НАМАЗ УАҚЫТТАРЫНЫҢ СЫРЫ
НАМАЗ УАҚЫТТАРЫНЫҢ СЫРЫ

Адам жаратылысынан-ақ өте әлсіз, қауқары жоқ әлжуаз. Оның әлсіздігі сол - тым секемшіл, не нәрсеге болсын үрке қарайды, айналадағы көп нәрседен өзіне қауіп төнеді. Бір жағынан, ол тым дәрменсіз. Қастығы мен қысастығы дайын дұшпаны көп, қайғы-қасіреті де бір басына жетерлік. Әрі өте кедей. Қыжалат-зәрулігі бір бітпейді. Адам сондай-ақ еріншек, күш-қуаты төмен. Ал өмір болса керісінше тым қиын, күрделі, жүгі ауыр. Адам болғандықтан әлеммен тығыз араласпай тұра алмайды. Алайда кімді көңлі ұнатып, құлай сүйсе де түбінде содан қол үзіп, көз жазып қалатындығы, нені жанына жақын көріп қимаса да бәрібір еріксіз айрылатындығы оның жүрегіне тиіп, жанына батады. Ақыл-ойы оны биік мақсаттарға, ұшқыр қиялдарға жетелесе де айналып келгенде тағы сол қысқа жіп күрмеуге келмейді, адамның бәрібір қолы қысқа, өмірі шолақ, күші аз, шыдамы жетпейді.

 

Міне, дәл осындай кейіптегі рухтың таң намазы кезінде құдіреті мен мейірімі шексіз Хақ тағаланың салтанатты сарайына тілек-дұғасы, намазы арқылы өтініш білдіріп, өзіне табыс пен медет тілеуі қаншалықты орынды. Өзін күні бойы күтіп тұрған күндізгі әлемнің қат-қабат қиыншылығы мен сан алуан ауыртпалығына көндігуде, иығына түсер зіл батпан салмақты еңсеруде, өзіне берілген міндетін мүлтіксіз атқара алуында нық арқа сүйер сүйенішін еске алып дәтке қуат бекітуі қаншалықты қисынды екені құптарлық.

 

Бесін уақыты болса, күндіздің толықсып кемелденіп, енді бір сәтке біртіндеп күннің екінші жартысына ауа бастаған кез. Оған қоса, күндік толассыз, қыруар шаруаның ең бір қым-қуыт сапырылыс шағында, жұмыстың барлық қысым-ауыртпалығынан бір сәтке арылып, уақытша болса да сәл-пәл тынығатын кез. Әрі өткінші, пәни дүниенің ауыр жұмыстарынан бір бас алмаудан пайда болған бейғамдық пен сіресуден бой мен сананы бірдей арылтып, рухтың тыныс алуына жол ашатын кез. Иләхи нығметтердің бой көрсетер тұсы. Адам жаны әлгіндей қысым, ауыртпалық, бейғамдықтан, мән-мағынасыз, пәни тірліктен арылып, ешкімге мұқтаж емес әрі мәңгілік қасиеттерге ие нығмет-несібелердің шынайы егесі Аллаһ тағаланың алдында құлшылық жасауға ниет етіп қол байлап, өзіне нәсіп етілген бүкіл ризық-несібе атаулыға шүкір етіп Жаратушыға мақтау айтады. Оның ұлылығының алдында иіліп тағзым етеді, рукуға барады. Оның теңдессіз кемелдігі мен жамалына таңырқап, әсемдігін дәріптеп сәждеге бас қояды. Өз сүйіспеншілігі мен таңданысын бесін намазын оқу арқылы білдірудің қаншалықты ұнамды, қаншалықты орынды, қаншалықты керекті екенін ұғына алмау, сірә, адамдыққа жатпаса керек?! 

 

Екінді уақыты ажары қашқан сүреңсіз күз мезгілін, қалжыраған қарттықты, ақыр заманның жан түншіктірер сәттерін еске түсіреді. Сондай-ақ, бір күнгі қауырт жұмыстың аяқталуға бет алған шағы болғандықтан күні бойғы өзіндегі сау-сәламаттық, жақсы жұмыс істеуі үшін берілген денсаулық, қажыр-қайрат, күш секілді бір төбе болып жиналып қалған Жаратушының нәсіп еткен жақсылықтарын еске алар сәт. Күнбатысты ал қызыл түске бөлеп күннің бата бастауы да адамға ой салып, көп нәрсені ұқтыра түседі. Адам өзінің жай ғана қонақ екенін сезініп, барлық нәрсенің өткінші екеніне көз жеткізеді. Дәл осы сәт, мәңгілікті аңсайтын о баста сол үшін де жаратылған, жақсылыққа бас иіп, айрылысудан азап шегетін адамның рухы тазалықты қалап, екінді намазын оқуға ниет етеді. Аллаһ тағаланың иләхи құзырына шығып, ішкі тілеуін тілеп, дұғасын қайтарады. Аллаһтың шексіз рақымдылығын пана көріп, есепсіз нәсіп еткен ризық-несібелері үшін шүкіршілік білдіріп, мақтау айтады. Жаратушының асқақ абыройы мен айбарының алдында асқан кішіпейілділікпен басын иіп рукуға барады. Оның құдайылығын жоғары санап, өзінің құл екенін еске алып тағы да барынша кішірейіп, қарапайымдылықпен сәждеге бас қояды. Сәждеге бас қоя отырып, адамның жаны шексіз рахатқа бөленеді. Екінді намазы иләхи құзырда берілер әмірге дайын, өзінің құл екендігін мойындаған адам кейпін елестетеді. Дәл осы уақытта екінді намазының атқарылуы қаншалықты орынды, қаншалықты керекті, қаншалықты жарасымды екені даусыз. Ол-жаратылыс міндеті. Аз ғана бір құлшылықпен үлкен бақытқа қол жеткізудің артықшылығын өзін адам санаған әркімнің-ақ ұғынары сөзсіз. 

 

Ақшам уақыты қылымсыған жаз кетіп, күреңіткен күз сырғып, орнын қақаған қыстың басқанын елестетеді. Сол секілді адамның да қайтыс болуын, өзіне жақын бүкіл туыс-туған, ағайын-жегжат, дос-жарандарымен қош айтысып, қабірге сапар шеккен сәтін еске түсіреді.

 

Сондай-ақ дүр сілкінген үлкен зілзәламен жер бетін мекендеген күллі жаратылыс атаулының о дүниеге үдере көшуін, сынақ әлемі болып саналатын мына дүниенің үлкен шырағы-Күннің сөндірілу уақытын елестетеді. Бұған қоса, ақшам мезгілі мәңгіліктен ада, соңы бір тұтам, өтпелі нәрселерге бас ұрып табынған пенделердің оңбай қателесетіндіктерін қатаң ескертетін уақыт.

 

Міне, дәл осындай уақытта жаратылыс тұрғысынан мәңгілік көркемдік иесі-Хақ тағалаға (иләхи сұлулыққа) құштар адам рухы мына кең дүниені жаратып, оны басқарып тұрған болмысы ежелден әрі мәңгілік Жаратушыны еске алып, ақшам намазын өтеуге ниет етеді. «Аллаһу акбар» деген күйі күллі өткінші нәрселерден бойын аулақ салып, бар ықылас-пейілін өткінші емес, жалған емес тұрақты әрі мәңгілікке ие - бір ғана жаратушыға бұрады. Аллаһтың құзырында намазға тұру арқылы «әлхамдулиллаһ» деп оның кемшіліктен пәк кемелдігіне, теңдессіз көркемдігіне, шексіз мейірімділігіне шүкіршілік пен мақтау айтып, «ияка набуду уә ияка нәстаин» (Саған ғана құлшылық жасап, сенен ғана жәрдем тілейміз) деп дұға оқиды. Осылайша намаз кезінде іштей тынбастан күбірлеп дұға оқу арқылы серіктесі жоқ, жаратушылықта өзіне қосарланар ешбір ортақтасы жоқ Аллаһ тағаланың жалғыздығын, құдайылығын паш етіп, оның уәзірге мұқтаж емес сән салтанатты патшалығына тән өзінің де құлы екенін білдіріп, жалбарына медет тілейді. Сондай-ақ, Жаратушының ұлылығы мен асқақтығына, шексіз құдіреттілігі мен кемшіліктен пәк абыройына бас иіп, рукуға барады. Бас иген күйі өзінің де, ғаламның да тым қауқарсыз, әлсіз, әлжуаз, дәрменсіз, бейшара, пақырлығын мойындап, «сұбхана раббиал азим» (Ей, ұлы раббым! Сен неткен пәксің!) деп ұлы Жаратушыны пәктеп, оған мадақ айтады.

 

Бір жағы, өткінші емес, жалған-пәниліктен пәк Жаратушының жамалы мен көркемдігіне, еш өзгермейтін қасиетті сипаттарына, бұзылуға ұшырамайтын сонау ежелден келе жатқан басталуы жоқ әзали кемелдігінің алдында сәждаға жығылады. Сәждеге бас қоя отырып, таңданысы мен бой ұсынушылығы шеңберінде «тәркі ма сиуа» яғни Аллаһтан басқаның бәрін тәрк етіп, сүйіспеншілігі мен құлшылығын паш етеді. Оған қоса, бүкіл өткінші, жалған нәрселердің орнына Бақи әрі Жәмил (Әдемі), Әзәли Рақым (мейірімді) иесін тауып, «сұбханака раббиал а-ла» деу арқылы пәниліктен, жоқ болып кетуден ада, кемшілік пен пендешіліктен пәк ұлы раббының қадір-қасиетін арттыра түседі. Артынша тізе бүгіп тізерлей отырған күйі күллі жаратылысқа тән таза, табиғи, пәк, көркем ғибадат, дұға-тілек атаулыны (Миғраж кезінде Мұхаммед пайғамбарымыздың жасағанындай) Әзәли Жәмил, Әбәди Жәлил Аллаһ тағалаға сый ретінде тарту етеді. Пайғамбарымызға сәлем жолдау арқылы оған деген сертін жаңалайды, артынан ерген үмбеті ретінде барша үкімдер мен әмірлерге бойұсынғандығын білдіреді. Иманын нұрға малып, тағы бір рет жаңалау үшін мына ғалам сарайының сырлы жүйесін тамашалап, Аллаһ тағаланың жалғыз екендігіне куәлік етеді. Иләхи салтанаттың хабаршысы, иләхи талап-тілекті жеткізуші қызметкер, ғалам кітабындағы аяттардың тілмәші Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығына куәлік етеді. Осылайша кешкі намазын тәмамдайды.

 

Дәл осындай терең хал-ахуалды бастан кеше отырып ақшам намазын оқу қандай ұнамды, қандай кіршіксіз міндет, қаншалықты абыройлы, ләззатты қызмет, не деген көркем құлшылық, неткен шынайы ақиқат?! Бұл пәни керуенсарайдағы қандай ғажап мәңгілік сұқбат әрі не деген қол жетпес бақыт десеңізші?! Бұны түсінбеген жан қалайша өзін адаммын деп айта алмақ?! 

 

Құптан уақытында аспан көкжиегінде қалып қойған күндіздің белгілері сол күйі жым-жылас өшіп, жер бетінде тас түнек түн қараңғылығы орнайды. Бұл күндіз бен түнді ауыстырып тұратын Аллаһ тағаланың әлгі ақ парақты - мына қара параққа алмастыруындағы иләхи билігін, сондай-ақ жасыл желекке көмкерілген жазға тән жасыл парақты - қыстың суық ызғарлы ақ парағына айналдыруда Күн мен Айды өз әміріне бағындырып уысында ұстаған Хақ тағаланың пәрменді иләхи ісін еске салады. Оған қоса, уақты жетіп қабірге қойылып, ақыретке сапар шеккен пенделердің артында қалған еңбектерінің де мына дүниеде үзілуімен олардың толықтай басқа әлемге өтуі өмірді де өлімді де жаратқан Аллаһтың құдайылық ісін паш етеді. Тар дүниенің көбесі сөгіліп, мезгілі жеткенде жалғандығын білдіріп шаңырағы шайқалып ортасына түсуімен ілезде кең әрі шексіз, мәңгілік ақырет әлемінің айқара ашылуы көктер мен жерді жоқтан бар еткен Жаратушының құдіретті ісі мен көркем көріністерін еске салар уақыт. Сондай-ақ күн мен түнді, қыс пен жазды, дүние мен ақыретті бір кітаптың беттері секілді оп-оңай парақтап, оларды қалауынша жазып-сызып, бұзып-өзгерте алатын күш қана мына ғаламның шынайы егесі, негізгі қожайыны бола алмақ. Нағыз сүйіспеншілік пен құлшылыққа да сол лайық. Бұл мезгіл осылардың барлығына үкімі тең жүретін шексіз құдыретті күш иесінің бар екенін дәлелдейтін сәт болып табылады.

 

Міне, осы кезде барынша әлсіз, әлжуаз, дәрменсіз, мейлінше кедей, пақыр, келешектің түпсіз қараңғылығына көміліп әрі күнделікті оқиғалардың ықпалымен әрі-сәрі күй кешіп, сансыраған адам рухы құптан намазын оқуға ниет етеді. Ол түн қараңғысының шөккенін көргенде құдды ай, жұлдыз, күнді меңзеп «Батып кететіндерді жаным сүймейді» деп (Әнғам сүресі, 26) соңында батпайтын, жоғалмайтын бір ғана жаратушыны тапқан Ибрахим пайғамбар секілді ғұмыр бойы құлшылық пен сүйіспеншілікке лайық Аллаһ тағаланы өзінің намазы арқылы пана тұтады. Намаз арқылы мына пәни тіршілік пен жалған өмірде, қараңғы дүние мен бұлдыр болашақта мәңгі әрі соңы жоқ Аллаһ тағалаға жалбарынып тілеу тілейді. Жалбарына отырып аз ғана бір тұңғиық сұқбат арқылы, бірнеше минуттық тұңғиық уақыт ішінде дүниелік тіршілігіне нұр себер, болашағын қараңғылықтан арашалайтын, жақын туыс, жақсы көрген жандардан қапыда көз жазып қалған сәтте жүрекке түскен жараға ем дарытатын Аллаһ тағалаға тән рақымның ілтипаты мен тура жолға салар нұрын көріп сұрау салады. 

 

Әрі көзді ашып-жұмғанша өтпелі, өзін тез ұмытатын көзден таса дүниені өзі де бір сәтке ұмытып, жүрегі қан жылаған күйі ішкі мұң-қайғысын иләхи мейірім құзырына төгеді. Сондай-ақ өлімді еске салар ұйқыға бас қоймай тұрып, бәлкім олай-бұлай боп кетсем деген күдікпен соңғы құлшылығын да адал атқарып, күндік амал дәптерін игі іспен тиянақтау ниетімен намазға тұрады. Яғни бұл дүниедегі барша пәни сүйіктілер жиналса да орнын толтыра алмайтын мәңгілік құлшылық пен махаббат иесі Аллаһ тағалаға ғибадат жасайды. Не сұраса да дәрменсіздерге емес, бәріне күші толық жететін әрі жомарт Жаратушыға қол жаяды. Не нәрсенің зиянынан қорғанса да тағы сол қорғаушы-Хафизға арқа сүйеп, мейірбандығы мол Рахим тағаланың құзырына шығады. «Фатиха» сүресімен бастау арқылы іске алғысыз бір орында тұрмайтын кемшілігі мен нұқсандығы көп бейшара жаратылыстарға қарыздар болып мақтау айтқаннан гөрі шексіз кемелдік әрі мол байлық иесі, әлем атаулының раббысы Аллаһ тағалаға мадақ айтып, мақтау білдіреді.

 

Саған ғана құлшылық жасаймыз» дей алу деңгейіне көтеріледі, яғни өзінің тіптен жоққа тән, елеусіз, ешкімі жоқ әлсіздігін бетке алып бастауы да, соңы да жоқ Сұлтан, Қиямет күнінің иесі Аллаһ тағалаға арқа сүйеуі арқылы мына ғаламат ғаламның сыйлы мейманына айналады. Жер бетіндегі маңызды қызметкер мәртебесін иеленіп «Саған ғана құлшылық жасап, сенен ғана медет тілейміз» деу арқылы күллі жаратылыс атынан ғаламдағы үлкен жамағаттың әрі мынау үлкен қоғамда атқарылған ғибадаттар мен көмек сұраған тілектерді Аллаһ тағалаға жеткізуші рөлін атқарады.

 

«Бізді сырат-ы мұстақимға бағытта!» яғни бізге тура жол көрсетіп, сол тура жолда жүруді нәсіп ет деу арқылы бұлдыр болашағына нұр сеуіп, мәңгілік бақытқа жетелейтін шуақты жолға түсіруді сұрайды. Іле-шала түннің келуімен ұйқыға мүлгіген өсімдік, жан-жануар атаулыны, әрі әскер тәрізді бұйрығын екі етпестен әміріне бас иіп жасырынған күнді, Жаратушының қызметкерлері ретінде ғалам қонақүйіндегі шырақ қызметін мүлтіксіз атқарып түнгі аспанды жарыққа бөлеген ояу жұлдыздарды еске алып, Аллаһ тағаланың ұлылығына ой жіберіп «Аллаһу акбар!» (Аллаһ ең ұлы!) деген күйі тағзым етіп, рукуға иіледі.

 

Сондай-ақ күллі жаратылысты күтіп тұрған үлкен сәждені еске алады, яғни бүгінгі түні ұйқыда жатқан тіршілік иелері болсын, бұған дейін де дәуір санап, жыл санап өмірден озған сан мыңдаған жаратылыс атаулы болсын, тіпті тұтастай мына дүниенің өзі жасақталған үлкен әскер тәрізді Жаратушының «кун фәякун»* әмірін естіген сәтте бұ дүниедегі құлшылық міндетін сол сәтте-ақ доғарып, арғы әлемге аттанарда «Аллаһу акбар» деп ғайып сәждесіне бас қоя жығылған күйі құлдырап жоқ болады. Бұнымен ғана шектелмей Жаратушының тағы да «кун фәякун» әмірімен дәл бір көктемдегідей қайта жан алып, ескертуші қатты айғаймен Мақшар күні дәл сол қалпында немесе әуелгі қалпына ұқсас кейіпте қайта тіріліп, Жаратушының әмірін тосып қалт тұра қалады. Намаз оқыған адам да бейнебір соларға ұқсап таңғала таңырқаған махаббатымен, кішіпейілділігімен «Аллаһу акбар» деген күйі сәждеге жығылады. Рухы барынша биіктеп Миғражға көтерілгендей шалқыған күй кешеді. Осыншалықты терең мағына, мән-мазмұнды қамтитын құптан намазын дәл осы уақытта оқу қаншалықты жарасымды, неткен ұнамды, не деген орынды, не деген ләззаты мол, ақылға сыйымды, қисынға қонымды құлшылық міндет, шынайы ақиқат десеңізші?!

 

«Құлшылық құпиясы» кітабынан. 

Аударған: Құдайберді Бағашар

 

* Жаратушының бір ғана «Бол!» деген әмірімен не нәрсенің болсын құлдық ұрып сол мезет бола кетуі.

ShynarShynar
9 лет назад 5038
0 комментариев
О блоге
0
197372 301 569 1564 248