Ертеректе жамандықтары мен күнәлары басынан асатын бір дінсіз адам мұсылмандықты қабылдайды. Исламға шын иланып қабылдағанымен, бұрынғы күнәларын бірден тастай алмаспын деп шайтаннан жеңілгендей болады. Әйтсе де жігерін қайрап, өз-өзін қолға алуға тырысады. Сөйтіп күнәларынан біртіндеп арылуға бел буады. Ең алдымен қай күнәдан бас тарту керектігі жайында кеңес сұрап бір ғұламаға барады. Оған жайын түсіндіреді. Барлық күнәсін бірден тастауға қауқары жоқтығын айтып, қазірге арылуы қажет тек бір күнәсін белгілеп беруін өтінеді. Сонда ғалым өтірік айтуды қоюы керектігін дөп басып айтады. Бұл адамға да оңай көрініп, қуана келісіп, енді өмірінде ешқашан өтірік айтпасқа уәдесін беріп қайтады. Тек қана өтірік айтпай, басқа істерінен бас тартпай-ақ алаңсыз бұрынғы өмірін жалғастыра беретінін ойлайды.
Бірақ іс өзі ойлағанындай болмай шықты. Күнде үйінен бір іске бел буып шыққанында таныстарын кездестіріп қалады. Олар қал-жағдай сұрасқан соң қайда, не жұмыспен бет алғанын да сұрай кетеді. Адам енді не істесін? Өтірік айтпайтын нықтап бекінген уәдесі бар. Ұрлық жасайтын, зина жасайтын немесе басқа бір жамандық жасайтын шындығын тағы айта алмайды. Амалы таусылып, «Жай, жүрмін. Алып бара жатқан ісім жоқ. Қазір үйге қайтамын.» деп ойға алған істерінен бас тартып, үйіне қайтуына тура келеді. Және әрдайым осылай қайталана береді. Солай келе-келе адам барлық жамандығынан тыйылады, күнәсынан арылады. Сөйтіп барлық күнәсынан арылуға ешқандай мүмкіндік жоқ деп ойлап, өзін шайтаннан жеңілдіге санап жүрген адам нағыз мұсылман тақуа жанға айналады.
P.S. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) неліктен мұсылман адам өтірікші бола алмайды деген хадисінің сыры өмірлік мысалмен көрінді. Өтірік айтпаған адам бұрын қандай болса да, нағыз мұсылман бола алатынының айғағы. Және мұнда ғұламаның да білімділігі мен көрегендігі байқалады.
Шынар Ә.Т.