Енесінің қуанышын өз қуанышынан жоғары қойған үлгілі келін (ғибрат хикая)
Енесінің қуанышын өз қуанышынан жоғары қойған үлгілі келін (ғибрат хикая)
Бір отбасында болған оқиға екен. 
Бір күні жолдасы жан жарын мейрамханаға кешкі асқа шақырады. Бірақ әйелі ұсыныстан бас тартып:
- Мен сенің басқа бір әйелді шақырғаныңды қалаймын,- дейді. Түк түсінбеген күйеуі:
- Сен менің жар дегенде жалғыз некелі жарымсың. Мен сені бірге мейрамханадан тамақтанайық деп шақырудамын. Ал сен басқа әйел шақыр дейсің. Мен ондай еркектерден емеспін. Қалай басқа әйелді шақыр дейсің? Кімді айтып тұрсың сонда?- дейді. Сонда әйелі:
- Мен сенің өз анаңды шақырғаныңды қалаймын. Сендер бірге тамақтанбағалы, қыдырып, бірге уақыт өткізбегелі көп болды ғой,- деп сүйікті жұбайымен бірге қыдыру үшін өзінен көрі енесін жоғары қойып, парасаттылық танытты. Мұны естігенде күйеуі таң қалған және разы болған күйі:
- Аллаһ саған сый-сыяпатын берсін!- дей берді. 
Бірден анасына қоңырау шалып, мейрамханаға кешкі асқа шақырды. Анасы алғашқыда өз құлағына өзі сенбеді. Шақыруды қуана-қуана қабыл алды. Ұлы оны үйінен алып кетті. Екеуі әңгімелерін айтып, сыр бөлісіп ұзақ отырды. Ана мен бала болып сөйлесулерін екеуі де сағынып қалған екен. Әсіресе, ана көңілі жадырап, мәз-мейрам. Ол үшін ең керемет күн болғандай. Тіпті мұндай үлкен мейрамханада болмаса да, жерде отырып ұлымен бірге тамақтанғанның өзі оған зор бақыт сыйлайтын еді. Ұлына шексіз разылығын айтумен болды. Әр сөзінде Аллаһтың разылығын тілеп, дұғасын айтуды да тоқтатпады. Анасын үйіне апарып салып тұрып:
- Анашым, Аллаһ қаласа, тағы да міндетті түрде осылай бірге тамаққа барамыз,- деді.
- Жоқ, балам! Аллаһ қаласа, келесі жолы мен шақырамын,- деді шексіз қуанышта тұрған ана.
Арада біраз уақыт өтті. Анасы шақырғанымен ұлының қолы босамай, кездесе алмады.
Кенет анасы сырқаттанып, көп ұзамай дүние салды. Ұлы қатты қайғырды.
Содан бір айдай уақыт өткенде ер адам бір шақыру алды. Мейрамханаға кешкі асқа екі адамдық шақыру. Тамақ толықтай төленіп қойған екен. Бұл белгісіз шақыру түсініксіз жайт болды. Әйелімен бірге мейрамханаға барды. Онда бір хат берілді:
"Балам, біз тағы да міндетті түрде кешкі асқа барамыз деп едік. Бірақ сенің қолың босамай кетті. Мен екінші рет өзім шақырамын деп уәде берген едім. Мен сөзімде тұрдым. Келінім екеуіңді кешкі асқа шақырдым. Сендерге ас болсын! Екеуің әрдайым бақытты болыңдар! Аллаһ зор сый-сыяпат берсін! Аллаһ разы болсын!"
 
Қағаз бетіне түсірген Шынар Ә.Т.
ислам, дін, ата-ана, разылық, ата-ене, Аллаһ разылығы, ата-ана разылығы, ене мен келін
ShynarShynar
8 жыл бұрын 8227
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248