Бұрынғы кезде бір жас шопан жігіт патшаның қызына ғашық болады. Есінен айырған бұл ғашықтықтан сүйгенінің есімінен басқа ешнәрсе айта алмайтындай жағдайға түседі. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылады. Ешқандай ас батпай, жүдеп кетеді.
Жанында өзіндей шопан досы болады. Қанша жерден "Сен жай ғана шопансың, ол патшаның қызы. "Тең теңімен, тезек қабымен." Оған қол жеткізуің мүмкін емес" деп айтқанымен, ғашық жан ақыл тыңдаған ба еді?! Жүрегінен басқаны естіген бе?!
Досының адам төзгісіз жағдайын көріп жаны ашыған жанындағы шопан оны сол елдегі данышпан ақсақалға ертіп барады. Барлық жағдайды түсіндіріп ақыл-кеңес сұрайды. Ақылгөй қарт жағдайды түсінген соң ғашық шопанға қарай күлімдеді.
- Бұл оңай, балам, өте оңай! Бұл ісіңнің шарасы сен ойлағаннан да оңай. Және оның шарасы мына өзіңсің!
Және қарт адам барлығын жақсылап түсіндірді.
Негізі бұл қарт патшаның барлық мәселелерін айтып, ақыл сұрайтын дана кеңесшісі болатын. Бірақ патшаның қалауы бойынша ақсақал ешкімге білдірмей тау жақтағы кішкене үйшігінде өзі ғана өмір сүретін. Бірақ екі шопан мұны білмеген де еді.
Ғашық шопан ақсақалдың айтқандарын тыңдап болып, үзілді деген үміт отының қайта жанғанына сенер-сенбесін білмей, аң-таң болған күйде:
- Шынымен де осыншалықты оңай ма, мырза? Тау үңгіріне жайғасып, сонда отырып қырық күн "Аллаһ" десем сүйгеніме қауыша аламын ба? Оған үйлене аламын ба?- деді қуаныштан жайнаған көзінен ұшқын атып.
- Иә,- деді данышпан, - қырық күн сол жерде күндіз-түні "Аллаһ" дейсің, қырық күннен кейін патшаның қызы сендік.
Екі дос бірден жолға шықты. Ғашық шопанның жүзіне қан жүгірген, аяқтарына әл кірген, жүрегіне жаңадан жан келгендей. Досымен қоян-қолтық, қолында тәспісі, көңілінде ғашығы, жүзі үміт ұшқынымен күлімсіреген күйі тауға қарай бет алды. Жетер-жетпес үңгірдің ішіне жайғасып, уақыт оздырмастан іске кірісті: дұғасын жасады, көздерін жұмды, жүрегін патшаның қызына байлап, қолына тәспісін алып, еріндері жыбырлап, тілі "Аллаһ, Аллаһ, Аллаһ" деп зікірін бастап кетті.
Күн артынан күн патша қызын армандаумен жылжып жатқанда үңгір тұсындағы ауылда әңгіме тарап кеткен еді. Барлығы бір-біріне тау үңгіріндегі күндіз-түні "Аллаһ" дейтін жас туралы айтумен болды. Мешіт жанындағы ақсақалдар, өзен бойында әйелдер, егістікте жұмысшылар, доп ойнаған балаларға дейін барлығы-барлығы оны сөз етуде.
- Мына үңгірде бір жас бар екен. Өзін Аллаһқа арнаған, күндіз-түні дем алмастан "Аллаһ" деп зікір етеді екен.
Арада үш апта өткенде ғашық досының жағдайын білу үшін жас шопан үңгірге барады. Көзін тас жұмған, еріндері де қыбырламай қалған досын ұйқыға кеткен екен деп ойлайды. Бірақ қолындағы тәспісінің қимылдағанынан ояу екенін түсінді. Осы тұста көзін ашқан досы уақытының қалай өтіп жатқанын айтып берді. Қырық күннің жартысынан көбі өтіп кетті. Ол тоқтамастан "Аллаһ" деуде. Бірақ патшаның қызынан еш хабар жоқ. Алайда үмітсіздікке түскісі келмей тәспісіне қарады. Досымен қоштасты да, ендігі жүрек соғысындай болып кеткен тәспісін қайта тарта бастады. Қайтадан "Аллаһ" зікірінен басқа ешнәрсе қалмады.
Қырық күн өтуіне 3-4 күн қалғанда үңгірдегі жастың атағы бүкіл елге жайылып, соңында патшалыққа дейін жетті. Бұл жаңалыққа қызығушылығы пайда болған патшаға уәзірлері мұндай әулие кісілердің бір жерде тұрақты қалмайтынын, келген жеріне береке әкелетінін айтып, не болса да ол кісіні елдерінде тұрақтатып қалдыруға көндіру керектігін жеткізді.
Мақсат белгілі болғанымен оған қалай жету керектігін біле алмаған патша әдеттегідей ақылгөй ақсақалды іздеп жолға шықты. Данышпан қартпен кездесіп, мәселені түсіндірді.
- Патшам, мұндай адамдар мал-мүлікке, атақ-мансапқа қызықпайды,- деген қарттың сөзінен кейін сарай жанынан арнайы сарай салдырып, уәзір тағайындап, бақ-дәулет беру жоспарынан бас тартуына тура келді.
Патша да, уәзірлері де шарасы таусылып, не істерін білмей абдырап тұрып қалды. Бірақ қарт оларға қарап күлімсіреген күйі:
- Оған қызыңызды тұрмысқа берсеңіз қайтеді, патшам,- деді.
Патша аң-таң болған күйде:
- Біз мұндай құрметке ие бола аламыз ба?! Қабыл алады ма?
Қырқыншы күннің ақшам уақыты келіп күн батуға шақ қалған. Патша мен ақсақал бастаған, уәзірлер қостаған, соңдарынан дүйім жұрт ілескен топ және ең соңында жағдайға таңданысын баса алмай келе жатқан ғашық шопанның досы үңгірге қарай жол тартты.
Ғашық шопан болса тәспісімен бірігіп кеткендей, расында да "Аллаһ" зікірінен басқа ешнәрсе қалмаған. Патша әдепсіздік жасап қоймайын деп жайлап ішке кірді. Иіліп келіп, төмен ғана дауыспен:
- Мырзам, сізді зиярат етіп келген едік,- деді.
Ғашық жігіт ақырын ғана басын бұрды, содан соң бүкіл денесімен бұрылды. Көзінде титтей де таңданыс жоқ еді. Барлығы демін ішіне тартып тұр. Уәзірлер, халық, жас шопан, үңгір, тәспі, тыныштық... Тіпті күн де жағдайды бақылап, нәтижесін көргенше батпай тұрайын дегендей...
Патша келу себебін түсіндірді, әр түрлі ұсыныстар жасап көрді. Сарай, уәзірлік, атақ, даңқ, ешқайсысын жас жігітке қабылдата алмады.
Мырзам,- деді соңында патша, - менің бір қызым бар, әрине, сізге лайық емес шығар, бірақ сіз соған үйленсеңіз бізді бақытты қылар едіңіз.
Қырық күндік қиыншылық біткен еді. Мүмкін емес дегені орындалған еді. Шопан ғышығына қосылып, мұратына жететін еді. Жас шопан досы екі езуі құлағында, қуаныштан жылап тұр.
Барлығы жігіттен көз алмай қарап тұрды. Жігіт болса отырған орнынан тұрып, айналасына бір қарап шыққан соң, көзін патшаның көзіне қадап, сенімді үнмен:
- Жоқ,- деді, - қызыңызды қаламаймын!
Айнала тып-тыныш. Патша көңілсіз, халық қайран қалды, уәзірлер таңданып бір-біріне қарауда, ақсақал күлімдеп тұр. Барлығынан да асқан түсініксіздіктен шопан досы көз жасын сүртіп, алға ұмтылып, тыныштықты бұзды. Досының жанына келіп, құлағына сыбырлады:
- Бұл не қылғаның? Қырық күн осыншама қиыншылыққа не үшін шыдадың сен? Неден бас тартқаныңды білемісің өзің?
Ғашық шопан күлді де, көзімен ақсақалды іздеді.
- Достым,- деді, - мен қырық күн бойы патшаның қызы үшін "Аллаһ" дедім. Аллаһ патшаны да, уәзірлерін де аяғыма алып келді. Ал бір рет Аллаһ үшін "Аллаһ" дегенімде...
Түрік тілінен аударған Шынар Ә.Т.
Оқиғаның түрікше нұсқасында қорытынды ретінде "Leylalardan Mevlaya" (Ләйләлардан Мәуләға, яғни Аллаһқа) деп жазылған еді. Біздің оқырманға түсініксіз болады ма деп жазбадым. Ал түрікшеде бұл сөз тіркесі ретінде қалыптасып қалған. Мәжнүн де "Ләйлә, Ләйлә" деп жүріп, соңында "Мәулә" деп Аллаһты тапқан деседі...