Рамазанды тиімді өткізудің жоспары...
Рамазанды тиімді өткізудің жоспары...

Рамазан айы құлшылық айы, бұл айда адам өзіне көп көңіл бөлуі керек және мүмкін болғанынша көп құлшылықтарға ниеттеніп, оларды амалға асыруға тырысу қажет. Мұсылман адам Рамазан айында мынадай жақсы ниеттер жасауына болады:

 
*    Ораза ұстау ниеті, барлық Рамазанға ниеттену;
 
*    Аллаһ Тағалаға барынша жақындауға, барлық күнәлардан арылып, шынайы тәубеге келуге ниеттену;
 
*    Әдеттегіден артық көбірек құлшылықтар жасауға ниеттену, мысалы, Құранды хатым ету, тахажжүд намазын оқу, дұға жасау, нәпіл істерді көбірек атқару т.т.
 
*    Мұсылман бауырлармен бауырмашылықты күшейту, ренжіскен адамдар болса, олармен татуласу, кешірім сұрау;
 
*    Исламнан алыс адамдарды дінге шақыру, уағыз айту, білім беру, білгеніңді туыстарға, достарға үйрету, арақ ішетін басқа да күнәларды жасайтын сіз білетін адамдарға Исламның құндылықтарын жеткізуге тырысу, өйткені, Рамазанда шайтандар кісенделген және адамдар да имандылыққа жақын болады. Осы мүмкіндіктерді қолдан жібермей пайдалану;
 
Рамазанның әр күнінде жасалатын, күнделікті атқарылатын жоспардың, сауап амалдардың кестесі:
 
Бұл жоспарға кіріспестен бұрын жоспар толық мақсатына жету үшін мынадай кеңестер ұсынылады:
 
<    Жоспардың әр кезеңінің арасын бөлетін нәрсе ол – парыз намаздар болсын. Өйткені, ол намаздарды дұрыс орындауға көмектеседі.
 
<    Егер жоспардағы кейбір нәрселерді жіберіп алсаңыз, оны міндетті түрде келесі кезеңде орындаңыз. Егер бір күндегі кейбір амалдарды жіберіп алсаңыз, оны қалдырмай, келесі күні міндетті түрде жасап үлгеріңіз.
 
<    Бұл жоспар үлгі ретінде ұсынылады, сондықтан да оны өз жағдайыңызға ыңғайлап алуға болады. Тек онда көрсетілген іс-амалдарды қамтып, оны орындауға тырысыңыз.
 
<    Бос уақыттарды пайдалы өткізуге тырысыңыз. Бұл жерде бос уақыт деп – бір іс пен басқа бір істің арасында болатын уақыттар айтылады. Мысалы, аялдамада көлік күту, көліктегі уақыт, азан мен қамат арасындағы уақыт, біреуді күтіп тұрғандағы т.б. уақыттарды бос өткізбеуге тырысыңыз.
 
<    Бұл жоспарды тек жалғыз өзіңіз емес, басқалармен қосылып орындасаңыз жалықпауға, дұрыс орындауға көмектеседі. Және олардың сауабындай сізге де сауап жазылады.
 
Міне осы кеңестер төмендегі жоспардың жақсы пайдалы түрде орындалуына септігін тигізеді деген ойдамыз.
 
 
 
Рамазан айының әр күнінде жасалатын жоспар
 
Бұл жоспар 10 кезеңнен тұрады және әр кезеңде атқарылатын істер бар.
 
Бірінші кезең: Сәресі уақыты.
 
Мұнда біз үш амалды жасаймыз:
 
1)                Екі рәкағат намаз оқу, бұл Аллаға деген ықыластылықтың белгісі болып табылады. Өйткені, бұл уақыт Алладан басқа ешкім сізді бақыламайды;
 
2)                 Сәресі ішу, оны соңғы уақытқа дейін кешіктіру сүннет;
 
3)                 Сәресі уақытынан яғни, таң намазының уақыты кірмес бұрын 5-10 минут қалдырып, сол кезде күнәларыңды еске түсіріп, истиғфар айту (Аллаһтан кешірім сұрау).
 
Екінші кезең: Таң намазының уақыты.
 
Таң намазының уақытында біз мынадай он амалды атқарғанымыз жөн болады:
 
1)                 Азанды тыңдау мен қайталау және азан дұғасын оқу;
 
2)                 Таң намазының екі рәкағат сүннетін оқу; (бұл екі ракағатты Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйден оқып, сосын мешітке шыққан. Ал сіз өз қалауыңыз бойынша оқыңыз, қаласаңыз, үйде немесе мешітте).
 
3)                 Мешітке бару және шығып бара жатқан кезіңізде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйреткен дұғасын оқу; (бұл дұға «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Мешітке бара жатқан кісінің айтатын дұға» деп аталады № 19 дұға, 25 бет).
 
4)                 Мешітке кірер алдында иғтикәфға ниет ету, өйткені, иғтикәф аз болсын көп болсын мешітте қалумен жүзеге асады. Сондықтан, мешітте қанша болсаңыз соны иғтикәфқа ниеттеніңіз.
 
5)                 Мешітке кірерде оқылатын дұғаны оқу; (бұл дұға «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Мешітке кірерде оқылатын дұға» деп аталады № 20 дұға, 27 бет).
 
6)                 Мешітке кірген соң екі рәкағат «Сәлем намазын» оқу және егер үйде оқымаған болсаңыз таң намазының екі рәкағат сүннетін де оқу;
 
7)                 Азан мен қамат арасында уақыт болып жатса, өзіңізге және басқа да мұсылмандарға дұға қылу. Өйткені, азан мен қамат арасында дұға қабыл болады. Немесе Құран оқу, зікір айту т.б.
 
8)                 Қамат айтылғанда жүрегіңізді Аллаға арнаңыз, ниетіңізді жаңартыңыз және таң намазына періштелер куәлік ететінін есіңізге түсіріңіз. Намазды қорқынышпен, шынайы ықыласпен (хушуғ) оқуға тырысыңыз. Және оқылатын аяттарды шама келгенше түсінуге тырысыңыз.
 
9)                 Парыздан кейін тұрып кетпеңіз, отырып намаздан кейін оқылатын зікірлерді оқып дұға қылыңыз, өйткені мұның сауабы өте үлкен. (Бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Намазда сәлем бергеннен соң оқылатын дұғалар» деп аталады № 66, 67 және 73 дейінгі дұғалар, 71-80 беттер).
 
10)             Егер имам намаздан кейін дәріс өткізсе, сабыр етіп оған қатысыңыз, өйткені, ол қысқа болса да, періштелер қатысатын ғылыми мәжіліске жатады.
 
Үшінші кезең: Таң намазынан кейін күн шыққанға дейінгі уақыт.
 
Бұл өте маңызды кезең оның артықшылығын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисінен көреміз.
 
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде кім таң намазын жамағатпен мешітте оқыса, кейін күн шыққанша отырып Аллаһты зікір етсе және күн шыққаннан кейін екі рәкағат намаз оқыса, оған қажылықтың және ұмраның сауабы жазылады. Дәл сондай, дәл сондай, дәл сондай».
 
Бұл уақытта мына амалдар жасалғаны абзал болады:
 
1)                 Таңертеңгі дұғаларды оқу; (Бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Таңертең және кешке оқылатын дұғалар» деп аталады № 75 және 98 дейінгі дұғалар, 84-104 беттер).
 
2)                 Әртүрлі дұғалар жасау өзіңізге және басқа да мұсылмандарға;
 
3)                 Құран оқу, тыңдау;
 
4)                 Білім алу, сабақ қайталау т.б.
 
5)                 Дұха намазын оқу, дұха намазы 2 ракағаттан 8 ракағатқа дейін оқуға болады.
 
Төртінші кезең: Күн шыққаннан кейінгі кезең. Жұмыс (студент болса, сабақ) уақыты.
 
Бұл кезең дұха намазын оқығаннан кейін басталады. Әркімнің жұмыс, сабақ уақытына байланысты. Егер жұмысыңызды кеш бастайтын болса, бір сәт ұйықтап дем алуға болады. Егер уақыт болмаса, онда Аллаһқа тәуекел етіп жұмысыңызға барыңыз. Және жұмыста болған кезіңізде мына амалдарды істегеніңіз жөн болар:
 
*    Жұмысыңызға уақытында барып, уақытында қайту. Оразаны жалқаулыққа сылтау қылмау керек. Өйткені, Рамазан күрес жихад, құлшылық ету, амал ету айы, жалқаулықты семіртетін ай емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және оның сахабаларының өмірбаяны бұған дәлел бола алады.
 
*    Жұмысыңызды дұрыс, толық атқару. Өйткені, Аллаһ жақсы істегенді жақсы көреді.
 
*    Жұмыс кезінде ешкімге зиян тигізбеңіз, ренжітпеңіз, сіз ораза ұстап жүргеніңізді ұмытпаңыз.
 
*    Жұмыс уақыты ғибадат жасауыңызға кедергі деп ойламаңыз, керісінше ниетіңізді жаңартып, адал еңбек ету ол да құлшылық, тіпті Аллаһ жолында күрес болып есептеледі.
 
*    Жұмыс кезінде парыз намаздарды жіберіп алудан сақ болыңыз, шама келсе, мешітте болмаса өз уақытында оқуға тырысыңыз. Бірақ, әрине, мешіт абзал. Болмағанда, Рамазан айында парыз намаздарымызды мешітте өтеуге тырысуымыз керек.
 
Ескерту: Осы уақытта әйел адамдарға мына істерді істеген абзал болады.
 
Ауызашар тамағын осы уақытта дайындап қойған дұрыс. Өйткені, кешке ауызашар алдында тамақ жасаудан басқа абзалырақ істерді істеген жөн (ол істерге төменде кеңірек тоқталамыз).
Тамақ жасап жатқанда, сол тамақпен ауыз аштыруды ниет ету, егер ол тамақты өз балалары, күйеуі жесе де, қонақтар жесе де, сол тамақты қанша адам жесе, соншама адамға ауызаштырудың сауабын алады.
Тамақты мүмкіндік болғанынша жасау, яғни, неше түрлі тамақ жасап, ысырап ету қажет емес, өйткені, Рамазан тамақ ішу айы емес, тамақты шама келгенше үнемдеп, садақа берген абзал.
Кедей-міскіндерге тамақ жасап беруге тырысу,
Тамақ жасап жатқанда уақытты бос өткізбей, Құран тыңдау немесе аудио дәрістер тыңдау, немесе зікір, истиғфар айту сияқты амалдарды жасап уақытты пайдалы өткізу.
Бесінші кезең: Бесін мен екінді арасындағы (жұмыстан кейінгі) уақыт.
 
Бұл уақытта ұйықтап дем алуға тырысу керек. Өйткені, түнде тарауих оқуға және басқа да маңызды істерді атқаруға күш жинау қажет. Және бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Ол  (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қайлула жасаңдар (яғни, түсте бір сәт дем алыңдар) шынында, шайтандар бұл кезде ұйықтамайды» деген.  
 
Ескерту: Әрине кейбір адамдардың жұмыстары екінді намазынан кейін немесе ақшам кезінде бірақ бітеді. Сондықтанда, басында айтқанымыздай бұл жоспар тек үлгі ретінде ұсынылады. Әркім өз уақытына лайықтап жасап алуына болады. Маңыздысы жоспардағы айтылған іс-амалдарды қамту.
 
Алтыншы кезең: Екіндіден ақшамға дейінгі уақыт.
 
Бұл уақытты отбасымызға арнаған жөн. Жоғарыда әйелдер тамақты ерте жасау керек деген болатынбыз. Өйткені, әйелдердің екінді намазынан кейін тамақ пен айналысқаннан гөрі, отбасымен бірігіп мына істерді істегені абзал.
 
Бұл уақытта отбасының барлық мүшелері жинала отырып, Құран оқу және шариғатымызды үйрену, зікір дұға жасау және бұл іске балаларымызды да қатыстыруымыз керек. Яғни, отбасылық құлшылық деп атауға болады. Құран оқумен бастап, қиссалар, риуаяттар, хадистер айту, әке дұға жасап, балалар «әмин» деп айтып отыру секілді, сондай-ақ балаларға кішігірім жарыстар ұйымдастыру. Маңыздысы осы уақытты өз отбасымызға арнау керек және отбасында имани, нурани орта қалыптастыру қажет. Әрине мұндай отырыстардың балаларды тәрбиелеуге берер әсерінің мол екені сөзсіз. Сондай-ақ, ерлі-зайыптар арасындағы байланысты да күшейтіп, олардың араларында болған кейбір қайшылықтарды жоюға да әсері шексіз.
 
Жетінші кезең: Ақшамнан құптанға дейінгі уақыт.
 
Әрине бұл уақытта ауыз ашылады, қуаныш уақыты. Өйткені, Пайғамбарымыздың  хадисінде айтылған. «Ораза ұстаушының екі қуанышы болады. Біреуі – ауыз ашқанда, екіншісі – Қиямет күні Раббысымен кездескенде».
 
v     Бұл кезде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқан ауызашар дұғасын айтып, ауыз ашамыз. (Бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Ауыз ашар уақытта айтылатын дұға» деп аталады № 176 және 177 дұғалар, 166 бет).
 
v    Еске түсіретін нәрсе кейбір адамдар тамаққа қызып, ақшам намазына мешітке баруды ұмытады. Әрине, бұл сүннетке қарсы келеді. Сондықтан да, ер адамдар ауызды мешітте ашып намазды оқып келіп, кейін тамаққа отырғаны абзал болады.
 
Сегізінші кезең: Құптан намазының және тарауих намазының уақыты.
 
Бұл уақытта мына амалдарға мән берген дұрыс:
 
*    Үйіңізге жақын мешітті таңдау. Өйткені, онда танитын адамдарыңыз болады, олармен байланысыңызды күшейтуге, қал-жағдай сұрасуға, бауырмашылықты арттыруға жақсы мүмкіндік болады. Әрине хатым түсіретін мешіт болса, имамның қырағаты да дұрыс тәжуидпен, әдемі дауыспен болса нұр үстіне нұр болады.
 
*    Мешітке жалғыз бармай, таныстарыңызды, туыстарыңызды тартуға тырысыңыздар.
 
*    Намазды хушуғпен (қорқып) оқып, аяттардың мағыналарын ойланып оқыған абзал болады.
 
*    Мешітке балаларды апармаған дұрыс, олар мешітте шулап, намаз оқушыларға кедерді жасағаны жақсы емес.
 
Тоғызыншы кезең: тарауихтен кейін ұйқыға дейінгі уақыт.
 
Бұл уақытта мына амалдарға назар аударған жөн болар:
 
Мүмкін болғанынша ерте ұйықтауға тырысу;
Тамақтану, шай ішу, бірақ ысырап қылмауы керек,
Студент болса, сабақтарын қайталау;
Құран оқуын толықтыру, егер қалып қойған зікір немесе кез келген жоспардағы амал бар болса оны толықтыру;
Үйдің қажеттіліктерін өтеу т.б. пайдалы істерді істеу.
Оныншы кезең: Ұйқы  уақыты.
 
Бұл кезеңге мән беру өте маңызды. Өйткені, жоғарыдағы амалдарды жақсы орындау үшін адамға күш-қуат қажет. Және егер ниетті жөндесек ұйқымызды да құлшылыққа айналдыруға болады. Ол үшін:
 
Ұйықтау мен құлшылық жасауға күш жинауды ниет ету;
Ұйықтаудың әдептерін ұстану, олар:
*    Дәретпен ұйықтау:
 
*    Оң жағыға жату;
 
*    Ұйықтар алдында айтылатын дұғаларды оқу; (Бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» № 99 және 111 дейінгі  дұғалардан шамаңыздың келгенін оқыңыз, 104-114  беттер).
 
Егер байқаған болсаңыздар бұл жоспарда телевизор қарауға уақыт қалмады. Және шынында да бұл ұлы айда телевизорға уақыт жоқ. Телевизор уақытты оттың отынды жегеніндей жейді. Сондықтан да, бұл ұлы айды құлшылыққа арнайық құрметті бауырлар!
 
Ескерту: Әрине уатын жетіп жатса, жаңалықтар не пайдалы бағдарламаларды қарауға тыйым салынбайды. Бірақ пайдасыз фильмдер мен телехикаялардан т.т. аулақ болған жөн.
 
Үшінші бөлім: Рамазандағы қасиетті жұма күні.
 
Әрине жұма күні өз алдына қасиетті күн, бірақ оның Рамазан айындағы сауабы немесе артықшылығы ерекше болады. Бұл қасиетті күнде төмендегідей амалдарды жібермеуге тырысыңыздар:
 
<    Ғұсыл алып, әтір себіну;
 
<    Жұма намазына ертерек бару;
 
<    Кәһф сүресін оқу немесе тыңдау;
 
<    Дұға қабыл болатын сәтті сағыну, іздеу  (осы күн көп дұға қылу);
 
<    Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көбірек салауат айту;
 
<    Туыстар, достармен байланысу, зиярат жасау т.б. ізгі амалдарды өтеуден құр қалмау.
 
 
 
Төртінші бөлім: Қасиетті Рамазанның соңғы он күні.
 
 Әрине біз үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы күндерді қалай өткізгені үлгі болуға жеткілікті. Рамазан айының соңғы он күнінде пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) түнін құлшылықпен тірілтіп, отбасын да құлшылық жасауға оятқан.
 
Бұл күндері құлшылықтарды барынша көбейту керек және төмендегі аса сауапты амалдар назардан тыс қалмауы керек:
 
1)                 Мүмкін болса осы он күнде иғтикәф жасау;
 
2)                 Егер мүмкін болса, жұмыстан кезекті демалыс алып, құлшылыққа ерекше назар аудару;
 
3)                 Жамағатпен тахажжуд намаздарын оқу;
 
4)                 Осы он күнде бір рет Құранды хатым қылуға тырысу;
 
5)                 Қадыр түнін сағыну (яғни іздеу), оны жіберіп алмауға тырысу, Әрине ол осы соңғы он күннің бірінде, егер осы он күннің барлығын күтсеңіз де артық болмас. Өйткені, оның сауабы мың айдан артық. Және бұл түннің Аллаһ Тағаланың құлшылық етуде шаршаған пенделеріне беретін сыйлығы екенін есте сақтаңыз. Мұндай ұлы сыйлықтан құр қалып жүрмейік, құрметті бауырлар!
 
6)                 Осы күндерде пітір садақасын беру керек, әрине ол Рамазанның басынан беруге рұқсат бірақ осы күндерден кешікпеу керек, ол зекеттің уақыты айт намазына дейін.
 
7)                 Айтқа дайындық жасаймын деп құлшылықтардан мақұрым қалмау керек,  айтқа дайындық Рамазан кірместен бұрын болғаны жөн. Яғни, құттықтау жазуларын дайындау, үйді безендіру т.т. құлшылықтың уақытын алмауы керек.
 
Бесінші бөлім: Рамазан айындағы соңғы сәттер және айт намазы.
 
Бұл күні барлық мұсылмандарды қуаныш сезімдері қоршап алады. Қандай  қуаныш не деген шаттық! Өйткені, оларға Аллаһ Тағала осы қасиетті Рамазан айының оразасын ұстауды нәсіп етті. Амандықпен айтқа жеткізді барша мұсылмандар ерекше қуаныш-шаттыққа бөленеді. Бірақ осы қуанышпен қатар әрбір мұсылманның жүрегінде қайғы-қам да орын алады. Өйткені, біз өте ұлық аймен қоштасып отырмыз. Және ол ай енді тек қана он бір айдан кейін ғана келеді. Олда егер біз оған жетсек. Мүмкін осы біз үшін ең соңғы Рамазан болуы да мүмкін. Айта кетер жайт, осы кезде шынайы мұсылман адамда көптеген қорқыныштан туындайтын сұрақтар пайда болады. Олар: Аллаһ Тағала менің ұстаған оразамды қабыл қылды ма? Мен оразаны дұрыс ұстадым ба? Рамазанның хақысын бердім бе?  Мен Рамазанда күнәлардан тазарып шықтым ба? Күнәларым кешірілді ме? Тозақтан құтылдым ба? Маған Қадір түнінің сауабы бұйырды ма екен? Әлбетте, бұл сұрақтар ақырет қамын ойлаған, Раббысына адал, тақуа, шынайы мұсылман адамды ғана мазалайды.
 
Сонымен қатар, бұл кезде үлкен үміт отын жағатын сезімдер де пайда болары сөзсіз. Өйткені, Аллаһ Тағала ораза ұстаушылардың сауабын тек қана Өзім беремін деп уәде еткен. Рамазан айы келісімен шайтандарды кісендеп қойып, жұмақтың есіктерін айқара ашып, тозақтың есіктерін жауып қойды. Және Рамазан оразасын ұстаған, тарауих намазын оқыған адамдардың күнәларын кешіретінін де және олардың тәубелерін қабыл ететінін Өз кітабында ашық айтқан. «‏ وَاللّهُ يُرِيدُ أَن يَتُوبَ عَلَيْكُمْ» (Аллаһ Тағала тәубелеріңді қабыл етуді қалайды) [4: 27]. Міне, осындай сезім-салдардан кейін ертең ұлы «Айт» мерекесі деген түнге де жетеміз, инша Аллаһ.
 
Әрине бұл түннің өзінің ерекше табиғаты бар. Және біздерге ол түні мынадай амалдар жасаған абзал болады:
 
<    Барлық туған-туыстарымызға, достарымызға және барлық таныстарымызға телефон шалып, сүннет бойынша: «Аллаһ Тағала бәрімізден құлшылықтарымызды қабыл етсін!» деп айтып, оларды «Айт» мерекесімен құттықтау;
 
<    Кішкентай балаларға ерекше мән беріп, оларға ұмытылмайтын «Айт» сыйлықтарын беріп қуанту, жаңа киімдер әперу, ақша беру, ойыншықтар алу, және мұны өте жомарттықпен жасау, өйткені, бұл істер балалардың ислами тәрбиеде өсуіне өте маңызды рөл атқарады. Оларды тек осы Ислам айтын ерекше күтуге үйрету керек, жаңа жылды не т.с.с. емес;
 
<    Сондай-ақ, отбасымызы да (әйелдерді) ерекше қуанту керек, бұл айт жеп-ішу, күліп-ойнау, барлық мұсылман отбасы үшін ерекше қуанышты күн болып есте қалу керек;
 
<    Сонымен қатар айналамыздағы кедей-пақырларды да ұмытпауымыз керек, олар да мұсылмандар. Олар жағдайлары төмен болса да, біздің қуанышымызға ортақ болулары керек, мұсылман бауырларының олармен бірге екенін сезінулері керек және балаларымызды да бұл амалға серік қылу керек олар міскінді-кедейді сүйіп өсулері қажет, өйткені, Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) кедей-міскіндерді сүйген және Аллаһ Тағаладан әрқашан оларды сүюді нәсіп етуін тілеген;
 
<    Егер біреулермен ренжісіп қалған болсаңыз, осы түннен қалмай міндетті түрде осы түні олармен татуласып, арақатынасты жөндеу керек, оларды айт пен құттықтап, қонаққа шақырып бауырмашылықты арттыру керек;
 
<    Ертеңгі «Айт» намазына дайындалу керек, ертерек жатып, ерте тұрып намазға дайындалып, ертерек мешітке баруға тырысу қажет.
 
Алтыншы бөлім: Рамазаннан кейінгі уақыт.
 
Осылайша Рамазан өтті, ендігі алдымызда тұрған үлкен мәселе, сұрақ ол – осының бәрі не үшін? Тек қана Рамазан үшін ғана ма? Әлі де Рамазанның да Құдайы, жылдың да тіпті барлық өмірдің де, аспандар мен жердің де олардағы барлық жанды-жансыз заттардың да Раббысы Алла үшін бе?
 
Жоқ, Құрметті бауырлар біз Рамазанға құлшылық қылмаймыз, біз мәңгі Тірі, Рамазанның да біздің де Раббымыз болған Аллаһқа ғана құлшылық етеміз.
 
Рамазан біз үшін, бізді құлшылыққа дайындайтын бір айлық дайындық курс қана. Сол дайындық пен жыл бойы тіпті өмір бойы құлшылықта болуымыз үшін. Егер біз Рамазанды осылай түсінбесек, онда бұл ұлы қасиетті айдан толық пайда алмадық деген сөз.
 
Білесіз бе, рамазаннан қаншалықты пайда алғанымызды, Рамазандағы құлшылықтарымыз қабыл болды ма, болмады ма? Оны қалай білеміз? Әрине, ол тек Аллаға белгілі, бірақ оны өлшейтін өлшемдер мен көрсеткіштер бар. Рамазандағы құлшылықтарымыздың қабыл болғанын, Рамазаннан пайда алғанымыздың белгілері мыналар:
 
Рамазаннан кейін де құлшылықты жалғастыру;
Жүрегімізде, өмірімізде тақуалыққа қол жеткізу, егер Рамазаннан кейін тақуа бола алмасақ, Рамазаннан еш нәрсе пайдалана алмадық, өйткені, Аллаһ Тағала Оразаны парыз ететін аяттарын айтқанда осыны айтады: «Әй, иман келтіргендер! Бұрынғыларға ораза парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер»  (әл-Бақара сүресі, 183 аят).
 Рамазаннан пайда алғанымыздың және тақуалықтың алғашқы белгісі – Шәууәл айының алты күн оразасын ұстау, оның сауабы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде-кім Рамазан оразасын ұстап, кейін Шәууәл айынан алты күн ораза ұстауды жалғастарса, оған бір жыл ораза ұстағанның сауабы жазылады» деген.
Одан кейін де әртүрлі құлшылықтарды, нәпіл істерді жоғарыда көрсетілген сауапты істерді әрдайым тастамай істеуге тырысыңыз. Және сіздің қайталайтын ұраныңыз: «Кім Рамазанға құлшылық етсе, ол өтіп кетті. Ал кім Аллаһқа құлшылық ететін болса, Ол Тірі және өлмейді».
 
Сөз соңы:
 
Иә, әрине Аллаһ Тағала Рамазанның әр күнінде қаншама құлдарын тозақтан босатты. Иә, әрине Аллаһтың кешірімі шексіз кең. Әрине Рамазанның адамдарды күнәлардан тазартатыны рас. Бірақ, Аллаһ Тағала барлық құлдарды тозақтан құтқара ма? Әлі де құлшылық қылғандар қылмағандар, шаршағандар шаршамағандар бәрі тең бола ма, тырысқандар тырыспағандар бәрінің күнәлары кешіріліп, тозақтан құтқарылып, бәрі бірдей жұмаққа кіре ме? Әлі де сол тозақтан құтылғысы келгендер ғана құтыла ма?
 
Әрине жоқ, олай емес, бұл ақылға да сыймайды, шариғатта оны қабылдамайды. Бұл айда Аллаһтың тозақтан құтқаратын адамдары – олар тек содан құтылу үшін шаршағандар, тырысқандар сол үшін амал еткендер ғана тозақтан құтылады. Өйткені, Пайғамбарымыздың хадисінде: «Әркім өзі үшін әрекет етеді. Кім Аллаға нәпсісін арнаса (құлшылық етіп) ол тозақтан құтылады, ал кім оны шайтанға сатса, ол оны жойды деген сөз» деген.
 
Және Құранда да: «Мен қалаған адамыма азап таттырамын. Мейрімім болса, барлық нәрсені қамтыған. Менің ол мейрімім тақуа иелері мен зекет берушілерге әрі біздің аяттарымызға сенгендерге бұйырады» [7:156] делінген.
 
Жоқ, ол ұлы бақыт барлық адамға емес, тек қана Аллаһтың жолында шаршаған адамдарға ғана нәсіп етеді. Олар қанша шаршаса да ол өтеді және барлық ауырлық, қиындықтар өтеді де инша Аллаһ сауабы қалады. Және ақырет күні соның нәтижесін көргенімізде барлық шаршағанымызды ұмытамыз, инша Аллаһ. Сондықтан да, Құрметті бауырларым! 
 
Д. Рағиб Сиржәни
muslim.kz 
ислам, Құран, жоспар, ораза, рамазан, сауап, ғибадат, амал
ShynarShynar
8 жыл бұрын 9314
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248