"Жегендей болдым" мешіті немесе садақа жинаудың осы бір ел естімеген жолы жайлы...
"Жегендей болдым" мешіті немесе садақа жинаудың осы бір ел естімеген жолы жайлы...

Түркияда Стамбул қаласында Sanki Yedim Camii (Жегендей болдым/Как будто поел) деп аталатын кішігірім мешіт бар. Бұл мешіт Осман Империясы кезеңінде XVIII-ғасырларда салынған. Мешіттің салыну тарихы өте қызықты. Мешітті салдырған адам ретінде екі түрлі адамның аты (Keçecizade Hayreddin Efendi, Adanalı Şakir Efendi) аталғанымен, бізге маңыздысы қалай салынғаны, яғни мешіт салуға қаржының қалай жиналғаны, болып тұр. 

Сол кездерде орта табысты кәсіпкер кісі Тәубә сүресінің 18-аятындағы "Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне солардың тура жол табушылардан болып, жетістікке жетуі үміт етіледі." деген сүйіншіні естіп, өзі де мешіт салдыруды қалайды.

Сөйтіп нәпсі қалауларын тыңдамай, ақша жинай бастайды. Артық не әдеттен тыс бір нәрсе жеуді қалағанында "Жегендей болдым (жедім деп есепте)!" деп, соның ақшасын бір шетке жинай береді. 20 жылдан соң жинаған ақшасы кішігірім бір мешіт салуға жететіндей болады. Стамбул қаласының Кырбаджы (Kırbacı) көшесінде бір мешіт салдырады. Бұл мешіт халық арасында "Жегендей болдым" мешіті аталып кетеді.

Барлығымызға үлгі боларлық бұл ізгі іс жайында бір ғалым былай деп айтқан екен: "Әр түрлі ләззаттар шақырғанда "Жегендей болдым" деп айту керек. "Жегендей болдым" деп айтуды өзіне қағида еткен адам "Жегендей болдым" атты мешітті жей алатын еді, бірақ жемеді."

Ойлап қарасақ, шынында да әрбір адам осылай үнемділік жасай алады. "Көршісі аш бола тұра өзі тоқ жатқан бізден емес" деген Пайғамбар (с.а.с.) хадисін есімізге түсіріп, айналамызға бір көз жүгіртейік! Қазіргі заманда көршілермен қарым-қатынас азайып кеткендіктен, жақын жерде жүргендердің де жағдайынан бейхабар болуымыз әбден мүмкін. Немесе, қала ортасында тұратындықтан біздің айналамызда ондай адамдар тіпті жоқтың қасы деуіміз мүмкін. Бірақ қаланың шет жақтарында, ауылдарда мұқтаж жандардың көптігі сөзсіз. Соларға бір көмек қолымызды создық па? Немесе "қалай көмектесе аламын?" деп ойлап көрдік пе? Бұл біздің мұсылмандығымызға сын деуге болады. Алдында аз тамақ жеудің пайдалары туралы бірнеше жазба шыққан еді. Соларды да қарасақ, тамақ жеуде үнемділіктің пайдасы зор екенін көреміз. Енді оның осындай бір мешіт салатындай орасан зор пайдасы тағы бар екен. Ақыретте сұралмай бір адым алға жылжымайтын 5 нәрсенің ішінде мал-мүлкімізді қайдан тауып, қайда жұмсауымыз бар болғандықтан әрбір жұмсағанымыз есепке алынады. Ал мұндай ізгі амалдар жасай алсақ, есебімізді оңайынан беріп қана қоймай, таудай сауаптарға да ие бола алмақпыз, ИншаАллаһ!

Шынар Ә.Т.

ислам, хадис, мешіт, дін, сүннет, садақа, религия, үнемділік
ShynarShynar
8 жыл бұрын 7332
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248