Ораза - сауда
Ораза - сауда

Жұмыстан қайтқан бетім болатын. Күтпеген жерден көршімді кездестіріп қалдым. Ақыретте ақысы сұралатын жандардың бірі емес пе, аздаған уақытымды бөліп, амандық-саулық сұраса бастадым. Өзі сөзшең екен. Әрнәрсенің басын бір шалып, әңгіменің көрігін қыздырдық. «Осы айдың 18-і Хан Шатырда жеңілдік түні болады. Барасың ба?» – деді бір кезде. «Білмеймін» деген маған бір қарап алып: «Сен өзің сауданың ебін білмейді екенсің. Ол күні көп нәрсеге жеңілдік болады. Және қандай жеңілдік! Жылына бір-ақ рет болады ол түн. Қапы қалма!» – деп қайрап қойды. Аздан соң ағамызға сұрақты мен қойдым: «Осы айдың 18-і рамазан басталады. Дайынсыз ба?».

Ойыма қасиетті Құран Кәрімнің «Сафф» сүресінің аяттары оралды: «Ей, мүміндер! Сендерге жан түршігерлік азаптан құтқаратын бір сауда көрсетейін бе?». Аяттың жалғасы Аллаға және Оның Елшісіне иман келтіріп, мал-мүлкімізбен және жанымызбен Алла жолында күресуге үндейді. Әрине, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт елімізде жиһадқа ұмтылып, жанымызды құрбан қылудың дәл қазіргі уақытта еш қисыны жоқ. Алайда, Аллаға иман келтірген ақылды адамға ғибадат парыз екенін ешкім жоққа шығармаса керек. Ал, ғибадаттың көкесі – сауабын Жаратушы Иеміздің өзі беретін ораза емес пе?!

Қарап тұрсақ, қазіргі қоғамда жеңіл сауданың жолын іздеген жандар жетіп артылады. Алайда, сол «жылына бір-ақ рет келетін жеңілдікті» жіберіп алмас үшін қаржы жинап, ерте қамданатындардың ақырет үшін «сауда» жасап, сауап іздемейтіні өкінішті. Егер ойланып қарайтын болсаңыз, қасиетті рамазан айы – ақырет үшін нағыз сауда емес пе?! Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы себепті де: «Егер Алланың пенделері осы айдың берекесі мен артықшылығын білсе, рамазан айының жыл бойы болғанын қалар еді»,[1] – деп, рамазан айының қадір-қасиетін ұлықтай түскен.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал, осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай», – дегені риуаят етіледі. Бұ дүниедегі болмашы жеңілдікке алып-ұшып асыққанымызбен, ақыретте жәннатқа жеткізетін жеңілдікті менсінбейтініміз неліктен екен?! Күллі мұсылман қауымы сағына күтетін қасиеттің айдағы әрбір әрекетіміздің сауабы сансыз түрде еселеніп жазылатыны жадымызға сақтай білсек игі еді.

Рамазан айында атқарылған әрбір амалдың сауабы молынан болатынын Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына бір хадисі тағы да қуаттай түсетіндей: «Рамазан айында орындалған ұмраның сауабы кіші қажылықпен тең». Тағы бір хадисте Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қандай садақаның қайырлы екендігін сұрағанда: «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап бергені айтылады. Қарап тұрсаңыз, асыл дініміздің адамзатқа бұйырған әрбір ізгі амалдардың бұл айда сауабы еселеніп беріледі екен. Нағыз жеңілдік деген осы емес пе?!

Кейде адамдар өмірге сынақ үшін келгенін ұмытып кеткен сияқты көрінеді. Дүниелік мақсатты ақыреттен жоғары қойып жататынымыз да сондықтан шығар. Дәулетің шалқып, төрт құбылаң түгел болған да керек қой. Дегенмен, Алла Тағаланың бізге берген сол сансыз нығметтеріне шүкіршілік айтуды ұмытатынымыз өкінішті. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер»,[2]– деп бұйырады. Ал, қасиетті рамазан – Алла Тағала әміріне бойұсынып, тым құрығанда, бір ай шүкіршіл құл болуға таптырмайтын мүмкіндік. Тіпті, рамазан айында ораза тұтқан адамның үндемей жүруінің өзі сауапқа жазылады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза тұтушының үндемеуі Аллаға тәсбих айтқанымен тең»,[3]– деген өсиет қалдырған. Бұл хадис ораза тұтқан адамның тек қана ішіп-жеуден ғана тыйылмай, артық сөз бен ғайбаттан аулақ болуға үндейді.

Он сегіз ғаламды шеберлікпен жаратқан Алла Тағаланың адамзат баласына қолынан келмейтін қиын істі жүктемейтіні белгілі. Қасымызда жүрген кей жандардың неге ораза ұстамайтынын сұраңыз, жағдайы келмейтінін айтып қиналады. Бұл – адамның нәпсі алдындағы әлсіздігінің белгісі. Ал, ораза – адамды рухани кемелдікке жетелеп, сабырлы болуға үйрететінұстаз. Осы себепті де, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза – сабырдың жартысы»,[4] – деген. Ал, «Расында, сабырлылар сауаптарын қисапсыз түрде молынан алады»[5]. Міне, нағыз жеңілдік деген осы емес пе?! Қисапсыз сауап!

Ақиқатында, қандай да бір затты арзанға немесе тегін алуға талпыну – адам баласы үшін тән қасиет. Өйткені, саудаласудың өзі – сүннет. Қазіргі заманда кез келген жанның қымбат киім киіп, сапалы бұйым ұстағысы келетіні өтірік емес. Алайда, бұл дүние қызықтарының түгелі жиналып, жәннаттың бір затына татымасы шындық. Ал, рамазан айындағы қабыл болған оразаның о дүниеде мәңгілік тұрақ болатын жұмаққа кіргізері хақ. Бұл жайында екі дүние сұлтаны (с.ғ.с.): «Бұл ай – сабырлық айы. Ал, сабырдың сыйы – жәннат», – деп сүйіншілеген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Расында, жұмақта Райан атты қақпа бар. Қиямет күні одан ораза тұтушылар ғана кіріп өтеді де, олардан басқа ешкім кіргізілмейді. Олар кіріп болған кезде ол қақпа жабылады»,[6]– делінген.

Міне, жеңілдік іздеген жанға қасиетті рамазан айының берері осындай. Ал, қасиетті Құран Кәрім түсіріле бастаған Қадір түнінің жөні, тіптен, бөлек. Құранда бұл түнді «Қадір түні мың айдан қайырлы» деп дәріптейді. Аса жомарт Раббымыздың біздер үшін сексен үш жылға тең сауап сыйдырған қасиетті түннің қадірін жете бермейтініміз өкінішті-ақ!

Әрине, асыл дініміз әдемі киіініп, әдемі өмір сүруімізге еш тыйым салмайды. Бірақ, Алла Тағала әміріне бойұсынып, парыз амалдарды атқаруымызды да міндеттеген. Сондықтан да, ақыретімізге де пайдалы «сауда» жасап үйренейік, көршім!

 

[1]Бәйһақи.

[2]«Бақара» сүресі, 152-аят.

[3]Бәйһақи.

[4]Тирмизи.

[5]«Зүмәр» сүресі, 10-аят.

[6]Бұхари.

 

Айдос Имантай

Ақырет, ислам, ораза, рамазан, сауда, сауап
ShynarShynar
8 жыл бұрын 5946
1 пікір
  • "Ночь скидок"-тың төресі – қасиетті Қадір түні. Бұл түнгі риясыз, ықыласпен, үмітпен орындалған құлшылық мол сауап.
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248