Алла берді...
Алла берді...
ИНСАН МЕН ИТААТ 
яки 
МОЙЫНСҰНУ 
 
Құдай бізге Құлақ берді – 
«Жақсы сөзді тыңдасын», - деп, 
«Жамандықты қылмасын», - деп. 
«Жарғағына азан ұйып, 
Шарбағына торласын», - деп. 
 
Алла бізге Жанар берді – 
«Көзбен бәрін көрсінші», - деп, 
«Құдіретіме сенсінші», - деп. 
«Кең дүниенің кереметін 
Көріп барып өлсінші», - деп. 
«Көзбен көрмей сенбейтұғын 
Көркеуделер көнсінші», - деп. 
«Көзі тоймас ынсапсызға 
Көр топырағы толсыншы», - деп. 
 
Алла бізге Аяқ берді – 
«Жаман жерді баспасын», - деп, 
«Жақсылықтан қашпасын», - деп. 
«Денесінің салмағы да 
Аяғынан аспасын», - деп. 
«Әрбір басқан қадамдары 
Маған қарай бастасын», - деп. 
«Артына тек ақ жолы мен 
Адал соқпақ тастасын», - деп. 
 
Құдай бізге Қол да берді – 
«Ізгі амалдар істесін», - деп, 
«Теріс жолға түспесін», - деп. 
«Зәмзәм суы тұрған кезде 
Зәһар суын ішпесін», - деп. 
 
Тіл менен Жақ берді Алла – 
«Жақсылықты жар салсын», - деп, 
«Тәтті сөзге тамсансын», - деп. 
«Арайланып атқан таңды 
Ақ тілеумен қарсы алсын», - деп. 
 
Алла бізге Жүрек берді – 
«Мейіріммен нұрлансын», - деп, 
«Шұғыланы шұлғансын», - деп. 
«Истиғфарын ұмытпасын, 
Иманымен қорғансын», - деп. 
 
Алла бізге Бауыр берді – 
«Сүзгісінен өткізсін», - деп, 
«Сүмбіле-нұр төккізсін», - деп. 
«Сүйіспеншілік дәнін елге 
Себезгілеп сепкізсін», - деп. 
 
Алтын Бас та сыйлады Алла – 
«Ақыретті ойласын», - деп, 
«Құлшылықты қоймасын», - деп. 
«Алтын бастың ішін әман 
Асыл ойлар жайласын», - деп. 
«Қабір іші – қараңғы-дүр, 
Шам-шырағын сайласын», - деп. 
«Періште де тайған жолдан 
Пендем менің таймасын», - деп. 
 
Алла бізге Сана берді – 
«Аңнан болсын айырмасы, 
Ауа көшіп, жайылмасын. 
О дүниенің жауабын, - деп, - 
Осы күннен дайындасын». 
 
Ар мен Намыс берді Алла – 
«Таптамасын тасырлар», - деп, 
«Аттамасын асылдар», - деп. 
«Адам өлсе – өлер, бірақ 
Ары өлмейді ғасырлар», - деп. 
 
Алла асқақ Рух берді – 
«Әзәзілді жеңсінші», - деп, 
«Әділетке сенсінші», - деп. 
«Оның алмас қылышынан 
Ібіліс сұм өлсінші», - деп. 
 
Алла бізге Нәпсі берді – 
«Тән ләззатын татсыншы», - деп, 
«Рахатқа батсыншы», - деп. 
«Бірақ бес күн фәниді емес, 
Бақиды ойлап жатсыншы», - деп. 
 
Қанағат та берді Алла – 
«Өзін-өзі тежесін», - деп, 
«Білсін мөлшер, межесін», - деп. 
«Ынсабың бар болса егер, 
Ықыласты сезесің», - деп. 
 
Алла бізге Ауру берді – 
«Сау күніңді салмақта», - деп, 
«Аялай біл әр уақта», - деп. 
«Аманатқа берген жан мен 
Ақ тәніңді ардақта», - деп. 
«Денсаулықтың қадірін біл, 
Ауырғасын, зар қақпа», - деп. 
Емін және қоса берді, 
«Күресе біл, жан бақпа», - деп. 
 
Алла бізге Қайғы берді – 
«Тәубесіне келсінші», - деп, 
«Тәңіріне ерсінші», - деп. 
«Бар менен жоқ, аз бенен көп, 
Таразы тең болсыншы», - деп. 
 
Қуаныш та берді Құдай – 
«Серпілсін де сергісін», - деп, 
«Жанын шаттық желпісін», - деп. 
«Мырза пейіл мыңға татыр, 
Білсін анық белгісін», - деп. 
 
Алла бізге Өнер берді – 
«Жақұттарды жинасын», - деп, 
«Сұлулықты сыйласын», - деп. 
«Адамның бар мүмкіндігі 
Арнасына сыймасын», - деп. 
 
Алла бізге Білім берді – 
«Бәрін түгел ұқсыншы», - деп, 
«Түу шетіне шықсыншы», - деп. 
«Күрессе де, тірессе де, 
Білімімен жықсыншы», - деп. 
 
Алла бізге Ғұмыр берді – 
«Өлшеулі күн өткізсін», - деп, 
«Өмір гүлін еккізсін», - деп. 
«Бір-біріңді сыйлау үшін, 
Бір-біріңді қимау үшін 
Бес күн тірлік берілгенін 
Жер-дүниеге жеткізсін», - деп. 
 
Ажалды да жіберді Алла – 
«Өткіншінің мәнін білсін, 
Өмірінің дәмін білсін. 
Бір-біріңе қонақсың, - деп, - 
Сыйластықтың сәнін білсін». 
 
Алла бізге Ана берді – 
«Құрсағында жаралсын», - деп, 
«Құшағында балаңсың», - деп. 
«Жарық дүние сыйлаушы боп 
Жалғыз өзі саналсын», - деп. 
«Адамзаттың асылдары 
Ақ сүтінен нәр алсын», - деп. 
«Алпыс екі тамырынан 
Адамдық тек таралсын», - деп. 
 
Алла бізге Әке берді – 
«Құламайтын қорғаның», - деп, 
«Қурамайтын орманың», - деп. 
«Арқа сүйер асқар тауың, 
Артық көрер ардағың», - деп. 
 
Алла Тума-Туыс берді – 
«Бір кіндіктен өрсінші», - деп, 
«Бірлік күшін білсінші», - деп. 
«Бір-біріне шуақ сыйлап, 
Бірге ойнап-күлсінші», - деп. 
«Татауы жоқ тәтті тірлік, 
Тату өмір сүрсінші», - деп. 
«Сүрінгенде сүйеу болып, 
Сүйенісіп жүрсінші», - деп. 
 
Құдай бізге Қосақ берді – 
«Жалғыз едің, егіз бол», - деп, 
«Жайдақ едің, теңіз бол», - деп. 
«Жан жарыңмен қол ұстасып, 
Жапырағыңмен сегіз бол», - деп. 
«Жарты едің ғой, бүтін бол», - деп, 
«Жайылатын тұқым бол», - деп. 
«Ошағыңның оты сөнбей, 
Ордалы ел, түтін бол», - деп. 
 
Алла бізге Бала берді – 
«Ұрпақтарын жалғасын», - деп, 
«Жол ортада қалмасын», - деп. 
«Артқы күнін ойласын», - деп, 
«Алғы күнін қамдасын», - деп. 
«Ақ кемесін өрге сүйреп, 
Алға тартсын арбасын», - деп. 
«Болашаққа перзентімен 
Армандары самғасын», - деп. 
 
Құдай бізге Құран берді – 
«Ақ жолыммен жүргейсің», - деп, 
«Адал өмір сүргейсің», - деп. 
«Құлшылықтың хиуазын 
Тіршілікте білгейсің», - деп. 
 
Пайғамбар да жіберді Алла – 
«Тура жолға бастасын», - деп. 
«Шектен шығып, аспасын», - деп. 
«Жан дертіне дауа тауып, 
Жаһилдікті тастасын», - деп. 
 
Бәрін-бәрін берді Алла, 
Берді Көк пен Жерді Алла. 
Тау мен Көлді, Желді Алла, 
Ұлт пен Ұлыс, Елді Алла; 
Тіл менен Діл, Дінді Алла, 
Бәрін-бәрін берді Алла! 
Атқан Таңмен, батқан Күнмен 
Арамызға келді Алла. 
Көрмедік біз бірақ Оны, 
Ал Ол бәрін көрді Алла. 
Хақ жолына бұрылсақ біз, 
Қайтарған жоқ қолды Алла. 
 
Сол Алланың нығметін, 
Пенделерге құрметін; 
Он сегіз мың бұл ғаламды 
(Дәргейіне жүгінетін) 
Бір тарының қауызына 
Сыйдыратын құдіретін; 
Барша әлемді бас игізген 
Байтақ әмір құзыретін 
 
Біз бағалай білдік пе екен?! 
Хақ жолымен жүрдік пе екен?! 
«Өмір сүрдік» дегеніміз 
Өз мәнінде тірлік пе екен?! 
 
Оның бәрін кім біліпті?! 
Кімдер оны жыр қылыпты?! 
Жер шары да мәңгілікке 
Мекен емес тұрғылықты. 
 
Мәңгі-бақи тұрған Алла! 
Жүрегіме тұнған Алла! 
Жұмбақ Сырдың құпиясын 
Біледі оны Бір ғана Алла!!! 
 
 
Рахат ҚОСБАРМАҚ,  
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі 
2016 жыл, 1 шілде, жұма. 
Ақтау қаласы.
ислам, дін, Алла, Аллаһ, өлең, мойынсұну, итаат, Алла берді, инсан
ShynarShynar
2 жыл бұрын 1624
0 пікір
Блог туралы
0
197372 301 569 1564 248