Бір күні мұхитқа жол тартқан бір кеме апатқа ұшырап, батып кетеді. Кемеден так қана бір адам аман қалады. Толқындар бұл адамды адам аяғы баспайтын бір кішкентай аралға шығарып тастайды. Адам бастапқы күндері өзін құтқаруы үшін Аллаһқа жалбарынып дұға етті және қандай да бір көмек болар деген үмітпен жоғарыға қараумен болды. Бірақ келіп-кеткен ешкім болмады.
Кейін желден, жаңбырдан және жабайы аңдардан қорғану үшін ағаш бұтақтары мен жапырақтарынан өзіне күрке жасап алды. Судың жағасында табылған кемеден қалып кеткен консервленген тамақтар, компас, т.б. заттарды осы күркесіне жинап қойды. Күндер осылай жылжып өте берді. Балық аулап пісіріп жейді және қайта көкке көз тігеді. Аллаһқа жалбарынып дұға етеді.
Бір күні тұщы су әкелу үшін кеткен еді. Қайтып келгенінде күркесінің отқа оранып жанып кеткенін көреді. Бұл адамның қазіргі жағдайында басына төнген ең жаман, ең қиын нәрсе болды.
Өкпелі және ренішті халде бір орында тұрып қалды. Енді тірі жан болмаған бұл аралда баспана болатын күркесі де қалмады.
Аллаһ Тағала неге маған бұлай жасады деп бар даусымен қатты айқайлады. Түнді өкпе-реніш ішінде өткізді. Сонша дұға еткенінде басына осындай жағдай төндіргені үшін Аллаһқа шағымданды.
Ертесіне таң атпастан аралға жақындап қалған бір кеменің дабылының даусынан оянып кетті. Оны құтқару үшін келген екен. Әл-дәрмені құрып тұрған адам өзін құтқарғандардан:
- Менің бұл жерде екенімді қайдан білдіңіз?- деп сұрады. Және алған жауабы оны бір жағынан таңқалдырды, бір жағынан қатты ұялтты:
- Түтін арқылы білдірген белгіңізді көрдік.
Түрік тілінен аударған Шынар Ә.Т.