Бүгінгі түн - Қасиетті Бәраат түні!!!
Бүгінгі түн - Қасиетті Бәраат түні!!!

Шағбан айының тағы бір ерекшелігі ол айда қасиетті Бараат түнінің (Оттан құтылу түні) болуы. Бұл түн Шағбан айының 14-інен 15-іне сәйкес келеді (2016 жылы мамырдың 21-інен 22-сіне қараған түні). 

Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түннің расымен де қасиеттілігін әрі осы түні Алланың  жер бетіне мейірімі түсетінін дәлдеген хадистер жеткен. Бір нешеуін төменде келтіреміз:

1) Мүміндердің анасы Айша (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Бірде Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазында сәждеде ұзақ уақыт жатып қалды. Сәждеде ұзақ болғаны соншалық, мен тіпті қайтыс болып кетті ме деп қорықтым. Осы оймен төсегімнен тұрдым да бас бармағын қозғап көрдім. Саусағы қимылдаған соң өз орныма қайта келдім. Осыдан соң мен оның сәждеде жатып, былай дегенін естідім: «Я Раббым, Сенің азабыңнан, мейіріміңе жүгініп, үміт етемін. Мен Сенен пана тілеймін. Сені Өзің лайық болған дәрежеде мадақтай алмаймын. Сен Өзіңді сипаттағандайсың».  Осыдан соң ол маңдайын сәждеден көтеріп, намазын аяқтады. Және маған қарап былай деді: «Ей Айша,  Пайғамбар сені қалдырып кетті деп ойлап қалдың ба?» Мен оған: «Жоқ Алланың Елшісі, мен тек қана сенің жаныңды осы өмірден алып кетті ме деп қорықтым, өйткені сенің сәждең өте ұзаққа созылды ғой». Осыдан соң Ол: «Бұл түннің қандай түн екенін білесің бе?»,- деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның Пайғамбары жақсы біледі»,- деп жауап бердім. «Бұл Шағбан айының жартысы толған түн. Бұл түнде Алла Тағала құлдарына мейірімін жаудырып, кешірім тілегенді кешіріп, мейірім тілегендерге Өз мейірімін жаудыратын түн. Тек қана жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамға ол райынан қайтпағанша назар салмайды». 

2) Басқа хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деп жеткізеді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Субхана уа Тағала Шағбан айының жартысы толған түні Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды кешіреді»

Қалб тайпасы- көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.

3) Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бұл түн Шағбан айының ортасы. Алла Тағала тозақ отынан Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды босатады. Алайда Аллаға  серiк қосушыға және мұсылман бауырына деген жүрегінде кегі бар адамға, сондай- ақ туыстық қарым- қатынасты үзуші мен тәкаппарлыққа салынып, етегін тобығынан төмен түсіріп киген адамға, әрі ата- анасына қарсы шығушы мен шарап ішетін адамға назар салмайды».

4) Муаз Ибн Жәббәл (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Алла Тағала Шағбаны айының ортасы толған түні құлдарына мейірімін жаудырады да барлығының күнәсін кешіреді. Теқ қана Өзіне серік қосушы мен жүрегінде мұсылман бауырына деген кегі бар адамнан басқаны мейіріміне бөлейді».

Хадис риуаятшыларының тізбегінде аз ғана олқылықтар болғанына қарамастан, жалпы хадистерден бұл түннің орнының ерекше екендігін әрі осы түнді қасиетті түндер секілді құлшылықпен өткізу- негізсіз және ойдан шығарылмаған амал екендігін аңғарамыз. Алайда заманауи ғалымдар хадис тізбегіндегі олқылықтарға қарап, бұл түнге қасиетті деп баға беруден бас тартқан. Негізінде хадис мамандары келтірілген хадистердің біразын сенімді деп, ал тізбегіндегі олқылықтары хадис іліміне сәйкес жеткізушілердің санының көптігіне қарай жойылып кетеді деп есептеген. Сондықтан да үмметтің үлкендері бұл түнге ерекше мән беріп, оны құлшылықпен өткізген.

 

Бұл түні не істеу қажет?

Бәрат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:

- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.

- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.

- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Сондай- ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.

- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам  баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы жайлы көптеген кітаптар әр тілде жарық көрген. Мұсылман адам Алла Тағалаға сол дұғалар арқылы, араб тілінде я болмаса өз ана тілінде сол дұғалардың мағынасын айта отырып жалбарынуы керек.

- Нәпіл намазды я болмаса Құранды белгілі себептерге байланысты оқи алмаған адамдар болса (ауру, әлсіздік немесе шұғыл тірлігі бар болса). Ол кісілерге осы берекелі түннің сауабынан құр қалмас үшін төмендегі амалдарды орындауды ұсынамыз:

1. Ақшам, құптан және таң намаздарын мешітте, егер сырқат болып, шамасы жетпесе үйінде оқысын.

2.Үнемі зікір айту, әсіресе салауат. Кез келген халде, адам ұйықыға кетпейінше зікірде болуы тиіс.

3. Алладан кешірім тілеу. Мұны төсекте жатып та сұрауға болады.

- Әйел адамдар етеккір кезінде намаз бен Құран оқи алмайтындықтан, олар кез келген зікірді айтып, тасбих тартып, салауат айтуы керек. Сонымен қатар  Құран мен хадистерде келген араб тіліндегі дұғаларды дұға ету ниетімен оқи алады.

- Сенімділігі әлсіз хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы түні Бақый қорымында болып, сол жерде жерленген мұсылмандарға дұға еткен деп айтылады. Осыған негіздеп кейбір фақиһтар осы түні қорымға барып, ол жердегілерге «Фатиха» сүресін я болмас Құраннан аяттар оқуды ұнамды іске жатқызған. Алайда бұл амал міндетті емес әрі мұны парыз амалдың дәрежесіне көтерудің қажеті жоқ.

 

Бұл түні жасауға болмайтын амалдар

1. Жоғарыда атап айтылғандай Бараат түні – мұсылмандар үшін ерекеше түн. Сондықтан да осы түнді Аллаға толықтай мойұсынған күйде өткізу қажет. Әрі Алланың алдында ұнамсыз амалдардан тиылу қажет. Дегенмен әрбір мұсылман әр кезде күнәлі істерден аулақ болуы қажет. Осындай түндері күнәлі іс жасау үлкен қылмыс әрі Алла Тағалаға бойұсынудан бас тартқандық болып саналады. Мұндай амал Алланың қаһарына ұшыратады. Сондықтан да барынша күнәлі істерден тиылуымыз қажет, асылында осы түнгі жасалған күнәлар бұл түннің барлық нығыметінен құр қалдырады.

2. Кейбір жандар осы түнді атап өту мақсатында еркеше тағамдар әзірлеп, үй ішін я болмаса мешітті безендіріп жатады. Бұл амалдардың барлығы негісіз болып қана қоймай, дінсіз адамдардың ойлап тапқан амалдары. Бұл соларға еліктеу болып табылады. Еліктеудің бұл түрі күнә болып есептеледі, ал оны осындай қасиетті түнде жасау күнәні ауырлатуы ықтимал. Мұсылмандар бұл амалдан аулақ болулары қажет.

3. Кейбір адамдар бір жерге жиналып діни жиын өткізіп, ұзақ сабақтар оқиды. Мұндай амалдарды атқарудың қажеті жоқ. Бұл түні тек қана құлшылық, ғибадатта болған абзал.

4. Намаз, Құран оқу және зікір деген секілді құлшылықтарды топпен емес, жеке орындау қажет. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды. Және де бұл түнді атап өті үшін жамағатты мешітке жинаудың қажеті жоқ.

Керісінше бұл түні Алла Тағаламен жеке қалудың жолын қарастыру қажет. Бұл уақыт әлемдердің Раббысымен тікелей байланысып және де Оған ғана уақыт, Оған ғана көңіл бөлетін кез. Бұл түннің қымбат сағаттарында Жаратушы мен Оның құлының арасында ешкім болмауы тиіс. Әрі Алла Тағалаға ықыласпен, яғни ешнәрсеге алаңдамастан ғибадат қылу керек. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түнді ешкімнің қатысынсыз тіпті жары Айшаның (оған Алла разы болсын) қатысынсыз өткізген. Сол себепті де рұқсат етілген нәпіл ғибадаттар жамағатпен емес, жеке атқарылады.

 

Шағбан айының 15- і күнгі ораза

Бәрәт түнінен соң келесі күні, яғни Шағбанның 15-і күні ораза тұтқан мұстхаб амал болып саналады.  Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы оразаны тұтуды өсиет еткен. Алайда бірнеше ғалымдардың көзқарасы бойынша бұл хадистер сенімді болып табылмағанымен де Шағбан айының бірінші жартысындағы тұтылған оразаның сауабы мол екендігі аңғарылады. Және де сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында көп ораза тұтқан болатын. Үмметтің үлкендері (сәләф әс- солихтар) Шағбан айының 15-і күні ауыз бекіткен. Амалға асырылып отырған бұл тәжірибеден олардың бұл хадисті сенімді деп танығандарын көреміз. 

Сондықтан да Шағбан айының 15-і күні ерікті түрде сауабынан үміт етіп, нәпіл ораза тұтуға кеңес береміз. Сондай- ақ қаза болған оразаны ұстауға да болады.

Мүфти Таки Усмани

Орыс тілден аударылған Azan.kz

Askimam.ru

 
 
 
ShynarShynar
9 лет назад 8656
0 комментариев
О блоге
0
197372 301 569 1564 248