Қасынан Мені табар ең...
Қасынан Мені табар ең...

Пенде деген қызық қой. Кейде жарлы адам  бай болсам деп арман етеді. Бай болсам көп қайырлы іс жасар едім дейді. Бірақ сол тілегі орындала қалса жомарт емес, нағыз шық бермес шығайбайдың өзіне айналып шыға келеді. Қазақтың: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегені осы болса керек. Ол кешегі жарлы күнін ұмытып, бейне бір қолына алтын ұстап дүниеге келгендей ешкімді танымай, жақын-туыстарына жат болып шыға келеді.

Күндердің бір күнінде сол баяғы таз қалпына қайта түсе қалса, бейне бір ұйқыдан тұрғандай жақын-туыстарына мүләйімсіп жылы шырай таныта қалмақ. Байығалы бері жоламай кеткен мешітін енді ғана көргендей, дәретін алып сәждеге жығылмақ. «Ей, Құдай Тағалам! Берген ырысыңның қадірін біле алмадым. Қайта берсең қайырлы іс жасайтыныма уәде берем» деп тәубесіне келмек.

Алайда басынан ұшқан бақ бірде қайта айналып соқса, әлгі пенде түк болмағандай, ешкімге қол ұшын бермей, қайта паңдана қалмақ. «Менің әуел баста басыма қонған бақ бар. Кешегі жарлы күндерім уақытша ғана» дер. Жүріс-тұрысы да, сәлем берісі де бірден өзгеріп сала бермек. Жиын-тойда алғаш сөз алып, елге салауатты сөз айтып, өзінің лауазымдылығын алға тартпақ. Сатып алған атақ-даңқын айтып, елдің мысын бір басып қалмақ. Нағыз зиялы кісілердің сөзінен мысал келтіріп, артынан сол сөздерден қателік тауып сынамақ. Байлығы болғандықтан оның таяз пікірлері де жалпақ жұртқа аса әсерлі келіп, марапаттап қол шапалақтап қоя бермек. Мұндай санасыз пенделерге өмірден еш нәрсе дарымай, мешіттен аулақ үш қабат сәулетті сарайында күн кешіп, сараңдық жасап жүргенде бір күні ойламаған жерден темір қақпасын ажал келіп қақпақ. Сонда әлгі сараң: «Кешірерсің, мен сені күткен жоқ едім» дер. Ажал сонда бәлкім: «Иә, мені күтпегеніңді білемін. Бірақ мен сені күткенмін. Мінекей, аяңдап басып өзің де келдің» дер.

Иә, «Бұл дүниеде қалай ғұмыр кешсең, солай өлерсің, қалай өлсең Махшарда солай тірілерсің» деген. Осылайша дүниеге құл болып, дүниеге тоймай жүріп, бір күні солай өліп қор болмақ.

Кейбір ғұламалар былай дейді: «Шайтан күнде адамдарға дүниені ұсынып: «Зияны көп, пайдасы жоқ, өмірден бездіріп, қынжылтатын нәрсені кім сатып алады?» деп сұрайды. Дүниеге ғашық жандар: «Біз сатып аламыз» деп еліреді. Шайтан сонда: «Оның төлемі ақшалай емес. Оның өтеуі – ақыреттегі нәсіптерің. Өйткені, мен оны Аллаһ Тағаланың лағынеті, ашуы мен қаһары және азабы болған төрт нәрсеге сатып алдым. Жәннатты осы үшін саттым» дейді. Дүниенің құлақ кесті құлдары: «Мейлі, біз бұған разымыз» деп бастарын шұлғысады. Шайтан: «Іздеген алушыларымды таптым. Келіңдер, мен сендермен саудаласамын» дейді. Олар да: «Жарайды» деп қуанысады. Осыдан кейін шайтан оларға дүниені сатып тұрып: «Неткен жаман сауда еді» деп күбірлейді.

Бұндай дүниеге берілгендер – сараңдық жасаған адамдар. Құранда бұлар жайлы былай делінеді:

«Аллаһ Тағаланың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселерінде сараңдық істегендер, бұны өздері үшін жақсылық деп ойламасын. Керісінше олар үшін зиян. Сараңдықпен бермеген дүние-мүліктері қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Һәм көктер мен жердің иесі – Хақ Тағала. Аллаһ не істесеңдер де бәрінен хабардар». 

Пайғамбарымыздан: «Қиямет күні Хақ Тағала былай дейді: «Ей, адам баласы! Мен науқастанғанда көңілімді сұрап келмедің». Сонда құл: «Я, Раббым Аллаһ! Сен – әлемдердің Раббысың. Мен сенің көңіліңді қалай сұраймын?»,- дейді. Аллаһ Тағала: «Білмедім деші, пәленше құлым науқастанып жатып қалғанда, сен көңілін сұрап бармадың. Жоқ, білмейтін бе едің? Егер оның халін сұрап барғанда, жанынан Мені табар едің»

Алла Тағала былай дейді: «Ей, адам баласы! Мен сенен тамақ сұрадым. Бірақ сен мені тойдырмадың». Пенде сонда: «Я, Раббым Аллаһ! Мен сені қалай тамақтандырайын? Сен – әлемдердің Раббысың»,- дейді. Құдай Тағала: «Пәленше құлым сенен тамақ сұрады. Бірақ сен бермедің. Білмейтін бе едің?! Егер оған тамақ бергеніңде, Мені оның жанынан табар едің».

Хақ Тағала былай дейді: «Ей, адам баласы! Мен сенен бір жұтым су сұрадым. Бірақ маған су бермедің». Құл: «Я, Раббым Аллаһ! Мен Саған қалай су беремін? Сен – әлемдердің Иесісің». Аллаһ Тағала: «Пәленше құлым сенен су сұрады. Бірақ сен су бермедің. Білмеуші ме едің?! Егер оған су бергеніңде, оның жанынан Мені табар едің» дейді.

Иә, бұл ақиқат. Ендеше, қауқарсыз пенде күндердің бір күнінде есігін ажал қақпай тұрып, бұл пәни дүниені емес, керісінше сол дүниені арқау ете отырып Аллаһ Тағаланың разылығын іздегені абзал. Адамның жаратылыс мақсаты да – осы.

Мұхитдин Исаұлының «Пейішке жетелер пейіл» кітабынан

Ақырет, жаза, пейіш, шайтан, ажал, күнә, Аллаһ, сауап, жәннат, жомарт, Дүние жалған, сараң, пенде, азап, фәни, дүниеқоңыз, Раббы
ShynarShynar
9 жыл бұрын 4579
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248