Ертеректе сараңдығы асқынған, екіжүзді бір адам болыпты. Сараңдығы сонша – өмірі ешкімге ештеңе бермеу турасында әйелінен уәде алып, егер бере қалса, ажырасатындығын ескертіпті.
Бір күні әйелі «Құдай үшін садақа берші?» – деп жалынып келген қайыршыны көргенде, жаны ашып, үш тілім нан ұстатыпты. Қайыршы қайтар жолда әлгі әйелдің күйеуімен кездесіп қалыпты. Сараң қайыршының нанды өз үйінен алғанын білгенде, қатты ашуланып әйеліне келіп: «Сен маған ешкімге ештеңе бермеу үшін уәде бермеп пе ең?!» – деп ұрсыпты. Әйелі: «Құдай үшін» дегендіктен бердім», – дейді. Күйеуі бұны естігенде, дереу тандырға от жағып, әбден қызды-ау дегенде, әйеліне: «Ендеше, сол Құдайың үшін қазір тандырға түсесің, сені өртеп жіберемін!» – деп кіжінеді. Әйелі әдемі киімдерін киініп, сырға, моншақтарын тағына бастапты. Күйеуі: «Әшекей бұйымдарыңды тастап кет!» – деп айғайлады. Әйелі: «Әркім сүйіктісіне әдемі болып барғысы келеді. Мен де өз Сүйіктіммен жолығуға кетіп бара жатырмын», – дейді де, сол қалпы тандырға өзін тастап жібереді. Күйеуі болса, дереу қақпағын жауып тастайды.
Арада үш күн өткеннен кейін екіжүзді кісі тандырдың қақпағын ашып қарағанда, әйелінің сап-сау, тірі отырғанын көріп өз көзіне өзі сенбей тұрып қалады. Сол сәт оның құлағына «Сүйікті құлдарымызды отқа жақпайтынымызды білмеуші ме ең?» – деген ғайыптан бір дауыс естіледі.