Соңы
Шынайы иман келтірген әрбір мұсылман амал етуі тиіс сүннеттер жайлы мақалалар топтамасының соңғы бөлігін ұсынамыз. Алайда бұл бөлімдегі келтірілген сүннет амалдар орындалуы аса қиын амалдар. Себебі бұл бір ғана тәндік құлшылықты емес, сондай-ақ жүрек құлшылығы мен ақыл-ойдың араласуын да қажет етеді.
1. Алланың жаратылыстары туралы ойлану.
Алланың жаратылыстары туралы ойлану – Құрани Кәрім шақыратын және қасиетті кітаптың аяттарында ең жиі аталатын амалдардың бірі. Ал бұл Алланы және Оның барлық жаратылысты жаратып, әлемдерге иелік еткендегі Бірлігін танудың бірден-бір кілті.
Алла жаратқан жаратылыстың сан алуандылығы Оның құдіреті мен даналығына, Шексіз Білім иесі екендігіне дәлел болмақ.
2. Жақсыға бұйыру
Көпшілік мына аяттың мағынасы мен тәпсірін дұрыс түсінбейді:
أَتَأْمُرُونَ النَّاسَ بِالْبِرِّ وَتَنسَوْنَ أَنفُسَكُمْ
Мағыналай аудармасы: «Өзге адамдарды жақсылыққа шақыра отырып, оны өздерің ұмыт қалдырасыңдар ма?» (Бақара 44 аят).
Адамдардың басым көпшілігі бұл аятты мүлдем басқаша түсінеді, яғни, өзі амал етпейтін қандай да бір жақсылығын өзгеге бұйырғанның бұнысы әбестік әрі бұрыс болады. Алайда, бұл мүлдем сыңаржақ пікір. Имам әл-Байдауи бұл аятты былай деп тәпсірлейді: «Алла пенделерін өзгелерге жақсылықты бұйырғаны үшін емес, өздерінің сол айтқандарына амал етуді ұмыт қалдырғандықтары үшін кінәлайды». Сол себепті адамның алдында екі бірдей міндет тұрады: жақсылық жасау және жақсылықты бұйыру. Алайда, бұл міндеттің бірін ұмытқан адам екіншісіне амал етуін тоқтатуы керек деген сөз емес.
3. Рұқсат етілмеген заттан тыю — алайда, бұның бір шарты бар: аталған амалды оны адамның ұстанатын мәзһабына сәйкес немесе барлық Ислам ғұламаларының тұжырымдауынша нақ тыйым етілген әрекет болуы тиіс.
4. Үнемі Алланы еске алып, зікірде болу;
5. Күн сайын Құран оқу – Құранды өміріңіздің ажырамас бір бөлігіне айналдырам десеңіз, ең әуелі Құранды дұрыс оқудың ілімін үйрену керек. Кейін Құранды толықтай жаттап, оны үнемі қайталап отырғаныңыз абзал болады.
6. Әр мұқтаждығыңызда не болмаса қандай да бір қиын мәселе туындаған жағдайдың баршасында Алладан жәрдем тілеп, Аллаға жалбарыну.
Мақала топтамаларында айтылған барлық сүннет амалдарды күнделікті құлшылықтарымыздың қатарына кірістіріп, оларға ұмытпай амал етуіміз үшін Алла Тағаладан тауфиқ сұрайық. Алла қаласа, біздің жүрегімізді нұрландырып, Өзінің діні мен иманында тұрақты етер.
Әбу Әли Әл-Ашари
annisa-today.ru сайтынан қазақ тіліне аударған Tamshy.kz