Аллаһтың ісіне кіріспеймін! Ол әрбір нәрсені хикметпен жаратқан... (ғибрат хикая)
Аллаһтың ісіне кіріспеймін! Ол әрбір нәрсені хикметпен жаратқан... (ғибрат хикая)

Бірде мұхитта қатты дауыл тұрып, жолаушылар кемесі ары-бері шайқала бастайды. Дауылдан су толқындарының таудай болғаны сонша кеменің өзі оның қасында тарыдай болып қалады. Адамдардың барлығы даулығып, улап-шулап, жігірісіп кетеді. Қолдарынан келсе, бір нәрсе жасауға тырысады. Өкінішке орай, кеме капитаны да бұл жағдайда қолдан келер қайран жоқ екенін жеткізеді. Сондықтан барлығы отырып Аллаһқа жалбарынып дұға ете бастайды. Бастарына төнген қиындықтан құтқаруын сұрайды. Барлығы бір ауыздан жалына-жалбарына дұға тілеп отырғанда араларында бір адам тып-тыныш қарап отырады. Құдды бір сол дауылдан шайқалған кемеде өзі жоқ сияқты шектен тыс жайбарақат еді. Барлығы оған төне қалады. Ол неге Аллаһтан тілемейді? Басымызға келген мына жағдайдан құтқаруын қалайша сұрамайды? Барлығымыздың аман-сау қалуымызды тілемеуі мүмкін бе? Сонда әлгі адам "ол менің шаруам емес, Аллаһтың ісіне кіріспеймін" дейді де сол баяғы тыныш қалпында отыра береді. 

Біраз уақыт әлек болғаннан кейін дауыл басылып, барлығы тынышталады. Содан соң барлық адамдар әлгі үнсіз отырған жолаушыға бұрылып сұрайды: 

- Сен сонымен неге үндемей, дұға да тілемей тыныш отырдың? Әлде бір білгенің бар ма еді?

Сонда әлгі адам басынан кешкен бір жағдайды баяндап береді:

- Осыдан біраз уақыт бұрын моншаларда жүретін бір түрлі қоңыздарды көрген сайын жақтырмай қарап, осылар неге жаратылған екен деуші едім. Аллаһ Тағала барлығын хикметпен жаратады ғой. Босқа жаратқан титтей де бір нәрсесі жоқ. Сонда осы қоңыздарды неге жаратқан? Өздерінің түрлері де ұсқынсыз, бір келтіріп жатқан пайдасы жоқ, босқа моншада адамдардың аяқтарының астында езіліп өлуде... Оның жаратылуының хикметі, пайдасы қандай? 

Содан біраз уақыт өткен соң адам бір қышыма ауруға ұшырайды. Бастапқыда жайлап қышып бастаған жерлерін қасып-ақ қоятын. Кейін келе қышулары көбейіп, қасығанмен қоймайтын болды, денесінің барлық жеріне тарады. Тіпті қасыған жері қанап, жара болып кететіндей жағдайға жетті. Еш жерден емін таба алмай әбден қиналады. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Соңында шөппен емдейтін халық емші бар екенін естиді. Туыстары бірден емшіні үйіне алып келеді. Емші жараларын қарап болып:

- Тезірек моншаға барып, жинай алғандарыңша моншада жүретін қоңыздарды алып келіңдер,- деп айтады.

Емші әкелген қоңыздарды езіп, біраз шөптерден қосып, бір жақпа жасап береді. Сол жақпаны жараның барлығына үзбей 2 апта жақса жазылып кететінін айтады. Айтқандай-ақ бірнеше апта жаққан соң жараларынан құлан-таза айығып кетеді. Осы оқиғадан кейін ешқашан Аллаһтың ісіне кіріспейтін болғанын айтады. 

Ауруынан шипа тапқаны мен кемеге мінген кезінің арасында да көп уақыт өтпеген екен. 

Сонда кемедегілерге де: 

- Бір рет Аллаһтың ісіне араласқаным үшін қаншама уақыт рахат жата алмай, тіпті отыра алмай үстімдегі жаралардан жапа шектім. Енді ешқаншан Аллаһтың ісіне араласпайтындай болдым. Кеме дауылға тап болғанда да "Кеме де, теңіз де, біз де Аллаһтыңкі. Қаласа-батырады, қаласа-аман алып қалады" дедім де отыра бердім.

 

Шынар Ә.Т.

ShynarShynar
9 лет назад 4107
3 комментария
О блоге
0
197372 301 569 1564 248