Күнде Құран хатым етіп, ораза ұстайтын, түнімен ғибадат жасайтын күйеу бола аласыз ба?
Күнде Құран хатым етіп, ораза ұстайтын, түнімен ғибадат жасайтын күйеу бола аласыз ба?
Тұрмысқа шығар жасқа келген өте сұлу бір қыз бар еді. Бұл қыз өте діндар жар қалайтын. Діндарлығы соншалық - күн сайын Құран Кәрімді хатым етуі, жылдың  әрбір күнінде ораза ұстауы және түні бойы ұйықтамай үздіксіз ғибадат етуі керек еді.
 
Бұл қыз өте сұлу болғандықтан көптеген жігіт онымен үйленуді қалады, бірақ ешқайсысы оның шарттарын орындай алатынын айта алмады. Бір адам ғана келіп, барлық шарттарды орындай алатынын жеткізді. Сонымен имам олардың некесін қиды. 
 
Алғашқы түннен кейін әйелі қарай бастады, бірақ күйеуі не Құранды хатым етпеді, не ораза ұстамады, не түнде ұйықтамай ғибадат жасаған жоқ. Әйелі оған біраз уақыт беріп көруді шешті, бірнеше апта ішінде жағдай өзгерер деп күтті. Бірақ күйеуі іс-әрекетін еш өзгертпегендіктен әйелі ажырасуды қалады.
 
Ерлі-зайыптылар қазының алдына шақырылды. Қазы сұрақ қойды:
- Некенің шарттары қандай болды?
Күйеуі жауап берді:
- Менің күн сайын Құран Кәрімді хатым етуім, жылдың әрбір күні ораза ұстауым және түні бойы Аллаһқа құлшылық жасап өтуім.
Қазы:
- Ал сен орындадың ба?
Ері жайбарақат: 
- Иә,- деп жауап берді.
Қазы:
- Сен өтірік айтып тұрсың! Әйелің орындамағаныңды айтты, сол себепті сенімен ажырасқысы келеді,- деді.
 
Бірақ күйеуі барлық шарттарды орындағанын айтып, дегенінен таймады. Одан соң қазы жеке-жеке сұрай бастады:
- Күн сайын Құран Кәрімді хатым еттің бе?
- Иә,- деді күйеуі.
Қазы таңқала қарап сұрады:
- Қалай? Оны қалай істей алдың?
Ер кісі барынша сенімділікпен:
- Күн сайын үш рет Ықылас сүресін оқыдым және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) айтуы бойынша, бұл - Құранды толықтай оқумен тең келеді,- деді.
Қазы одан асқан қызығушылықпен тағы сұрақ қойды:
- Ал жыл бойы қалай ораза ұстай алдың?
- Рамазан оразасын және 6 күн Шәууәл айының оразасын ұстадым. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) айтуы бойынша, бұл - толықтай бір жылды оразамен өткізумен тең,- деп жауап берді.
 
Қазы ешнәрсе айта алмады, адамға өтірікші дей алмады. Ең соңында тағы сұрады:
- Әйелің түні бойы ұйықтайтыныңды айтты, сен қалай ояу болып, Аллаһқа құлшылық жасай алдың?
Қазы оның бұл жолғы сұраққа жауап бере алмайтынын ойлаған еді. Бірақ ол барынша салқынқандылық танытып жауап берді:
- Құптан намазын жамағатпен оқыдым, ертесі күнгі таң намазын да жамағатпен оқыдым. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) айтуы бойынша, құптан және таң намаздарын жамағатпен оқыса - түні бойы Аллаһқа құлшылық жасағандай болады. 
Қазы оған қарады да қалды. Және үкім шығару үшін ерлі-зайыптыларға бұрылды:
- Іс аяқталды, некеңізге ешқандай кедергі жоқ.
 
Сабақ: Ислам шынында да жеңіл дін, шынайы ықыласпен қаласаңыз болды...
 
 
Түрік тілінен аударған Шынар Ә.Т.
ислам, дін, ораза, сүннет, пайғамбар, тақуалық, Құран хатым, түнгі құлшылық, тақуа күйеу, сұлу жар, Ислам-жеңіл дін
ShynarShynar
2 жыл бұрын 2062
1 пікір
  • Пайғамбардың ( саллаллаһу әлейһи уә сәлләм) сүннетімен жүрген кісіге ешқашан ұтылыс жоқ...
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248