Әрбір адамның тәнімен қатар жаны да бар екені белгілі. Сондықтан әр адам өзінің физикалық денесінің саулығына қарағаны секілді рухани жағына да мән беруі тиіс. Бұл мәселе үлкен-кіші деп бөліп жармастан барлығына ортақ.
Баланың өмірінде ата-анасымен тікелей байланысты болатын екі маңызды нәрсе бар. Олар: ата-анадан берілген (ұқсаған) түр-сипаты, ата-анадан берілген (тәрбиеленген) мінез-құлқы. Біріншісі – қалыптастыру немесе өзгерту біздің қолымызда болмаған Аллаһ Тағаланың жаратқаны. Оны барлығымыз білеміз. Сондықтан «ана жерім неге мынадай?», «мына жерім неге бұлай?» деп шағымданбастан мойынсұнуымыз керек. Бұл біздің Аллаһқа және тағдырға иманымыздың бір көрсеткіші болмақ.
Ал енді екінші мәселе – ол ата-аналардың балаларын қалай тәрбиелегенінен және қандай үлгі көрсеткенінен туындайтын жағдай. Бұл біріншісіне қарағанда әлдеқайда ауқымды және маңыздырақ. Өйткені, адамның бүкіл өміріне әсер етуімен қатар ақыреттегі мәңгі дүниесін де қалыптастыратын бірден-бір фактор.
Бала тәрбиесі...
Әрбір ата-ана өз баласының ақылды әрі тәрбиелі азамат болып өскенін қалайды, әрине. Бірақ құр қалаумен іс бітпейді ғой! Әрекет керек! Баланың тәрбиесіне тек қана ананы жауапты қылып қоймай, әкесі де жеткілікті мөлшерде атсалысуы қажет.
«Тәртіпті бала» дегенде ең алдымен көз алдымызға келетіні – ата-анасын, үлкендерді тыңдайтын, әдепсіздік, бұзақылық жасамайтын, үлкендерді сыйлайтын бала.
Бала ата-анасын тыңдау үшін...
Осылардың ішінде ең бірінші кезекте қалыптастыру керек нәрсе баланың ата-анасын мүлтіксіз тыңдауы, айтқандарының барлығын орындауы. Өйткені, ата-анасын тыңдай білген бала басқаларды да тыңдауды үйренеді, қашан, қайда қалай жүру, әрекет ету керегінің әдебін де үйреніп, көкейіне құйып ала алады.
Ал ата-ананы тыңдау үшін бала ең алдымен олардың айтқандарын түсінетіндей және тым ерке болмауы қажет. Бала ата-ананың айтқанын түсіну үшін ата-ана ол түсінетіндей тілде, қабылдай алатындай түрде жеткізе білуі керек. Бұл үшін ата-ана өздерін баланың орнына қойып ойлануы, соған қарай әрекет етуі қажет болады. Мұны психология тілінде «эмпатия» деп атайды – адамның өзін қарсысындағы адамның орнына қоя білуі. Сонда ғана адам басқаның жанын түсіне алады және содан кейін ғана көмек қолын соза алады. Басқалай біздің жанымыздағы адамға ақыл айтуымыз бен көмектесуге тырысуымыздың барлығының нәтижесі нөлге жақын болуы мүмкін көп жағдайда.
Балаға да дәл солай эмпатия көрсете білу өте маңызды. Әрбір ата-ана баласының жасына, психологиялық, табиғи ерекшеліктеріне қарай онымен қалай сөйлесу керектігін, не айту қажеттігін алдымен анықтап алуға тиіс. Өйткені, біздің түсінген, маңызды екендігін білген нәрселерімізді бес жастағы бала біліп, түсіне алмайтыны белгілі. Мұны, әрине, барлық адам біледі. Бірақ балалармен қарым-қатынас жасағанда қалай болады? Әрбір ата-анаға қойылған сұрақ. Және әрбір ата-ана бас қатыруы тиіс мәселе.
Өйткені, біздің өмірде көріп жүргеніміз адамдардың білген нәрсесінен мүлдем өзгеше болып жатады. Мысалы: бір істі балаға жасату үшін «Мұны осылай жаса» деп қана қояды. Себебін, маңызын түсіндірмей жай айта салғанымен қоймай, кейін орындамаған жағдайда (бұлай айтқандықтан көп жағдайда орындалмайды, әрине) «неге айтқан сөзді тыңдамайды» деп ашуланып, тіпті ұрысып жатады. Немесе, бір бұрыс істен тыю үшін «Бұлай жасауға болмайды» немесе «Бұлай жасама» дейді. Мұнысы дәл біздің Кеңестік дәуірде өмір сүрген ата-аналарымыздың «Жаман боладысы» (қазақтың ырым-тыйымдарының мағынасын білмегендіктен немесе барлығы дерлік Исламмен байланысты болғандықтан айта алмаулары себепті) сияқты. Ал қазір ол кезең емес. Бір іске тыйым салар алдында оның баланың жас ақылына түсінікті болатын, миға қонымды себебін де қоса айтуға дағдылануымыз қажет. Және баланы тыйған нәрселеріміздің орнын алмастыратын басқа нәрсе тауып беруіміз керек. Баласының белгілі бір ойыншықпен немесе бір ойынды ойнағанына тыйым салғысы келген ата-ана оның орнына басқа ойыншық немесе ойын тауып беруге міндетті. Болмаса, бала басқа не істерін білмей сіз тыйым салған іске қайта барады. Ата-ана баласының бос іспен, дұрыс емес нәрселермен айналысқанын қаламаса, баланың күн тәртібін құрып беруі қажет болады. Қажетті және пайдалы істерді бірінен соң бірін тізіп қойып берген уақытта баланың бос іске уақыты да, құлығы да қалмайды. Және ең маңыздысы – баланың күн тәртібінде ата-анасының да ойып тұрып орын алуы. Баламен бірге ойнау, оған әр түрлі қызықты нәрселерді айтып беру, үйрету, түсіндіру оның тәрбиесінде, тіпті бүкіл өмірінде маңызды жайт.
Барлығына үлгі болар әке...
Осында бір мысал келтіре кетейік. Көбінесе үйде бала тәрбиесімен анасы айналысып, әкелер сыртта табыс табудың қамымен жүреді. Сондай бір өте жұмысбасты әкенің мысалы. Жұмысбасты дегенде шынымен жұмысы бастан асып жататын жан. Әрдайым маңызды кездесулерде, түрлі іс-сапарларда жүретін адам. Үйіне тек қонуға немесе киімдерін ауыстырып, алып кетуге ғана келеді десе де болады. Бір жолы да солай бір ұшақ пен екінші ұшақтың арасындағы уақытта үйіне киімдерін алуға кірген кезі болатын. Кірген бойда қолындағы қағазында табиғаттың суретін салған қызы жүгіріп шығып, суретін көрсетуде. Әкесі сонша асығыс болғанымен, суретті тамашалап, әдемі екенін айтып, тіпті «мына жеріне бір гүл салып қойсаң одан да керемет болар еді» дегенді қосып қояды. (бұл әке негізі әрдайым осылай көңіл бөліп жүреді) Бұдан кейін қызының төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалғаны сөзсіз: сондай жұмысбасты әкесі тек қана үйіне кіріп-шығуға келгенде қызының салған суретіне көңіл бөліп, оны мақтап, тіпті кеңесін де қосып айтып кетті. Үлкендерге аса көңіл аударарлық болып көрінбейтін кішкентай нәрседей болғанымен, балалар үшін бұлар маңызы зор жайттар. Ал көбіне ата-аналар мұндай жағдайда қалай әрекет етеді?! Ойланып көрейік! Өзі асығып жүргенде аяғына оратылып жағаласқан қызына ең азы жай көңіл бөлмей өтіп кетеді, немесе мұнан да сорақысы жекіп ұрысып беретін ата-аналар да кездеседі. Қараған күннің өзінде (дұрысы, қараған сыңай танытып) «А, йә» немесе «Аһа, аһа» деумен ғана шектелетіндері көп. Бұлар баланың енді ғана қалыптасып келе жатқан жап-жас психологиясына кері әсер етеді. Бала өзін ешкімге керексіз, түк маңызы жоқ, ешкім оны жақсы көрмейтіндей сезінетін болады. Ал мұндайдың баланың өмірі үшін де, оның ата-анасы үшін де түкке керегі жоқ екені барлығына белгілі.
Балаңыз сізді әрдайым тыңдасын десеңіз...
Бала ата-анасын мүлтіксіз тыңдауы тиіс дедік. Тыңдау үшін бала ақылды болуымен қатар ерке болмауы қажет. Ал бала ерке болып өспеуі үшін не істеу керек деген маңызды сұрақ туады. Әр ата-ана мұны сан қилы қарастырады, әр түрлі әрекет етеді. Бірі баланы тым қатты жақсы көрмеу керек десе, басқасы балаға қатал қарау керек дегенді алға тартады. Бұл екі ұйғарым да қате түсінік. Ең алдымен баланы жақсы көру оның тәрбиесі мен бүкіл өмірі үшін ауадай қажет нәрсе. Ата-ана мұны ешқашан ақсатпауы қажет. Ата-анасының сүйіспеншідігіне бөленіп өскен бала өмірде алға қойған мақсатына жете алатын, өз-өзіне сенімділігі күшті болып өсе алады. Балаға тым қатал қарамау да осы үшін қажет. Ата-анасының қаталдығынан қорыққан бала тек қана олардың алдында тәртіпті болып, айтқанды тыңдап жүріп, олардың көзін ала бере тәртіпсіздікке бой алдырып, бұзақылық жасап, тіпті кейін өмірінде қай кезде қалай әрекет ету керектігін біле алмайтындай болуы әбден мүмкін. Тарихты қарайтын болсақ, бұл екеуі де сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кеңестері екенін көре аламыз. Ата-аналарғы балаларын жақсы көруді, жақсы көргенін көрсетуді бұйырған, және қатал болуға тыйым салып отырған.
Ерке бала қайдан шығады?..
Ал баланы ешкімді тыңдамайтын, өз дегенін ғана жасататын ерке қылатын жалғыз фактор – ата-аналардың сөздері мен істеріндегі айнымалылығы (непоследовательность). Егер ата-ана баласына бір істі істеуін бұйыратын болса, немесе баласының бір қалауына «жоқ» деп айтатын болса, сол айтқан сөзінен айнымай қалуға тиісті. Балаңыз бір орынсыз нәрсе сұраған кезінде бастапқыда «жоқ» деп айтып алып, кейін бала ары сұрап, бері сұрап, қыңырланып, тіпті жылауға дейін барған кезінде «әйтеуір жыламасыншы» деп айтқанын орындай салу – міне осы нағыз баланы ерке қылатын жағдай. Осыны үйреніп алған бала «бәрібір соңында айтқанымды істетемін» деп, еркелеп сұрауын қоймай тұрып алатын болады. Ата-ана бір рет «жоқ» деп айтатын болса, сол қалпында қала білуі керек. Ал бәрібір соңында айтқанын орындайтын болса, басынан қарсы шықпай, баланың сұраған нәрсесін ол үшін дұрыс болған мөлшерде қанағаттандырып беруі қажет.
Сөзден іске көшейік!..
Баланың өмірлік мінез-құлқына ең бірінші әсер ететін ата-анасының үйреткен тәрбиесі, және мұндағы ең бастысы олардың үлгі болатын іс-әрекеті. Өйткені, барлығына белгілі болғандай – балаға ата-ананың айтқан сөздерінен көрі олардың жасаған іс әрекеті көбірек әсер қалдырады.
Тағы да бір маңызды болған жайт – баланың іс-әрекеті. Мұны да тәртіпке, жөнге салу қажет екені сөзсіз. Балаға бір нәрсені істету не істетпеу үшін барлығының қолданатын екі жолы бар: мақтау және жазалау. Психологияда мұның мынадай формуласын енгізген: «Аз мақтау, нөл жаза». «Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей кері әсерін тигізбес үшін баланы жөнсіз көп мақтай бермей, қажет жағдайларында, шынымен соған тұрарлық іс жасағанында мақтау. Ал жаза дегенді атымен алып тастау керек дейді. Себебі, баланы жазалау арқылы немесе жазалаймын деп қорқыту арқылы белгілі бір істен тыюға болады. Бірақ бала ата-анасы жоқ уақытта ол ісінен тыйылмай жалғастыра беруі әбден мүмкін. Ал балаға жаза арқылы жақсылық пен мейірімділікті үйрету тіптен мүмкін емес!
Ал сонда не істеу керек? Психологтар соңғы уақыттарда «feedback» деген термин енгізді. Мұның мағынасы сөзге немесе іс-әрекетке жауап қайтару (негізі, қазіргі кезде енгізген аудармасы – кері байланыс) дегенге саяды. Ал мұнда баланың бір әрекетіне ата-анасының жауап қайтаруы. Бұл көбіне баланың жасаған оңды ісіне ата-анасының жүлдесі іспетті. Жүлде дегенде тек материалдық затты ойламауымыз қажет. Керісінше, іс-әрекетпен жасалғаны әлдеқайда әсерлірек болмақ. Баласының бір ісіне көңілі толған ата-анасы енді баланың көңілі көтерілетіндей іс жасаса, бала тәрбиесі үшін өте пайдалы болады. Ата-ана баласына жүлде ретінде белгілі бір уақытын бөліп, баласымен ойнаса, сурет салса, қызықты кітаптарын оқып бірге талқыласа – бұл шынымен де әсерлі болады. Баланың қалауы мен қызығушылығына қарай әр түрлі нәрселер ойлап табуға болады.
Еңбекқор бала өсіру...
Тағы бір өмірлік маңызды мәселе – баланы еңбекке баули білу. Ол үшін балаға барлық қалаған нәрсесін алып бере бермей сол үшін еңбек етуді үйрету қажет. Аса үлкен іс тындырмаса да, кішкентай бір аула сыпырып, еден сүртіп, ыдыс-аяқ жуып, өз еңбегімен тапса, бала алған затының құнын да біле алмақ. Қазіргі кезде дамығын елдердегі жастардың жұмысқа қабілетінің болмауы өз алдына бір мәселе болып тұрған жайы бар. Бұл дәл осы жастайынан өз басымен бір істі істеп үйренбей, «дайын асқа тік қасық» болып өсуінен. Баласының болашақта жетістікке жетуін қалаған ата-ана оған кішкентайынан жұмыс істетіп үйретуі қажет. Осы тұста халқымыздың «Балаңды 5 жасқа дейін патшаңдай көр, 5 жастан кейін құлыңдай жұмса, 15 жасқа келгенде досыңдай сырлас» деген ұстанымы еске түседі. Осы қағиданы ата-аналардың барлығы жүзеге асыра білуі өте маңызды. Бір ескеретін жайт, балаға әрбір ісі үшін қарымтасына бір нәрсе алуды үйретіп алмай, таразының басын тең ұстай білу қажет.
PS. Өзімді ақылгөй дана етіп көрсетіп, сіздерге бір нәрсе үйретуге тырысқаным жоқ. Мұның барлығы – менің де басқалардан үйреніп-білгендерім. Дәлірек айтқанда, білікті психолог маманның (сонымен қатар 20 жылдай Исламмен өмір сүріп келе жатқан діни мәселелерді де жетік білетін кісі) үйреткендері. Меніңше, өте пайдалы, тиімді және ақылға қонымды дүниелер. Сондықтан сіздермен бөлісуді қаладым. Барлығын қамтуға, түсінгендерімді толық жеткізуге тырысқандықтан ұзақ болып кетті. Сіздердің уақыттарыңызды алып, ақыларыңызға кірсем, кешірім өтінемін...
Шынар Ә.Т.