіпті оларға дұға етті!
Біз де осы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінезінен үлгі алуымыз керек-ақ!
Адамдардың бізге ұнамайтын іс-әрекетінен, сөздерінен көңіліміз түссе де бастысы жүрегімізде ол адамдарға деген реніш, өкпенің орын алуына жол бермеуіміз қажет!
Дінімізде адамдардың арасында реніш, түсініспеушілік, кек сақтау деген нәрселердің болуына тыйым салынған. Яғни, хадисте айтылғандай үш күннен асырмау қажет шарты.
Бірақ енді үш күннен асырмаймыз деп жақындарымызбен ұрысып, ренжісе беру деген сөз емес қой бұл!
Бір нағыз мұсылманға жарасатыны басқаларды ренжітпеу де және өзі де басқаларға ренжімеу де. Екеуі де қатар болуы керек!
Шынар Ә.Т.
Бірақ әділетсіздікті көріп тұрып, ренжіп қалады екен деп айтпай да қоймаймын. Қатесін мойындатуға тырысамын. Өзім қателессем де, ертерек кешірім сұрап мойындауға тырысамын.