Шайтанды көруді қатты қалаған адамның ақыры...
Шайтанды көруді қатты қалаған адамның ақыры...

Орта жасқа келіп қалған бір мұсылман кісі болған екен. Бес уақыт намазы түгел, оразасы дұрыс, тақуалығы мен күнәдан аулақ тұруы өз алдына төрт құбыласы тең дейтіндей Аллаһтың бұйрықтарымен өмір сүріп жатады. 

Өзінің бір үлкен қалауы бар еді. Және әр намазында, мүбәрак күндер мен түндерде, түнде тұрып та дұға етіп соны тілеумен болады. Ол тілегі - лағынет атқыр шайтанды көзімен бір көру, көріп - оның сазайын беру. Аузынан тастамайтын ең ұлы тілегі де сол болғандай...

Алайда бір күні түсінде ғайыптан бір дауыс естіп, бұл тілегін тоқтату керектігі және шайтанды көру ол үшін қайырлы болмайтындығы айтылған ескерту алады. Бірақ әлгі кісі мұны естісе де қалауынан бас тартпайды, тілей береді.

Сонымен бір күні көшеде кетіп бара жатқанында алдынан біреуді кездестіреді. Ол өзін шайтанмын деп таныстырады. Сөйтіп адамның көптен бергі тілегі орындалады. Ол адам мұны ести сала шайтанға бас салып жұдырықпен қойып қалады. Шайтан жерге ұшып түседі. Жерден тұрмай құлап жатқан күйі:

- Мен де қазір сені ұрып, тіпті өлтіріп тастайтын едім. Бірақ, әттең, олай кек алуға мүмкіндігім жоқ. Себебі, сен жүз жыл өмір сүресің. Сондықтан мен сені қазір өлтіре алмаймын,- дейді де кете барады.

Бұл сөзді естіген адам ойланып қалады: "Мен неге сонша ғибадат жасап қиналып жүрмін?! Жүз жыл өмір сүреді екенмін. Әлі уақытым көп. Мен әзірге өмірімнің 90 жылын өз қалауымша өмір сүріп, рахатқа батып алайын. Кейін соңғы 10 жылында тәубе етіп, ғибадаттарымды жасап үлгеремін. Аллаһ Тағала кешірімді ғой, сол кезде тәубе етсем де кешіреді. Солай-ақ құтыла аламын." 

Осылай ойлап, бірден жоспарына кіріседі. Намаз, ораза деген ғибадаттары, халал-харамға мән беруі, мешіт-жамағатпен Аллаһқа жақындығы бәрі жайына қалады. Керісінше, күнә атаулыны қысылмай жасап, нәпсі қалауына еріп, рахатқа беріліп өмір сүре бастайды. Осылай жалғаса береді. 

Алайда бір күні жүз жасты күтпей-ақ сұсты кейіпте өлім періштесі Әзрейіл келіп жетеді.

Адам оны танымай:

- Сен кімсің? Неге маған сонша сұсты жүзбен қарап тұрсың? Менің жанымды алуға келгендейсің ғой?- дейді.

- Дәл солай,- дейді Әзрейіл.

- Сен менің жанымды алатындай кімсің сонша? Әлде Әзрейілсің бе?

- Дәл солай. 

Сонда әлгі адам: 

- Сен ерте келдің ғой. Мен әлі өлмеуім керек,- дейді.

- Сонда қашан келуім керек еді?

- Мен жүз жасқа келгенде ғана!

- Оны саған кім айтты?- деген Әзрейіл періштенің сұрағына "шайтан" деп жауап беруге оқталғанда адам есін жияды.

Иә, шайтанға сенуге болмайтыны белгілі еді. Ол барлығымыздың атамыз болған Адам (а.с.) мен Хауа анамызды жәннәтта жүрген кездерінде алдап соғып, қиыншылыққа толы жер бетіне түсуіне себеп болған еді. Кейін оның ұрпақтарының барлығын азғырамын деп Аллаһқа уәде беріп кеткен болатын.

Адамның осыны ойлауға ғана уақыты жетті. Әзрейіл періште өз міндетін орындап, оның жанын алды. Адам сол күнәға батып жүрген халінде жан тапсырды. 

 

"Қалай өмір сүрсеңдер, солай қайтыс боласыңдар, қалай қайтыс болсаңдар, солай тірілесіңдер", хадисін ұмытпайық!

Шайтанға алданып қалып, опық жемейік!

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде шайтанның нағыз өтірікші екенін ескерткен болатын.

Адамдарды азғыру үшін ғана қияметке дейін рұқсат сұрап алған шайтан адам баласын қалайда алдап соғуға тырысады. Тіпті жүз жолмен арбауына түсіре алмаса, жүз бірінші айла ойлап табады. Сондықтан әрдайым сақ болуымыз қажет!

 

Шынар Ә.Т.

ShynarShynar
9 лет назад 6383
0 комментариев
О блоге
0
197372 301 569 1564 248
Прямой эфир