Ислам - жеңілдік діні. Діндегі жеңілдіктің біразы төменде...
Ислам - жеңілдік діні. Діндегі жеңілдіктің біразы төменде...

Ислам – жеңілдетілген дін. Алла разы болған дінде адамның шамасы жетпейтін, орындалуы мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі – Алла Ұлы, Құдіретті, Күшті және мұндай ұлылықты жаратылысынан талап етпейді. Құранда бұл туралы: «...Ол сендерді таңдады әрі Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят); «Алла Сендерге жеңілдік қалайды» («Бақара» сүресі, 185-аят); «Алла сендерге жеңілдетуді қалайды. Ал адам баласы әлсіз етіп жаратылған» делінген. («Ниса» сүресі, 30-аят). Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): « Ислам – бұл жеңілдік! Және дінге қатысты қасарыспаңдар, әйтпесе, шаршайсыңдар немесе көңілдерің салқындайды. Адамдарды тура жолға бастаңдар, оларды жақындастырыңдар, қуантыңдар» деген. (Бұхари). 

 

1. 50 намазға татитын 5 намаз

Мәселен, Миғраж сапарында Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне әрбір күндіз бен түнде 50 уақыт намаз парыз етілгендігі хадисте баяндалады. Алайда, төменгі аспанда кездескен Мұса Пайғамбар: «Раббыңа қайтып бар да, Одан жеңілдік сұра. Өйткені үмбетіңнің бұған шамасы келмейді. Расында, мен Исраил ұрпақтарын тексеріп, сынап көргенмін», – деді. Осылайша, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың алдына жеңілдік сұрап бірнеше рет барады. Сонда Алла Тағала: «Ей, Мұхаммед! Олар – әрбір күндіз бен түнде бес намаз оқысын. Әр намаз үшін он (намаздың сауабы беріледі). Солай елу намаз (болады)» дейді. (Муслим).

Яғни, мұсылмандар күніне 5 уақыт қана намаз оқып, 50 уақыт намаздың сауабын алуда. Ешбір адамнан күні бойы Алла алдында тұру, мешіттен шықпау талап етілмейді. Бұдан асқан қандай үлкен жеңілдік бар?!

 

2. Жеңілдік барлық құлшылықта бар

Бірде Алла алдындағы дәрежелерін көтергісі келген үш адам Пайғамбардың құлшылығы туралы білуге келеді. Қажет болған жауапты естігеннен кейін күнәлары кешірілген әрі Алланың сүйікті құлы болған Пайғамбар осылай құлшылық жасаса, біз тіптен арттыра түсу керекпіз деп ниеттенеді. Алайда, Алла Елшісі сахабаларды бұл ойларынан қайтарады. Бұл туралы хадисте: «Сахабаларының бір тобы Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерінен оның оңаша кездегі амалы жайлы сұрады. Содан кейін олардың бірі: «Мен (ешқашан) әйелдерге үйленбеймін», – деді. Біреуі: «Мен ет жемеймін», – деді. Енді біреуі: «Мен төсегімде ұйықтамаймын», – деді. (Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп), Аллаға мақтау арнап, Оны дәріптеді де: «Осылай, осылай дейтіндей адамдарға не болған?! Алайда мен (түннің бір бөлігінде) намаз оқып, (енді бір бөлігінде) ұйықтаймын. (Кей күндері) ораза тұтып, (кейбір күндері) ораза тұтпай жүремін. Сондай-ақ әйелдерге үйленемін. Ал кімде-кім менің сүннетімді (ұстануды) қаламаса, ол менен емес» деді». (Муслим).

 

3. Намазды жеңілдету: қысқа сүрелер оқу

«Бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Расында, мен таң намазына пәленшенің себебінен кешігіп барамын, ол бізге тым созып жібереді», – деді. Мен Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уағыз кезінде сол күнгі ашуланғанынан қатты ашуланғанын ешқашан көрген емеспін. Ол: «Ей, адамдар! Расында, сендердің араларыңда (адамдарды діннен) бездірушілер бар! Қайсыбірің адамдарға имам болса, қысқа оқысын, өйткені оның артында кәрілер, әлсіздер мен қажеті бар (адамдар) болады» деді. (Муслим). Ал келесі бір хадисте таң намазының уақытында жылаған баланың дауысын естіп, анасының жұбатуы үшін тезірек аяқтағандығы айтылады. Сондай-ақ, егер имам намазда қателік жіберсе, бұл үшін жамағат жауапқа тартылмайды, имам намазды қайта оқыса да, жамағат намазды қайта оқымайды.

 

4. Сүннеттегі ойын-сауықтар

Ислам діні – баз біреулер айтатындай тыйымдар мен қағидалардан тұрмайды. Адам өмірін барынша жеңілдетуді мақсат тұтатын асыл дініміз мұсылмандардың жүрегіне қуаныш сыйлауды, сергуді, спортпен айналысуды құлшылыққа балайды. Табараниден жеткен хадисте: «Адамды құлшылықтан тосатын кез келген әрекет уақытты бос жұмсау саналады, тек төрт әрекет бұған кірмейді: нысанаға ату, атқа міну, отбасылық ойындар және жүзуді үйрену». Яғни, сіз аталған әрекеттерді жасау арқылы денсаулығыңызды күтіп, көңіл көтеріп, сауапқа да кенеле алады екенсіз.

 

5. Намазда қате жіберсеңіз...

«Біреуің намазында күмәнданып, үш әлде төрт, қанша ракағат оқығанын біле алмай қалса, күмәнді тастап, өзі сенімді болғанын негізге алсын. Содан кейін ол сәлем беруден бұрын екі сәжде жасайді. Егер ол бес (ракағат) оқыған болса, бұл (сәжделер) оның намазын жұп етеді. Ал егер толық төрт (ракағат) оқыса, бұл екеуі шайтан үшін қорлау болады», – деп айтты» деген. (Муслим). Егер де бір бір ғана қателігіміз үшін намазды басынан оқуға бұйырылсақ қайткен болар едік? Сондай-ақ, намазды қабір мен моншадан басқа барлық жерде намаз оқуға рұқсат берілуінің өзі – теңдессіз жеңілдік саналады. Ораза кезінде тамақ жеп қойсаңыз да, жеңілдікті пайдалана аласыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ораза кезінде ұмытып жеп не ішіп қойса, оразасын аяғына жеткізсін. Шын мәнінде оны Алла тамақтандырып, сусындатты» деп айтқан. Егер де, байқаусыз жеп қойғанымыз үшін тағы да 30 күн ораза ұстауға бұйырылсақ қайтер едік?

 

6. Ұйқы қысса, көз іліп алыңыз

Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Егер кімде-кімді намаз уақытында ұйқы қысса, ұйқысы қанғанша көз іліп алсын. Ақиқатында, араларыңда біреулерің ұйқылы-ояу намаз оқыса, не айтқанын білмей қалады және Алладан кешірім сұраудың орнына өзіне қарғыс айтуы мүмкін» делінген. (Бұхари, Муслим).

 

7. Алла Тағалаға ең сүйікті іс те жеңілдікке құрылған

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ең сүйікті істер –кішкентай болса да, үнемі жасалатын істер» деген. (Муслим). Қандай керемет жеңілдік!? Адам баласына исламдағы барлық құлшылық бірден жүктелмейді. Мәселен, студент маңызды сынаққа қалай дайындалса жеңіске жетер еді? Оқу жылы басталғаннан күн сайын жарты немесе бір сағатын ұқыпты дайындыққа арнаса ма? Әлде бір күн қалғанда барлық сабақты оқыса ма? Ең үздік спортшылардың өзі маңызды сайысқа аз жаттығулар жасаумен дайындалады. Реті келгенде, адам да қызметте өскені секілді, құлшылықта өсуге тырмысады.

 

8. Науқастанып қалсаңыз...

Жаратылысты Жаратушысынан артық кім білген? Адам болған соң ауру-сырқауға тап болатын, сапарға шығатын кездеріміз жиі болады, сондайда, мына бір жеңілдік болмаса қайтер едік? Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Намазды тұрып оқып, оқи алмасаң, отырып оқы, ал егер, отырып оқи алмасаң, жатып оқы» дейді. (Бұхари). Сондай-ақ, шариғатымызда сапарға шыққанда немесе науқастанғанда ораза күндерінің қарызын өтеуге болатындығы да айтылады: «Сендерден кім бұл айда болса, оразасын ұстасын. Ал, кім ауру немесе сапарда болса, есебін (ұстамаған күндерін) басқа күндерде (толтырсын). Алла сендерге жеңілдік қалайды». («Бақара» сүресі, 185-аят). Сондай-ақ, мұсылман сапарға шыққанда намаздарын қысқартып оқи алады. Жалпы, шариғатта сапарға шығушының барлық жағдайы қарастырылып, жеңілдіктер берілген.

 

9. Су жоқ болса...

Дәрет алуға мүмкіндік жоқ кезде (ауру, сапар, күннің суықтығы т.б) «тәяммум» (топырақпен немесе шаңмен білегіңізді, бетіңізді сипайсыз) алуға рұқсат етіледі Ұйқыдан тұрып, дәрет қыспаса немесе дәретті жел шығарып, бұзып қойған жағдайда дәретханаға бару шарт емес. Бірден сумен қол-аяғын жуып дәрет ала береді. Дәретханада (үлкен не кіші дәрет сындырғанда) суық тиіп ауырып қалудан қорықса, су орнына қағаз не топырақ пайдалануға болады: «...Ал, егер науқас не сапарда болсаңдар, не сендерден біреу дәретке отырып келсе немесе әйелдеріңе жақындасқан болсаңдар, сонда су таба алмасаңдар, таза топыраққа тәяммум соғып (алақандарыңды ұрып), онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар. Алла сендерге ауыртпашылықты қаламайды». («Мәида» сүресі, 6-аят). Тіпті, шариғатымыз шөл далада азық-түліксіз қалған адамға шараптан немесе харам азықтан (шошқа, т.б.) басқа нәрсе жоқ болса, өліп қалмас үшін татуға рұқсат береді екен.

 

10. Жасамаған құлшылығыңыз үшін де сауап ала аласыз...

Ниет – мұсылман өміріндегі ең басты мәселе. “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі» (Бұхари). Сондықтан оны істің басында да, ортасында да, соңында да тексеріп отыру қажет етіледі. Білесіз бе, сіз осы шынайы ниетіңіздің арқасында жасамаған құлшылығыңыз үшін де сауап ала аласыз. «Кімде-кім жақсы істі ойға алса, алайда жасамаған болса, Алла Тағала оған жасалған бір істің сауабын жазады. Ал егер, ойға алып, соңына жеткізген болса, Алла Тағала оған оннан бастап жеті жүзге дейінгі, тіпті, одан да көп сауап жазады. Ал егер біреу зұлымдықты ойлап, өз қалауымен жасамаған болса, Алла оған бір толық істің сауабын жазады. Ал егер ол ойға алып, зұлымдығын жасаған болса, Алла Тағала оған бір күнәні жазады». (Бұхари). Алла Тағала неткен Мейірімді, неткен Кең! Айтыңызшы, осыдан артық қандай жеңілдік болсын?!

 

Алла Тағала мен құлының арасында ешбір перденің, ешбір кедергінің болмауы, шариғат заңдарының барлық адамға бірдей болуы, ешбір қарама-қайшылықтың, қателіктің, шеше алмайтын құпияның болмауы да – адам баласына берілген ұлы жеңілдіктердің қатарынан орын алады. Және бұл жеңілдіктерді пайдалану да – құлшылық саналады екен. «Дәл күнә жасалған сәтте ұнатпағаны секілді Алла Тағала Өзі берген жеңілдіктердің қолданылғандығын ұнатады» деген мағынадағы хадисті де ұмытпасақ екен. (Ахмад).

"Асыл арна" 

ShynarShynar
1 год назад 974
2 комментария
О блоге
0
146057 301 568 1240 248