Көпшіліктің намазға деген көзқарасы түзу. Дегенмен аракідік кездесіп қалатын «күнде бес мезгіл үзбей оқудан адам жалықпай ма?» деген сұрақ төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбітсек.
Бір сәт ойланайықшы, өміріміз мәңгі ме? Келесі жылға сау жетіп, тіпті келесі күнді аман-есен атырарымызға кім кепіл? Пендешіліктен аса алмай аз ғана құмарлыққа алданып осы өмірде мәңгілік қалып қоятындай сезінеміз. Егер есіл өміріміздің, осыншама ағыл-тегіл уақтымыздың түкке алғысыз босқа өтіп жатқанын жете түсіне білсек, онда күн сайын бізге берілген жиырма төрт сағаттың бір сағатын қиып, ертеңгі ана дүниеміздің мәңгілік бақытына қол жеткізетін жанға жайлы, көңілге хош намаз оқуға арнау бізді жалықтырмақ түгілі есесіне қайта қуантып, шынайы рахат сезімнің құшағына бөлер еді.
Күн сайын бірнеше мезгіл тамақтанамыз, су ішеміз, ауамен тыныстаймыз. Бізді бұлар жалықтыра ма? Жалықтырмайды. Неге? Өйткені адамның денеге тән қажеттілігі қайталануда. Сіз бұдан тіпті ләззат та аласыз. Олай болса, жүрегіміздің азығы, рухымыздың тіршілік нәрі, рухани ішкі сезімді баурайтын намаз да бізді жалықтырмауы тиіс.
Шындап келгенде, адам тек тәннен ғана тұрмайды. Адамның рухани жағы бар, адамда рух бар. Бұларға да өзіндік азық керек. Қазір рет-ретімен олардың жағдайына көз салып көрейік:
Жүрек. Шексіз қайғы-қасірет пен күрсініске душар, шексіз ләззат пен қалау жетегіндегі жүректің бір ғана азығы мен қуаты – бәріне құдіреті жететін, мейірбандылық пен жомарттық иесі Хақ тағалаға жалынып тілек-дұға, өтініш айту.
Рух. Мына пәни жалғанмен қимай-қимай қоштасқан жаратылыстардың көбіне қатысты рухтың тіршілігін үзбей жалғастырар нәрі – ғибадат пен құлшылыққа, мәңгілік сүйіспеншілікке лайық Жаратушының рақым бұлағына намаз арқылы бас қою болмақ.
Рух жаратылыс тұрғысынан ылғи да мәңгілікті аңсайды, өйткені ол о баста мәңгілік үшін жаратылған. Ол − басталу уақыты жоқ ежелден келе жатқан әзәли, соңы жоқ әбәди Жаратушының айнасы. Тым нәзік адам рухы қиыншылығы мен ауыртпалығы мол, күйбең тіршілігі мен күйкі тірлігі бір үзілмейтін мына қараңғы өмірде қажиды, қатты қыспаққа түседі. Сондай кезде бір сәт кең тыныстағысы келеді. Ол тыныс намаз арқылы ашылады.
Өткен күндердегі ғибадат қиындығын, намаз машақаты мен ауыртпалығын еске ала зар илеп, сондай-ақ келешекте өзін күтіп тұрған ғибадат пен намаз қиыншылықтарын да бүгіннен ойлап сабырсыздық таныту ақылға сия ма? Ондай сабырсыз жан мына бір есерсоқ әскербасыға ұқсайды. Ол оң жақтан шабуыл жасаған дұшпанға өзінің оң жақтағы күші жеткілікті бола тұра әскерінің көбісін оң жаққа ойыстырады. Сөйтеді де сол жақтан соққы келмей тұрып сол жаққа да әскерінің көбісін жұмылдырады. Осы екі арада негізгі күш ортаңғы әскерді азайтып әлсіретіп алады. Ал дұшпан болса бұны байқап, дереу ортаңғы әскерге сойқанды шабуыл жасап, әне-міне дегенше жермен-жексен етеді. Біз де еріксіз осының кебін киеміз. Өйткені өткен күнмен қиындықтар қоса кетіп, бүгін жақсылыққа кенелудеміз. Ащы кетіп, тәтті қалды. Бейнет кетіп, зейнет қалды. Машақаты сауапқа айналды. Олай болса өткенге қарап жалығудың орнына жігерімізді жанып, қайта тың күш жинап, жаңа ынта, жаңа құлшынысқа ие болуымыз керек. Болашақтағы күндер болса әлі келген жоқ. Ал оны қазірден ойлап жалығу, босаңсу – келер күннің аштығы мен шөлін ерте ойлап, күні бұрыннан безек қаға уайымнан жүдеуді елестететін ақымақтық. Егер бұлтартпайтын шындық осы болса, онда ақылға жүгініп ғибадат тұрғысынан да тек бүгінді ойлау керек. «Бір сағатымды ақысы көп, қиындығы аз, сауабы мол ұлы қызметке арнап жатырмын» деген терең түсінік-пайымда жүруіміз керек. Сонда біз жалығудың орнына қайта жаңа құлшынысқа ие боламыз.
Міне, ей, шыдамсыз нәпсім! Сен мына үш нәрсеге сабыр етуге міндеттісің:
Біріншісі, ғибадат-құлшылығыңды атқаруға деген сабыр;
Екіншісі, күнә істемеуге сабыр;
Үшіншісі, қайғы-қасіретке, өмірде кездесетін қиыншылықтарға деген сабыр.
Ендеше, жоғарыда айтылған мысалды басшылыққа алайық. Мәрттік танытып «Я, Сабур!» деп Аллаһ тағаланың «сабыр» атты көркем есіміне арқа сүйейік. Үш сабырды да иінімізге жүктейік. Жаратушының бізге нәсіп еткен үш түрлі сабырды орынды пайдалана білсек, сол арқылы барша ауыртпалық пен қиындықтарға төзе аларымыз сөзсіз. Ендеше, әрқашан сабырлы болуға тырысайық.
Жасалған құлшылықтың нәтижесіз болуы мүмкін бе? Жалықтырып, зеріктіретіндей жоқ әлде сауабы аз ба? Шындап келгенде бізге біраз ақша ұстатып немесе күштеп қорқытқан адам бізді қара кешке дейін жұмыс істете алады. Оған келгенде жалығуды білмейсің. Ал сәл ғана уақытқа аялдаған бес күндік әлем атты мына қонақүйде әлсіз, ғаріп жүрегіңе күш пен байлық сыйлайтын, қараңғы қабіріңе азық пен сәуле болып төгілетін, сені сан сұраққа алатын Махшарда сенің қолыңдағы айғағың мен куәлігің, қаласаң да қаламасаң да Сырат көпірінен өтерде саған жарық нұр әрі қанатты пырақ болатын намазда еш нәтиже болмауы яки сауабының аз болуы мүмкін бе?
Ей, қу нәпсі! Бір адам саған жүз мың теңге ақы төлеуге уәде етсе, саған діңкелетіп жүз күн жұмыс істетеді. Сен қай уақытта болмасын уәдесінен тайқып кетуі мүмкін әлгі пендеге сенім артасың да жалығу былай тұрсын ақшаңды ойлап жаныңды алып-салып, өлермендікпен жұмысын істейсің. Алайда уәдесінен айнуы әсте мүмкін емес Жаратушы Хақ тағала ақы ретінде – Жұмақты, сый ретінде – мәңгілік бақытты нәсіп ететіндігіне уәде беріп, саған ең көркем міндетті жүктеп отыр. Ал енді сен сол саған жүктеген міндетті тиянақты атқармасаң, жалқауланып істемесең я болмаса ақысын азырқанып тиіп-қашып шала-шарпы ғана орындасаң қатаң жазаға ұшырап кетем-ау деп қорықпайсың ба? Мына қу тіршілікте түрменің жазасынан қорқып ауыр жұмыстарды жалықпай жанталасып істейсің, ал Тозақ секілді мәңгілік қапастың қорқынышы, түпсіз шыңыраудың үрейі жеңіл ғана міндетті атқаруда саған қайрат-құлшыныс бермегені ме?
Ғибадаттан зерігіп, босаңсуымыздың, намаздағы кемшіліктеріміздің басты себебі не? Бір бітпейтін қым-қуыт тіршіліктің көптігі ме? Жоқ әлде қу құлқынның қамын күйттеп жүріп уақыттың жетпейтіндігі ме? Бүкіл уақытымызды осы дүние үшін сарп ететіндей біз сонда тек осы дүние үшін жаратылдық па? Біз қабілеттілік тұрғысынан бүкіл жан-жануарлардан артық тұрғанымызбен өзіне берілген тынымсыз тіршілігін атқаруда бір торғайға да жете алмасымызды мойындаймыз. Осыдан-ақ өмірдегі негізгі міндетіміздің жан-жануарлар секілді оттап-күйттеуден аспайтын әрекет ету емес, керісінше нағыз адам ретінде мәңгілік өмір үшін еңбек ету екенін түсінгеніміз жөн. Бұған қоса, қолбайлау деп отырған істеріміздің көбі бізге аса қатысы жоқ пайдасы шамалы тірліктер. Біз болсақ, пендешілікке салынып, ең керекті, ең маңызды істі атқарудың орнына дәл бір ғұмырымыз түгесілмейтін кісіше керексіз нәрселермен уақытымызды өткіземіз.
Шындығына келсек, сырттай бір қарағанда аса мән бермейтін нәрселер де өздеріне тән жүйелілікпен, намазға ұқсас қимыл-қозғалыстарымен Аллаһ тағаланың ұлы екенін дәріптейді. Айталық, діннен, ғибадаттан мүлдем хабарсыз бір кісі жұма күні мешітке бас сұқса, әуелгіде елдің не істеп жатқанын түсінбей аңтарылып қалары даусыз. Өйткені ешкім-ешкімге қарамай әркім өз бетінше жапатармағай иіліп, тұрып, маңдайын сәждеге тигізіп алғашқы сүннетті атқарып жатады. Ал парызды атқарған тұста жамағатқа көз салса, сап-сапқа тізіліп бәрі бір мезетте иіліп, бір мезетте түрегеліп құлшылық атқаруынан ондағы реттілікті, жүйелілікті байқайды. Сол секілді өсімдік атаулы да жайлап барып түрегеліп дәл бір намаздағыдай қиямға тұрады. Біршама уақыттан кейін рукуға барған секілді иіледі. Кейіннен біржолата сәждеге бас қойған секілді топырақпен араласып кетеді. Адамның балалық, жастық, қарттық шақтары, сондай-ақ сәждеге жығылғаны секілді қабірге қойылуы да осыны меңзегендей. Алып күннің де тас төбімізге көтерілген кезі намаздағы тік тұрған сәт-қиямға ұқсаса, артынша қызара батуы сәждеге бас қойған кейпін елестетеді.
Тіпті әр түрлі империялардың да әуелі құрылып, қанат жайып өркендеген кезі қиямды білдірсе, кейіннен бірте-бірте құлдырауы рукуғды елестетеді. Ал біржолата жығылып тарих қойнауына кетуі сәждені аңғартқандай. Демек олар да түптің түбінде Жаратушының ғана мәңгілік екенін паш етіп, «Аллаһу акбар!» (Аллаһ ең ұлы!) деген күйі ізім-қайым кете барады. Кейде қатты өршіп, іле суып барып сөнген сезім де осы сарындас.
Ғибадаттың мәні – құлдың өз бойындағы пендешіліктері мен кемшіліктерін ұғыну, әлсіздігі мен әлжуаздығын, қауқарсыздығы мен дәрменсіздігін сезіну. Сезініп қана қоймай, Жаратушының шексіз құдірет-күшіне, мейірімділігі мен мейірбандығына таңғала отырып, үлкен сүйіспеншілікпен сәждеге бас қою.
Күллі жаратылыс атаулыны кемелдік тұғырға көтерген Жаратушының сәндік салтанаты өзіне басқалардың құлшылық жасауын, бағынуын қалайды. Сондай-ақ жаратушылық айбыны, пәктігі мен тазалығы құлдың өз айыбын мойындап, «астағфируллаһ» (Мені кешіре гөр!) деген күйі өз күнәсіна кешірім тілеп, Ұлы Жаратушының ондай кемшілік, пендешілік атаулыдан ада, пәк екенін дәріптеп мақтау айтуын қош көреді. Ғаламның ешбір ақаусыз жаратылғанына сұқтана көз тастап, «сұбханаллаһ» (О, жаратушым! Сен неткен пәксің!) деген күйі Жаратушыны мадақтай отырып, оның құдіретін паш етуді қалайды.
Жаратушының асқақ айбыны құлдың егіле өз алдында күнәларына кешірім сұрауын, әрбір жаратылыс иесінің дәрменсіздігін байқаған сайын Хақ тағаланың керісінше соншалықты теңдессіз күшті екенін ұғуын қалайды. Жаратушының пендешілік атаулыдан мүлдем пәк екенін еске ала отырып, «Аллаһу акбар» (Аллаһ ең ұлы!) деп аса бір кішіпейілділікпен иіліп, жалбарынған күйі Аллаһ тағалаға ғана тәуекел етуін қалайды.
Жаратушының шексіз рақымға толы қазынасы құлдың өзіне қажетті барша зәрулігін тілеу тілеп дұға оқу арқылы Раббысынан сұрауын, өзі кенелген күллі нығмет-ризыққа шүкіршілік етіп, «әлхамдулиллаһ» деп (Аллаһқа мадақ) алғыс-ризашылығын білдіруін талап етеді.
Демек, намаздағы қимыл-әрекеттер мен айтылатын сөздер Аллаһ тағала тарапынан әмір етілумен қатар осындай терең мағыналарды қамтиды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, кешегі күннің уысыңнан шыққанын біл. Қанша қармансаң да оған енді қол іліктіре алмайсың. Ал ертеңгі күнге жетер-жетпесің тағы белгісіз. Олай болса, дәл бүгінгі күнің – сенің шынайы өмірің. Ендеше, күн сайын ең болмағанда бір сағатыңды үнемдеп жинаған ақша секілді шынайы болашағыңды құрайтын ақыреттік сандықша – бір мешітке немесе бір жайнамазға қиғайсың...
«Құлшылық құпиясы» кітабынан.
Аударған: Құдайберді Бағашар